• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Тұлға 21 Ақпан, 2024

Мақтымқұлы мұңы

556 рет
көрсетілді

«Бір жолда – күнә, бір жолда – сауап.­ Ғарасатта сенен сұралар жауап. Адалда – зейнет, арамда – бейнет. Бұл ақиқат, ұмытпа бұны!»

Мақтымқұлы 1724 жылы Көпетдағ етегінде, Этрек өзені жағасында Хажы-Говшан обасында, яғни ауылында өмірге келген. Әкесі ауыл мектебінің ишаны Довлетмамед Азади білімді кісі болыпты. Кітапханасы араб, парсы тіліндегі кітаптарға толы екен. Мақтымқұлы әкесінің арқасында бала жас­тан сауат ашады. Араб, парсы тіліндегі кітаптарды еркін оқи береді. Баласының білімқұмарлығына көзі жеткен әкесі оның ел аралап, жер көріп, жоғары білім алғанын қалайды. Мақтымқұлы алдымен Бұхар аймағындағы Ыдырыс – Баба медресесінде оқиды. Содан кейін жас шайыр Нури-Қасым есімді досымен бірге Өзбекстан, Қазақстан, Тәжікстан, Ауғанстан және солтүстік Үндістан жерлерін аралайды.1754 жылы Бұхардағы әйгілі Көгілташ медресесіне түседі. Онда бір жыл оқып, 1457 жылы Хорезм астанасы Хиуадағы Шерғазы хан медресесіне ауысады. Бұл білім ұясында 3 жыл оқиды. Оқуымен бірге жазуын да қатар алып жүреді. Біз шайырдың түрікмен тілінде 1977 жылы Ашғабатта шыққан 660 беттік үлкен бір томдығын парақтап отырмыз. Сонау XVIII ғасырда өмір сүрген ақын әлеміне ғана емес, осы ұлы ақынды тарих сахнасына алып шыққан сол кездегі түрікмен қоғамының да қыр-сырына үңіліп отырмыз. Бірден көзге түсетіні – Мақтымқұлы Пырағы, ең алдымен, сұңғыла лирик ақын. Қай өлеңіне көз салсаңыз да елім, жерім деп егілген жүректің мұңын естисіз. Аузынан Алласы түспеген таңғы шықтай мөлдір тұлғаның терең жан толғанысын сезесіз. Құранға сілтемелері көп. Мұхаммед саллалаху ғалаиссаламнан бастап пай­ғамбарлар есімдері, Қожа Ахмет Ясауи, Бахауатдин Накшбанди пірлердің есімдері айтылып отырады. Өнердегі ұстаздары айтылып отырады. Фердоуси, Руми, Омар Хаям, Хафиз, Науаи, Сағди, Жамилер. Ал «Көрұғлы», «Шахнама» «Ләйлі-Мәжнүн», «Жүсіп-Зылиха», «Фархад-Шырын» тәрізді дастандар жан серігі болыпты. Бұлардың қатарына «Қиссас-ул әнбия» нақлиятын да қосыңыз. Мақ­тым­­құлының бір ерекшелігі сол, ол шығармаларында бірде-бір орыс немесе Еуропа хакімдерінің аты аталмайды. Бұдан біз оның таза шығыс шайыры болғанын көреміз.

Біз 5-кластан бастап Әмудария бойындағы Түрікменстанның Керкі қаласында оқыдық. Мақтымқұлы поэзия­сымен алғашқы таныстығымыз да сол жылдары басталды. Сол кезден ақын әлеміне кіріспе іспетті «Турғул дийдилер» өлеңінің алғашқы жолдары есімізде қалыпты.

«Бир гиже ятырдым түнүң ярында,

Бир төрт атлы гелип:

«Тургул!» дийдидер.

