Әдетте азаматтар қаржылық мәселесін шешу үшін банктің немесе микроқаржы ұйымының (МҚҰ) көмегіне жүгінеді. Бұл ретте көбі микроқаржы мекемесін таңдайды. Оған екі себеп бар. Бірі – көп жағдайда екінші деңгейлі банктер (ЕДБ) ірі көлемде ғана қарыз береді. Екіншісі – онсыз да банк қарызына белшеден батқан тұтынушы оған тағы баруға беттемейді. Қазір халықтың қаржы ұйымдары алдындағы қарызы «қызыл сызықтан» аттап кетті. МҚҰ мен дәстүрлі қаржы ұйымдарының уәжі бір-бірін кінәлаудан әрі аспай тұр. Қарыз болса өсіп барады.
Көлеңкелі ұйым көп
Бірінші несие бюросы таратқан мәліметте «несие карталарына деген сұраныс азайып, МҚҰ-ның «жалақыға дейін қарыз» деп аталатын қызмет түріне жүгінушілердің қатары өсіп кетті» деп айтылады. «Бұл жерде мәселе 45 күнге 50 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшеріне дейін (2023 жылы – 172,5 мың теңгеге дейін) берілетін шағын несиелер туралы айтылып отыр. Берілген сома жылына бірден 102,6%-ға – 790 млрд теңгеге дейін, беру саны 72,5% – 13 млн бірлікке дейін өсіпті. Жыл ішінде берудің медиандық сомасы 50 мың теңгені құрады» делінеді БНБ таратқан мәліметте. Сарапшылар МҚҰ тарапынан берілетін қарыздың мұндай түрінің күмәнді тұсы көп екенін айтады. Микрокредиттік ұйымдар ай сайынғы несиені табысын растамай-ақ бере береді. Қызметінің банк заңнамасына қайшы келетін тұсы да осы екен.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі таратқан мәліметтерде кейбір МҚҰ қарыз алушының қарыздық жүктеме коэффициентін сақтамаумен қатар, жылдық тиімді мөлшерлемеден асып түсетіні айтылған. Сондай-ақ шағын несиені қайта құрылымдау туралы өтінішті қарау кезінде айыппұлдардың есептелуі МҚҰ тарапынан заң бұзушылық болып саналады екен.
Қаржы сарапшысы Ерлан Ибрагимнің айтуынша, қаржы саласының табиғаты нақтылыққа басымдық береді. Қазір банктердің көбінде 30-40 күнге өте төмен пайызбен 50 немесе 100 мың теңге беретін несие картасы бар. ЕДБ мұндай картаны айлық жалақыны өздерінен алатын немесе төлем қабілеті күмән тудырмайтын клиенттерге ғана береді.
«Халықтың ЕДБ алдындағы қарызы шектен шығып кетті. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің МҚҰ-ның кейбір қызмет түрлерін реттеу немесе қайта қарау туралы ұсынысын мен қолдаймын. ЕДБ-нің несие картасы салымшылардың ақшасын пайдаланады, ал МҚҰ өз ақшасымен несие береді. Бірақ жиынтығы жалпы қарыз статистикасына кіреді», дейді сарапшы.
Қысқа мерзімге берілетін онлайн несие барысын қадағалайтын KazFinTech қауымдастығы мұнымен келіседі, бірақ жағдайдың күрделеніп кеткенін естен шығармауымыз керектігін ескертеді. Ішкі нарықта көлеңкеде жұмыс істейтін микроқаржы ұйымы өте көп. Бір айға немесе 45 күнге құжатсыз несие беру мәселесінде де басын ашып алатын мәселелер баршылық.
Ағыл-тегіл онлайн несие
Қауымдастықтың басқарма төрағасы Алексей Сидоров бізбен әңгімесінде кірісті тексеру кезінде компаниялар қарыз алушының өзі ұсынған деректерге сүйеніп, жанама әдістер арқылы бағалайтынын айтып берді. Ал табысқа қарамай несие бере беретін компаниялардың жұмысын тек заңсыздық деп бағалау жеткіліксіз. Бұл МҚҰ мен ЕДБ бірігіп шешетін күрделі мәселе.
Қазақстанда 254 микроқаржы ұйымының 50-і онлайн несие берумен айналысады. Осыған байланысты Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі былтыр МҚҰ-ның қызмет мәзірінен 45 күнге дейінгі мерзімге және 50 АЕК-ке дейінгі сомаға шағын несиелерді алып тастауды ұсынды. Бұл бастаманы нарық қатысушылары әлі талқылап жатыр. Айта кетейік, 2023 жылдың соңында 300 мыңнан астам отандасымыздың онлайн-несие бойынша қарызының мерзімі өтіп кеткен. Жалпы, қарыз шамамен 37-40 млрд теңгені құрайды.
