Ақтөбе қаласының №2 соты облыстық Төтенше жағдайлар департаменті жедел кезекшісінің көмекшісіне қатысты үкім шығарды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Сотталушы Қылмыстық Кодекстің 271-бабы 1-бөлігі бойынша функционалдық қызметіне салғырттық танытқаны үшін айыпталған еді. Өткен жылдың 29 наурызы күні Ақтөбе қаласы Тұрғын үй қалашығында түнде пәтерге қылмыскер кіріп, ұйықтап жатқан 35 жастағы әйел мен оның 16 жастағы ұлын өлтіріп, 13 жастағы қызға пышақ жарақатын салады да, балконнан шығып кетеді. Жараланған қыз бар күшін жиып, «112» қызметіне шұғыл көмек көрсетуді сұрап қоңырау шалған. Сол күнгі кезекші И.-дің хабарламасына ден қоймай, біреулер ойнап тұр деп қабылдайды. Ауыр жаралы И. бірнеше рет телефон соққанымен, еш нәтиже болмаған. Тек 50 минут өткенде, И-дің көмек сұраған үшінші қоңырауынан кейін жәбірленушінің хабарламасы жедел жәрдем қызметіне жіберіледі.
Айыпталушы Б. сот кезінде кінәсін толық мойындамады және алғашқы қоңырауды балалардың ойыны деп санағанын айтты. Оның айтуынша, көмек сұраған бала алғашқы рет қоңырау соққанда үзіліп кеткен. Кезекші өзі И-ға қайта қоңырау шалғанда, телефоны жауап бермейді. Үшінші қоңыраудан кейін И.-дан болған жағдайды анықтап, оның хабарламасын жедел медициналық көмекке жіберді.
Судья жәбірленушінің пайдасына 1 миллион тенге моральдық зиян өндіруді және қызметіне салғырттық танытқан ТЖД кезекшісіне алты айға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.