Көктемде Ақтөбе облысындағы 15 елді мекенді су басу қаупі төніп тұр. Жақын күндері күн жылынып, жердің тоңы жібімей жатып қар бірден ерісе, өзендер арнасынан асып, төңіректегі тұрғын үй алаптарын су басуы әбден мүмкін. Қазір қыстың аязды күндерінің сақталуына қарамастан, наурыздың алғашқы күндері ауа температурасы жоғарылап, айдың ортасына қарай нөсер жаңбыр жауады деген болжам бар. Облыстық ТЖД су басу қаупі жоғары тұрғын үй алаптарында тұратын 15 337 адамды эвакуациялауға арналған 87 уақытша орналастыру орны, 30 шатыр мен 600 төсектік орын жабдығы әзірленгенін хабарлады.
Осы кезде қала іргесіндегі Елек, Жіңішке өзендерінің жағалауы биіктетіліп, көшелердегі жауын-шашын сулары жиналатын арықтардың іші қар мен мұздан тазартылып, қорғаныс бөгеттері қалпына келтіріліп жатыр. Әйтеке би, Қобда, Ойыл аудандарындағы Тереңсай, Талдысай, Көсем, Қазан-2, Екпетал бөгеттері, Саралжын, Қуырдақты, Қараой мен Қайыңды ауылындағы көпірлер жөнделді.
Ақтөбе облыстық ТЖД мәліметіне қарағанда, күн жылынған мезгілден бастап су тасқыны қаупі бар өзендердің 16 шақырымында бірқатар жұмыс іске асырылады. Соның ішінде елді мекендерге жақын өзен жағалауларын топырақ үйінділерімен бекітіп, бес гидротехникалық құрылыс жөнделмекші. Осы жылы автокөлік жолдарында екі көпір салынып, алты көпірге күрделі жөндеу жүргізіледі.
«Облыс аумағында су тасқынына қарсы тиісті жұмыстардың жүргізілгеніне қарамастан, бірқатар ауданда еріген қар суының автокөлік жолдарын бұзып кетуі, жол үстімен ағуы жылда қайталанады. Мәселен, Байғанин ауданындағы «Қарауылкелді – Алтай батыр – Миялы», «Қарауылкелді – Ебейті», Ойыл ауданында «Амангелді – Көптоғай», «Шалқар ауданында Шалқар – Шетырғыз» автокөлік жолдарын еріген қар суы шайып кеткен. Жол бойындағы су өткізгіш құрылғылар дұрыс бекітілмегендіктен, қарғын су екпіні оны бұзып кетеді. Су тасқынының алдын алу үшін көшелердегі қар шығару жұмысын күшейту керек», дейді облыстық ТЖД бастығының орынбасары Айбат Жаңабергенов.
Қала төңірегіндегі Құршысай, Садовый, Есет батыр алабы, Сая, Мағаджан, Ақшат елді мекендерін жылда су басады. Өйткені еріген қар суларының табиғи арнасына үйлер тұрғызылған. Мәселен, жылда далалықтан ағып келетін қар суы Құршысай ауылының шетіне жиналады да, сол жердегі жаңа салынған үйлерге кіреді. Былтыр күзде осы жердегі жиналған қар суын Жіңішке өзенімен қосатын арық қазылды. Сая мен Мағаджан елді мекендерінің тұсында да Елек өзеніне қарай су бұру арнасы қосылды.
Алайда көктемде арнасынан асып жайылып, ағыл-тегіл болып жататын судың шілде-тамыздағы аптапта шаруашылыққа қажет екені еске түсіп, ұстап қала алмағанымызға өкінеміз. Қарғын суды жинау туралы қаншама рет ұсыныс түссе де, жақсы жоба нақты іске аспай келеді. Алдағы бес жылда еліміздің әр өңірінде су қоймаларын салу жөніндегі Үкімет тапсырмасы іске асса, экономикаға жан бітері анық. Ақтөбе облысында да 2029 жылға дейін 22 су қоймасын салу жоспарланып отыр. Соншама қойманы арнасы таяз далалық өзен суларымен толтыра алар ма? Дегенмен бүгінде жеті жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі әзір. Таяу күндері жеті нысанның мемлекеттік сараптама қорытындысы шығып, жобалық-сметалық құжаттары бекітілсе, құрылыс жұмыстары басталмақшы.
Облыстық табиғи ресурстар және жер қойнауын пайдалануды реттеу басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жомарт Бақыткелдіұлының айтуынша, Ақтөбе облысының жерүсті сулары қорын ұлғайту мақсатында жасалатын осы маңызды жоба іске асырылса, қоймаларда 491,62 млн текше метр су жиналып, суармалы алқап ауданы 49 070 гектарға ұлғаяды. Қазіргі кезде өзендер бойындағы 206 гидротехникалық құрылғы әбден тозса да, 611,8 млн текше метр суды ұстап қалатын шамасы бар. Айта кету керек, Ақтөбе қаласының іргесіндегі Қарғалы, Ақтөбе, Сазды су қоймаларына көктемде қаншалықты су жиналары белгісіз. Былтыр күзде осы қоймалардағы су көлемі ортадан төмен болатын.
Ақтөбе облысы