Татарстан астанасына барған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен басқа елдердің президенттері «Болашақтың ойындары» халықаралық мультиспорт турнирінің негізгі шаралары өтетін «Қазан Экспо» кешенін аралап көрді, деп хабарлайды Egemen.kz Ақордаға сілтеме жасап.
Экскурсия барысында қонақтарға Dota 2 конгресс-залы, арт-нысандар, «фиджитал-зертхана» көрсетілді, сондай-ақ дене шынықтыру мен киберспортты (physical+digital) біріктіретін инновациялық «фиджитал-қозғалыстың» ерекшеліктері таныстырылды.
Алаңдардың бірінде Қазақстан Президенті «Футбол достыққа жол ашады» бағдарламасына қатысатын жас спортшылармен әңгімелесті. Халықаралық команданың құрамында «Астана» футбол клубында жаттығатын 10 жастағы Жан Әли Ермағамбетов те бар.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда балалар спортына мемлекет тарапынан тұрақты қолдау көрсетілетінін атап өтті.