 

Бір кеште жатыр ем түн жарымында,

Бір төрт атты келіп:

«Тұр, кәне!» деді».­

Осы өлеңінде ақын бозбала шағында көрген түсін баяндайды. Түсінде төрт атты кісі келіп бұны тұрғызып алып әлдеқайда әкетеді. Алдынан алпыс атты кісі шығады. Бұны оятып алып шыққан төрт шейхтің бірі Алла елшісінен: «Мына, балаңыз сізден бата тілейді!» деп сұрайды. «Пайғамбар қол жайып батасын береді. Сол-ақ екен көз алдымда ғарыш әлемі ашылды» деп жазады ақын. «Ғарышты көріп, естен тандым» дейді. «Есімді жисам, үйімде жатыр екенмін», дейді.

Түрікмен ойшылы туралы мақала­мыз­ды біз «Мақтымқұлы мұңы» деп атадық. Оған себеп, ақын өзінің бүркеншік атын «Пырағы» деген. Бұл бүркеншік аттың қазақшасын шамамен «Кісікиік» деп аудардық. Өйткені ақын өмірдегі ең асыл жақындарынан ерте айырылып, қасірет кебін ерте киіп, ғаріптік күй кешкен. Алдымен, жалған дүниедегі жалғыз сүйгені Меңлі қыз атты ғашығынан айыры­лады. Содан кейін үйленіп, өмірге келген екі ұлынан тағы айырылады. Қызылбастармен соғыста бауыры Абдылладан да айырылады. Бір басына түскен осынау таудай тауқыметтерден кейін жас ақын өмірден безіп кете жаздайды. Жанын қоярға жер таппайды. Мұңын ақ қағазға төгеді. Содан жұбаныш табады.

«Эй, яранлар, йыгламаян нейлейин?

Ышқ мени яндырып, яқып барадыр.

Ей, жарандар, жыламағанда қайтейін?

Ышық оты жандырып, жағып бара-дүр.

Дағдан ашып гызылбасың ордасы,

Гөзел илим вейран қылды, нейләйин?

Таудан асып қызылбастың ордасы,

Гөзел елімді ойрандады, қайтейін?

Ят иллерде мысапырлық чекенден,

Урса, сөксе, хорласа да ил ягшы.

Жат елдерде мүсәпірлік еткеннен,

Ұрса, сөксе, қорласа да ел жақсы».

Көрші отырған екі ел Иран, Тұран есте жоқ ескі замандардан бері XIX ғасырға дейін өзара небір жаугершілікті бастан кешкен. Сөйтіп, Иран, Тұран тарихының талай жылдары қанмен жазылған. Сол жаралы тарих парсыда «Шахнама», түрікменде «Көрұғлы» дастандарын тудырған. Мақтымқұлы көрген XVIII ғасыр ойраны да сол жаралы тарихтың бір тарауы. Мақтымқұлы өмірге келген Көпетдағдың Этрек аңғары бүгінде Иран жерінде. Өзінің туған ауы­лын­да жерленген ақын сүйегі де Иран же­рінде. Іргесінен дүбір кетпеген елде туған ақын ерлік пен ездікті, мәрттік пен нәмәрттікті жырламауы мүмкін емес-ті. Түрікмен жігіттерін қайсарлыққа қайрамауы мүмкін емес-ті. Пырағы сөйтті. Түрікмен жігіттерін ел мен жер үшін жан беріп, жан алуға шақырды. Түрікмендер шайыр жырларын Құрандай жаттап, тұмардай сақтады. Сондықтан да, түрікмендер атажұртына ат ойнатып келген қандай да болсын басқыншыға табанды тойтарыс бере білді. Қасық қаны қалғанша қарсыласты. Жауынгерлік түрікмендердің ұлттық болмысына айналды. Тіпті жау күші өздерінен басым болса да бас июді білмеді түрікмен. Олардың сұрапыл жауынгерлік рухын 1881 жылғы Гөкдепе қырғыны кезінде орыс отаршылдары көзбен көрді. Генерал Скобелевтің зеңбірек, артиллерия, бесатарлармен мұздай қаруланған 6 мың қолына Гөкдепе қаласының зеңбірексіз, снарядсыз, бесатарсыз, тек қылыш, найзамен қаруланған 25 мың халқы қайтпай қарсы тұрды. Тіптен әйел, қыз балаларға дейін майдан шебіне шықты. Бораған оқтың астында жүрді. Қорқуды білмеді. 23 күн бойы шегінбеді. Отаршылдар да қарусыз жаужүрек халықты аямады, шыбындай қырды. Гөкдепе халқының жартысы жер жастанды. Гөкдепе қырғыны, содан түрікмен тарихына қара әріппен жазылды. Гөкдепе елдік пен ерліктің мәңгілік дастаны болып қалды. Гөкдепе Ашғабадтан 45 шақырым жерде. Ұлт азаттығы үшін құрбан болған гөкдепеліктерге түрікмен халқы әлі күнге үзбей тағ­зым етеді. Түрікменстанның бүгінгі президенті Сердар Бердімұхамедовтің әкесі Құрбанқұлы Бердімұхамедов осы Гөкдепеде туған.