Қарыз белді қайыстырып тұр...
Бірінші несие бюросы мен KazFinTech дерегі бойынша, 2023 жылдың қазан айының соңында онлайн-микроқаржы ұйымдарының несие портфелі шамамен 136 млрд теңге болды. Мерзімі өткен несие үлесі – 13-15%. Тұтынушылық несиелер құрылымында онлайн МҚҰ үлесі – шамамен 1,1%.
«Ел ішінде онлайн МҚҰ-ның пайыздық мөлшерлемесі жоғары деген пікір бар. Біздің өнімге GESV есептеу әдістемесі – банктік стандарттар қолданылады. 45 күннен артық мерзімге, 180 мың теңгеден артық сомаға несие бере алмаймыз», дейді Алексей Сидоров.
Сарапшы МҚҰ-ның жоғары сыйақы мөлшерлемесі туралы ескертуді көп еститінін жасырмады. Бірақ іс жүзінде мүлдем олай емес, МҚҰ пайыздық мөлшерлемесінің шекті дәлізі Ұлттық банк бақылауында тұрғандықтан, ешкім шектен асып кете алмайды дейді. Қаржы агенттігі соңғы үш жыл ішінде тұтынушылар мүддесін қорғау үшін қолданыста жүрген заңдарға 50-ден аса өзгеріс енгізген. Бұл өзгерістер онлайн несие пайызын 30-дан 20-ға дейін қысқартқан. Кешіктіргені үшін төленетін төлем 100-ден 50%-ға дейін төмендеген. Сондай-ақ төлеу мерзімі 90 күннен аспаған несиеге айыппұл төлеттіру заңмен шектелді. Қарызын төлеуді 60 күнге кешіктірген тұлғаға несие беруге тыйым салынды. Сала мамандары бұл түзетулер халықаралық талапқа сәйкес келмейтінін айтып отыр. Сарапшылардың сөзінше, әлемде онлайн несие берушілер үшін стандартты нормативтік база жоқ. Олар банктік емес несие беруші үшін қолданыстағы ережелермен, кейде банк лицензиясы негізінде реттелуі мүмкін.
А. Сидоровтың айтуынша, қазір бұл мәселе бойынша Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен келіссөз жүріп жатыр.
«2022 жылы ең үлкен проблемалық қарызды қайта құрылымдау бағдарламасы жүзеге асырылды. Мерзімі өткен қарыз алушылардың саны жарты миллионнан 140 мыңға дейін қысқарды. Біз 2,5 млрд теңгенің несиесін қайта құрылымдадық. 19 мың қарыз алушының қарызын мемлекеттік бюджеттің көмегіне жүгінбей-ақ есептен шығардық. Коллекторлық агенттіктермен және микроқаржы ұйымдарымен әлеуметтік бағытталған инкассо туралы меморандумға қол қойдық. Қиын қаржылық жағдайдағы адамдарға қайта құрылымдауды қамтамасыз етеміз. Мұның бәрі өзін өзі реттеу аясында жүргізіледі», дейді Сидоров.
2024 жылдың 1 сәуірінен бастап қарыз коэффициентін есептеуге жаңа талаптар қойылады. Бұл үшін МҚҰ төлем қабілеттілігін бағалауда клиенттің ресми кірісін тексеруі қажет.
«Ал біздің қарыз алушылардың жартысынан көбі өзін өзі жұмыспен қамтығандар, олардың табысы туралы ақпарат ала алмаймыз. Ұлттық банк биыл мұндай ақпаратты алуға мүмкіндік беретін Open API жобасын іске қосуды жоспарлап отыр. Open API іске қосылғанға дейін МҚҰ үшін корпоративті табыс салығын есептеуге қатысты жаңа талапты кейінге қалдыруды сұраймыз. Сонымен қатар нарық халықаралық тәжірибе мен МҚҰ-ның экономикалық моделінің есебін ескере отырып, тарифтерімізді біртіндеп төмендетуге дайын. Бұл жерде көрші мемлекеттер тәжірибесін есте ұстау керек. Халықаралық сарапшыларды тарта отырып, жұмыс кездесулерін өткізгеннен кейін және оның салдарын терең талдағаннан кейін тарифтерді одан әрі төмендетуге өте мұқият қарауды ұсынамыз», деп қорытындылады Алексей Сидоров.
Реттеуші орындар қимылдай ма?
