Облыстық жастар ресурстық орталығы жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырып отыратын «Қар десанты» акциясының жалғызілікті қарттар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға көмегі мол. Қайырымдылық акциясы аясында ерікті жастар кейінгі бір жарым айдың ішінде 500-ге тарта ауланың қарын тазартып шыққан.
Бұл жолы қала тұрғыны Айжан Қаскенованың үйіне барған ерікті жастар жалғызбасты жанның ауласын басып қалған күртік қарды бір демде-ақ күреп, есігінің алдын айнадай ғып жалтыратып берді. Айжан Қаскенова жер үйде тұрады. Осыдан он жыл бұрын инсульт алып, арбаға таңылып отыр. «Бұрын туған бауырым көмектесетін. Қазір ол да науқастанып қалды. Өзімнің қар аршымақ түгілі, есік алдына шығуым мұң. Волонтерлер үйге бірінші рет келіп отыр. Телефон соғып, өздері хабарласқан соң, қарсылық танытпадым. Кілең жанып тұрған жас балалар. Бәрі ғұмырлы, бақытты болсын. Алғыстан басқа айтарым жоқ», дейді мүмкіндігі шектеулі жан.
Жастар ресурстық орталығының жетекшісі Абай Дүйсековтің айтуынша, волонтерлер бір күннің ішінде он шақты үйдің ауласын тазартып шыққан.
«Бұл игі істі жыл сайын өткізіп тұрамыз. Акция қаңтар айында басталып, кей жылдары наурыздың аяғына дейін созылып кетеді. Қалада тұратын зейнеткерлер мен мүмкіндігі шектеулі жандардың мекенжайына хабарласып, хал-жағдайларын сұрап, қандай қол көмек керек екенін сұрап отырамыз. Ол кісілер де бізді біліп алған. Кейде өздері хабарласып жатады. Өйткені өз күштерімен қар арши алмайды. Ал жап-жас жігіттерге ол қиын жұмыс емес, жабылып жүріп әп-сәтте-ақ күреп тастаймыз. Өзіміздің күрек-сүймен, сыпырғы, шаналарымыз бар», дейді орталық жетекшісі.
Қостанайдың сақылдаған сары аязына қарамастан күрек ұстап, қар күреп, қарттарға көмек көрсетіп жүрген жігіттердің ішінде қаракөз қыздарымыз да бар. Солардың бірі – жоғары оқу орнының студенті Гүлайым Нәби. Кеше ғана ауылдан келген бойжеткен қасындағы бозбалалардан қалыспайды. Өзінен үлкен күрекке жармасып алып жағаласып қар күреп жүр. Айтуынша, волонтер жастардың қатарына қосылғанына бір жылдай болған.
«Өзім ауылда қар аршып жүріп өстім. Бір жылдан бері орталық ұйымдастырған іс-шараларға қалмай қатысып жүрмін. Осы жолы қарт кісілерге жәрдемдесуге келдік. Ерікті болған өзіме ұнайды. Елдің батасын алып, ықыласына бөленген адам жаман болмайды. Ата-анам қолыңнан келіп жатса, адамға жәрдемдес, қайырымды, сауапты істен қашпа дегенді жадымызға құйып отыратын», дейді Гүлайым.
Қостанай облысы