Сөйтіп, 1881 жылы Гөкдепе құлады. Орта Азияның орыс отаршылдығына қарсы күресі де Гөкдепемен бірге құлады. Яғни түрікмендердің тізе бүгуімен Орта Азияның ұлт-азаттық күресіне нүкте қойылды. Бірақ отаршылдарға сырттай тізе бүккенімен, түрікмендер іштей Мақтымқұлы аманатына адал болды. Ақын аманатын Құрандай жаттап, тұмардай сақтады. Өткен ғасыр басында большевиктік басқыншылық басталғанда түрікмендер тағы да дүрк көтеріліп, атқа қонды. Өзге Орта Азия елдері большевиктік билікті 1920 жылға дейін мойындап үлгерсе, Джунаид хан бастаған түрікмендер бас имей коммунистерге қарсы 1931 жылға дейін соғысты. Қазақ-түрікмен «басмашылары» Қарақұмда бас қосып, большевиктермен Шағыл құдығы басында майдандасты. Ұшақпен аспаннан бомба құйып, 1931 жылдың жазында, Қарақұмның Шағыл құдығы басында мыңдаған үй түрікмен-қазақ көтерілісшілерін большевиктер қара шыбындай қырды. Аяусыз жаншыды. Қарақұм қырғыны, сөйтіп, Орта Азиядағы «басмашылар» қозғалысына біржолата қанды нүкте қойды. Түрікмен жолбарысы Джунаид хан, алайда кеңес­терге берілмей ізіне ерген сарбаздарымен Иран ауып кетті.Түрікмен сарбаздары Ирандағы Пырағы қабіріне зиярат етті, «Аманатыңа адалмыз, ата!» деп. Бүгінде 1 миллиондай түрікмен Иранда тұрады. Түрікмендер жүрегінде елім, жерім деп еңіреп өткен ақынның рухы ешқашан өлген жоқ. Әрбір түрікменнің жадында сайрап тұр. Өйткені Пырағы жырларында түрікменнің жалын атқан жаны бар. Ыстық көз жасы бар. Мөлдіреген мұңы бар. Теңіздей терең даналығы, асқақ тау­дай рухы бар. Опасыз мына жалғаннан опа таппай өткен ойшылдың жанып өткен жаны бар.

«Мағтымғұлы ғарыпларың гөзяшы

Даглары яндырар, эридер дашы.

Пақыра жебр эден залымың иши

Розы магшар диванында беллидир.

 

Мақтымқұлы, ғарыптардың көз жасы,

Тасты ерітер, тауларды жағар.

Пақырға жәбір еткен залымның ісі,

Таңда Мақшарда сыбағасын алар».

Байқасаңыздар, ақын ылғи халық жағында. Әділет жағында. Зәбір көр­гендер жағында. Халыққа зәбір көрсет­кендер, мына дүниеде болмаса ана дүние­де Алла алдында жауабын берер деп бебеу қағады.

Елінің ертеңін ойлап, бүгінінен шошиды.

«Гунәлер көп болуп эгсилди согап,

Горқарам бу жахан тиз болар харап.

Кесп эдип сатарлар арақ хем шарап,

Билменем, яқынмы ахырзамана?

