Түркістанда дзюдо күресінен жасөспірім ұлдар мен қыздар арасында Қазақстан чемпионаты өтті. Ел біріншілігіне Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен 17 облыстан 820 жас татами шебері қатысып, 8 салмақ дәрежесінде күш сынасты.
Түркістан топырағында алғаш рет өткізілген ел біріншілігі жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Жарыстың салтанатты ашылу рәсімінде Түркістан облысы әкімдігінің аппарат басшысы Еркеғали Әлімқұлов қатысушы спортшыларды құттықтап, сәттілік тіледі. Күрес бәсекесіне жан-жақты қолдау көрсеткен облыстық дзюдо федерациясының президенті Хамитдин Жарқынбеков ел біріншілігінің өңірде өтуі жастардың спортта шыңдалуына көп септігін тигізетінін айтты. Ал еліміздің дзюдо күресінен жасөспірімдер арасындағы аға жаттықтырушысы Мейірлан Баймаханбетов жарысқа қатысушы спортшылар жоғары дайындықпен келіп, татами төрінде тартысты белдесулер өтетініне сенім білдірді.
Әрине, түркістандық жанкүйердің бүйрегі өз өңірінің балуанына бұйыратыны мәлім. Бұл орайда жарыстың алғашқы күнінде қыздар арасында 48 килоға дейінгі салмақ дәрежесінде бақ сынаған сарыағаштық Сымбат Тағай мен ұлдар арасында 55 килоға дейінгі салмақта белдескен Ернұр Батырғали алтын медальдің иесі атанып, жергілікті жанкүйерді қуантты. Жалпы, «Olympic Center» спорт кешенінде өткен жарыста бозкілемге шыққан әрбір спортшының жеңіске жетуді көздегеніне жанкүйер атаулы куә болды.
Сонымен, жекелей жарыстар нәтижесі бойынша Түркістан облысының командасы 3 алтын, 1 күміс және 1 қола жүлдемен жалпы медаль кестесінде көш бастады. Ал Жетісу облысы 2 алтын, 2 күміс және 4 қола жүлдемен екінші орынға тұрақтаса, Қызылорда облысы 2 алтын, 1 күміс және 3 қола жүлдемен үздік үштікті түйіндеді. Нақтырақ айтсақ, қыздар арасында 40 кило салмақта Севинч Абдукадырова (Шымкент), Әсел Русланова (Атырау облысы, 44 кг), Сымбат Тағай (Түркістан облысы, 48 кг), Фатима Супуғалиева (БҚО, 52 кг), Нұрай Жеңіс (Жетісу облысы, 57 кг), Көркем Орынбек (Алматы, 63 кг), Томирис Ерғали (Қарағанды облысы, 70 кг), Нұршат Кемелханқызы (Жетісу облысы, +70 кг) алтыннан алқа тақса, ұлдар арасында Мағжан Жолдасбек (Қызылорда облысы, 50 кг), Ернұр Батырғали (Түркістан облысы, 55 кг), Бақдәулет Қабдешов (Алматы, 60 кг), Ислам Абай (Түркістан облысы, 66 кг), Шамсидин Апак (Алматы облысы, 73 кг), Расул Мухум (Жамбыл облысы, 81 кг), Санжар Ерұланұлы (Қарағанды облысы, 90 кг), Дінмұхаммед Нысанбай (Қызылорда облысы, +90 кг) ел чемпионы атанды.
Түркістанда өткен чемпионат нәтижесі бойынша 2024 жылғы спорт маусымында Азия және әлем чемпионаты сынды бәсекелерде ел намысын қорғайтын дзюдодан жасөспірімдер құрама командасы жасақталады.
ТҮРКІСТАН