Тәуелсіз экономист Айдархан Құсайыновтың айтуынша, бүгінде Қазақстан халқының проблемалық несиесінің нақты көлемі – 140 миллиард теңге.
«Онлайн несие бойынша проблемалық несие көлемі – 40 млрд теңге. Мемлекет қарызды қысқарту саясатын 40 миллиард теңге бар жерден емес, 140 миллиард теңге бар жерден бастағаны дұрыс шығар. МҚҰ үшін заңды қатаңдата беру жеткіліксіз. Заңды тіркеліп жұмыс істеп жүргендеріне емес, көлеңкеге тығылып қалғандарына назар аудару керек. Ел аузында жүрген ақылға қонымсыз несие пайызы туралы шындықты солардың қызметінен іздеген жөн», дейді Құсайынов.
«Атамекен» ҰКП өкілі Тимур Жәркенов те осы мәселеге орай өз пікірін ортаға салады.
«Бұл жерде ұзақмерзімді салдарды ескермейтін, экономика мен қоғамда жағымсыз нәтижелерге әкелетін жеңілдетілген шешімдерден гөрі шынайы және прагматикалық экономикалық бағалау қажет. Мемлекет басшысы кәсіпкерлікті қолдайтынын, оның елдің экономикалық өсуі мен әл-ауқаты үшін маңыздылығын атап өтті. Микронесие секторы бұл тезистерге қайшы келеді», дейді Тимур Жәркенов.
Finprom.kz хабарлағандай, 2023 жылдың үшінші тоқсанының қорытындысы бойынша МҚҰ несие портфелі 7%-ға өсіп, 1,2 трлн теңгеге жетті. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі онлайн микроқаржы секторын реттеуді тек 2020 жылы бастады. Осыған байланысты статистикалық көрсеткіштердің логикасы мен таңдауы өзгеріп, сандар өсті. Тәжірибеде 1,2 триллион теңге шағын несиенің 46,4 пайызы осы сектордағы ең ірі үш ұйымға ғана тиесілі болып шықты. Сарапшылардың айтуынша, МҚҰ жұмысын біржақты емес, шартты түрде үш санатқа бөліп, қарастыру керек:
Алғашқысы – ірі «дәстүрлі» МҚҰ; Екіншісі – автонесие бойынша маманданған МҚҰ; Үшіншісі – қамтамасыз етілмеген шағын кредиттерге арналған онлайн МҚҰ.БНБ мәліметі бойынша, онлайн-МҚҰ несиелеудің жалпы көлемінің небәрі 0,6%-ын құрайды, ал микроқаржы ұйымдарындағы несиенің орташа сомасы – 60-70 мың теңге. Микроқаржы ұйымдарының «ғарыштық» пайыздық мөлшерлемелерге қатысты сынына келетін болсақ, микрокредиттер бойынша артық төлемнің шекті мөлшері заңмен реттеледі. Пайызға қатысты шағымның көбі МҚҰ-ның жылдық несие бағасының жоғары болуына байланысты, бірақ іс жүзінде қарыз алушылар аздаған соманы бірнеше күн ішінде шамалы артық төлем арқылы өтейді.
«Бүгінде заңнама микронесие берудегі барлық қадамды қатаң түрде шектеп, реттеп тастаған. Айталық, 60 мың теңге көлемінде шағын несие алып, уақытында (айталық, үш аптада) қайтарса, 12 мың теңге артық төлейді. Қайтару кешіктірілсе, артық төлемнің ең жоғарғы шегі 30 мың теңге болады. Барлық өсімпұл, есептеулермен бірге ең жоғары артық төлем несие сомасының 50%-нан аспауы керек», дейді сарапшылар.
Finprom сарапшылары МҚҰ әлеуметтік тұрғыдан сезімтал болып қала беретінін айтып отыр. Олардың халықтық сипатқа ие бола алмауына төлем қабілетін дәлелдей алмайтын азаматтардың көптігі кедергі. Азаматтарымыздың қанша пайызының жұмыспен қамтылғанын БЖЗҚ салымшыларының санынан көреміз. Соңғы мәліметтер бойынша, 2,55 миллионға жуық адам ешқандай жарна аудармаған. Осынша адамды банктік скоринг несиеге бекітпегендіктен МҚҰ көмегіне тәуелді. Ал МҚҰ-лардың несие пайызы ЕДБ-ға қарағанда жоғары. Заңды түрде тіркелмей, көлеңкеде жұмыс істеп жүрген МҚҰ жайында деректер өте аз. Халықтың қарызға бату себебін МҚҰ-дан іздеп жүрген реттеуші орындардың құрығын көлеңкеде жүргендерге де бағыттайтын кез келді...
АЛМАТЫ