Кейде орынды-орынсыз жерде көлік тоқтатып, құжат көрсетуді сұраған полиция қызметкерлеріне реніш білдіріп жатамыз. Бірақ мұндай тосын тоқтатулардың көбіне-көп қоғам қауіпсіздігі үшін жасалатынын да біліп жүру керек. Өткен сенбіде дәл осындай жағдай болды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Қостанай мен Тобыл қаласын жалғап жатқан көпір жол күтпеген жерден жабылып, тәртіп сақшылары қалаға кіріп-шығып жатқан автокөліктерді тоқтатып тастап, жаппай тексере бастаған.
Көп кешікпей Тобыл қаласында қылмыс жасаған күдіктінің іздестіріліп жатқанынын хабарлаған ПД баспасөз орталығы тұрғындардан жол үстіндегі жедел-іздестіру шараларына сабыр танытып, түсіністікпен қарауды және тек ресми ақпаратқа ғана сенуді сұраған.
Көп ұзамай қарулы қарақшылық жасаған ер адам ұсталды. Күдікті қазір қамауда отыр деген хабар алдық. Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, күдікті 24 ақпанда тапа-тал түсте Тобыл қаласындағы металл қабылдау пункттерінің бірін тонап кеткен. Жұмыс басында отырған адамдарды қарумен қорқытып, кассада жатқан 792 мың теңгені алып із суытқан.
Жұрттың аз уақыт әбігерге түсуінің себебі – осы: полиция арнайы ұйымдастырылған жедел іздестіру шаралары аясында автокөліктерді де жаппай тексерген. Бұлай етпесе, тағы болмайды, күдікті ары-бері ағылып жатқан көліктің кез келген біреуіне мініп кетуі мүмкін.
«Біз күдіктіні Рудный қаласында ұстадық. Тапанша, ақша, балаклаваға, яғни бетбүркемесі бар баскиімге ұқсас затты тәркіледік. Қазір қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Тәркіленіп алынған қаруға арнайы сараптама тағайындалды», деді ПД Криминалдық полиция басқармасының бастығы Юрий Полюхов.
Күдіктінің мүлкі тәркіленіп, 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Полиция департаменті сенбі күні туындаған жол қолайсыздығына түсіністікпен қараған тұрғындарға алғыс білдіреді.