Қазақтың талантты әншісі Рамазан Стамғазиев орындайтын «Дариға, дәурен» әнінің сөзін жазған ақын Несіпбек Айтұлының: «Мен – әнге сөз жазуға қорқа-қорқа келген адаммын. Себебі әннің сөзі өте кірпияз. Бір мысқал артық не кем кетуге болмайды. Оған нысананы көздегендей дәлдік керек. Демек, шебердің шебері ғана баратын іс», дегені бар еді. Абай атамыз айтқандай, «Әннің де естісі бар, есері бар». Өкініштісі, қазір ессіз, мәнсіз, мағынасыз ән көбейді. Ой салатын, жүрекке жететін, сөзі мен сазы қабысып, әдемі үйлесім тапқан ән тыңдау арманға айналып барады...
Жақында әлеуметтік желідегілердің «жүрегін елжіреткен» бейнебаян тарады. Видеода Алматы қаласындағы М.Мақатаев атындағы №140 мектеп-гимназияның оқушыларынан құралған хор «Ана» әнін әуелете орындап тұр. Бәрі әдемі әрі жарасымды – аппақ болып киінген ұл-қыздардың орындау шеберлігі, жеке дауыстағы жеткіншектің табиғи таза даусы, әннің шарықтау шегінде қып-қызыл жүректе жазылатын «Ана» сөзі. Тек әуезді, әсерлі айтылған әннің сөздері құлаққа біртүрлі оғаш естілді. Тыңдап, жоқ, оқып көріңізші...
«Сапарда жүрген кезде мені алаңдап күттің Ана
Әрдайым уақыт бөліп, шабыт беріп, көңіліме қарадың.
Иә мама, әр сөзің алтыннан бағалы, бар мәні,
Біз үшін жаныңды арнадың бәріне.
Ана, Ана деген ғана,
Маңдайымнан сипаған,
«Жылы киіп жүр, балаң».
Ұйқас қуған дейін десек, тым қарабайыр сөздердің тізбегінен үйлесім де таба алмайсың. Ана туралы асыл ойды мағыналы сөзге айналдырған дейін десек, естір құлаққа есті, мәнді сөзді де жолықтыра алмайсың. Жай ғана «жаныңды арнадың», «жылы киініп жүр» деген қарадүрсін сөздердің жиынтығын әдемі сазға салып қойған секілді.
«Самарқанда бір әпкем бар, бұдан да өткен сорақы» демекші, қазіргі жастар жатқа айтып жүрген тағы бір ән бар. Ол – «Ирина Кайратовна» деген топ орындайтын «Чина». Не сиқыры бар екенін кім білсін, осы «туынды» «жүрегін арбағандар» да бар көрінеді. «Жүректі арбаған» сөзінің сиқы мынау:
«Енді, иісіне сай – оның астына тай керек,
Исіне сай, астына тай
Уайымдамаймын, аузыма май».
Ән деуге аузың бармайтын қойыртпақтың қайырмасы «Сендер қанағаттандырылмағандықтарыңыздан» деген екі ауыз сөзді қырық қайталаумен «құлақ құрышын қандырады». Өйткені ұйқас қабыстыру, ойлы әнге есті сөз жазу қазіргі «тренд авторлар» үшін басты талап емес. YouTube-те жүктелген «Чинаның» кейінгі 8 айда 118 миллионға жуық қаралым жинағанына қарап-ақ осындай деңгейдегі әндердің дәурені жүріп тұрғанын бағамдай беріңіз. Көңілге «демеу» болғаны – топтың осы «шедевріне» қатысты «жылы лебіз» білдіргендердің бірі: «Тек ИҚ бір ән арқылы қазақ тіліндегі ең күрделі сөзді үйренуге мәжбүр етті. Бұл сөзді тек қазақтар емес, қазір шетелдіктер де жақсы біледі» депті.
Қазір отандық телевидение мен радиода жиі берілетін топ 10 ән болса, соның 8-нің сөзін түсініп болмайсың. Өздері сөзін жазып, дені өздері орындайтын хиттардың мәтіні мәнсіз, тіпті боқауыз, бейпіл сөздерде де үлкен сахнада ән болып шырқалып жүр. Сондықтан қазіргі әндерден мән іздеп әуре болмай-ақ қойыңыз. Себебі «Өзіңді ойлай берем айға қарап, Жанарыңды айдан құрап» деп жырлайтын Sadraddin, «Сені жылытатын, сені жылататын да, Енді сұмырай жоқ» деп мұрнының астынан міңгірлейтін «Zineken, Aidhn & Quttay» сияқты топ пен «Күндіз-түні ресторан, Айға сені апарам, Ойнап жатыр гитарам» деп шырқайтын Adil секілді хитмейкер, рэперлердің әндері былапыт, жаргон сөздер мен сленгтердің жеңіл-желпі сазға құрылған жиынтығы ғана. Бірақ қазіргі жастар осындай әндерге әуес. Қазіргі жас тренд ретінде айтып жүрген сөздердің дені осындай ессіз әндер арқылы қалыптасқаны да шындық.
Осыдан үш жыл бұрын Қайрат Нұртас: «Шапалақты ұрып қаспенен, Атқандай болдың мені таспенен. Көріп сенің сұлу көздеріңді, Кетіп қалды мына бас деген», деп «маскүнем» болып әндеткенде қазақ әнінен осыншалықты мән кеткен бе деп күйінген едік. Шыны керек, жоғарыда атын атаған әншісымақтардың хиттарын тыңдағаннан кейін Қайрат Нұртаспен жылап көрісетіндей күйдеміз қазір.