Сенаттың Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің депутаттары кеңейтілген отырыста «2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заңды талқылады.
Заң Еуразиялық экономикалық комиссияның Техникалық реттеу, санитарлық шаралар, тұтынушылардың құқықтарын қорғау және Еуразиялық экономикалық комиссия туралы ережеге өзгерістер енгізу мәселелері жөніндегі қолданыстағы ережелердегі олқылықтарды жоюға бағытталған. Құжат бойынша мүше мемлекет карантиндік объектілердің бірыңғай тізбесіне енгізілмеген зиянды тетіктерге қатысты шұғыл фитосанитариялық шараларды енгізе алады. Бұл ретте мүше мемлекет бұл туралы комиссияны, ЕАЭО-ның басқа мемлекеттерін хабардар етіп, шараны кедендік аумаққа енгізу туралы ұсыныс береді.
Хаттамаға сәйкес комиссия мүше мемлекеттермен бірлесіп, тұтынушылардың құқықтарын қорғау бағдарламасын әзірлейді және оның іске асуына қатысты мониторингті жүзеге асырады. Сондай-ақ мемлекеттік сатып алуға қатысуға оңайлатылған түрде қол жеткізу үшін ұлттық электрондық цифрлық қолтаңбаларды өзара тану қағидалары бекітіледі. Оған қоса тауарларды әкелу және әкету кезінде рұқсат алу үдерісін оңайлату көзделіп отыр.
Сенаторлардың айтуынша, хаттаманы ратификациялау Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы интеграциялық үдерістерді одан әрі нығайтуға ықпал етеді. Комитет мүшелері талқылау нәтижесінде заңды Палата отырысында қарау туралы шешім қабылдады.