 

Күнә біткен көбейіп сарқылды сауап,

Бұ дүние тез болатындай харап.

Кәсіп болды сату арақ пен шарап.

Ақырзаман жақындады ма, білме­дім?»­

Осы тұста Абай еске түседі. Халқын ойлап күңіренуде Абай хәкім алдына жан салмайтын шығар деуші едік. Қазақ ақынынан бір ғасыр бұрын өмір сүрген түрікмен ақынының да жарылған мұздай күңіренуі ешкімнен кем түспейді екен. Бұған себеп, бұл екі кемеңгердің екеуі де халық кемшілігін жасырмай айтып, зар қақсауында екен. Расында да, кемшіліктен құтылудың жалғыз жолы – оны ашық айту, әшкерелеу. Қанын сорғалатып, өлтіре сынау. Сонда ғана адам байғұс сол кемшілігін көруі мүмкін. Сонда ғана адам байғұс сол кемшіліктерден арылуы мүмкін.

Ал Мақтымқұлы мақтанайын десе, мақтанарлық қасиет аз емес еді түрік­мен­дерде! Мысалы, ақалтеке арғы­мақ­тары! Ондай сұлу жаратылған жылқы тұқымын біз бұл өмірде көре алмадық. Оны көруге көз керек! Немесе түрікмен қыздары! Мақтымқұлыға арман болған Меңлі қыз дерлік. Ашғабадқа барсаңыз, өз ұлттық киімімен қызыл-жасыл құлпырып көшенің сәнін келтіріп жүрген бүгінгі Меңлі қыздарды көресіз!

Бала кезімізде түрікмендердің арасында өстік. Біз түрікмендерді бірсөзділігі үшін, берген сертте тұра білетін мәрттігі үшін жақсы көрдік. Сөзінде тұрмаған кісіден түрікмен теріс айналады. Сондықтан да, түрікмендер достыққа адал. Біз 1961 жылы Қазақстанға көшкенде біздің шалдардың түрікмен достары жылап қалды. Біздің ауыл көшіп келіп, Алматы облысына қоныстанғанда, біздің шалдардың түрікмен достары сонау жер түбіндегі Керкіден іздеп келді. Біздің ауылда қонақ болып аунап-қунап қайтты. Жасымыз 76-ға келсе де біз Керкіде қалған түрікмен достарымызды сағынамыз. Әсіресе балалық ізіміз қалған Ауған шекарасындағы жерлерді, жолдарды, қырларды сағынамыз. Өміріміз жетсе сол жерлерді тағы бір көргіміз келеді. Түрікмен халқында мақал бар. «Әке-шешесінен айырылған жыл жылар. Ал туған жерінен айырылған өмір бойы жылар» деген. Рас. Ұлы шайыр Мақтымқұлы елі мен жерін қалай сүйсе, бақытты балалық шағымыз өткен ел мен жерді де біз солай сүйдік. Айта кететін бір жайт, биыл Түрікменстанда 300 жылдығы аталып өтілетін Мақтымқұлы Пырағы жырларын аударып, кезінде кітап етіп шығарған қазақ ақыны марқұм Дүйсенбек Қанатбаев еді. Біз сияқты ол да Түрікменстанда туған. Туған жеріне деген ыстық махаббатын Мақтымқұлы жырларын аударумен білдірген. Мақ­тымқұлы жырлары қазақ арасында Дүйсенбек Қанатбаев аудармасымен тара­ды. Соның бір мысалы мына өлең:

«Биік таулар, биікпін деп шіренбе,

 Сен де құлап, жермен-жексен боларсың.

 Терең мұхит, тереңмін деп түнерме,

 Сен де бір күн суалып шөл боларсың.

 Лұқпандай тапсаң дерттің дауасын,

 Рүстемдей жыртсаң  жаудың жаға­сын,­

 Ескендірдей алсаң дүние қаласын,

 Сонда-дағы жер қойнына барарсың».

 

Смағұл ЕЛУБАЙ,

Қазақстанның халық жазушысы