• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қылмыс 06 Наурыз, 2024

Бухгалтерлер былығы азая ма?

152 рет
көрсетілді

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мәлім­де­уінше, сала қазіргі уақытта халықтың әл-ауқатына тікелей әсер ететін салалалардағы жемқорлықты жоюға бас­ты назар аударып отыр. Ол үшін жемқорлық болуы мүмкін жағдайларды талдау, оған қарсы мониторинг жүргізу мен мәдениетті қалыптастыру бағыттарына күш салынып келеді.

Сонымен қатар сыбайлас­ жем­қор­лық­­­тың алдын алу жөнін­дегі жұмыс­тың не­гіз­гі бағыты Жемқорлық тәуе­кел­дерінің кар­­­тасы негізінде жүзеге асады. Мұнда үде­­­ріс­тердің ашықтығына, әкімшілік ке­­дер­­­гілердің болуына, заңна­ма­ның же­тіл­­ме­­геніне және ықти­мал жем­қорлық тәуе­­кел­­деріне байланысты шешім таппайтын өзек­ті мәселелердің тізбесі көрініс тап­­қан.

Халықтың тұрмыс жағдайына тікелей қа­тысы бар салалар­­дың бірі – білім жүйесі. Бұл сала жем­­қ­­орлыққа қар­сы­ кү­рес қыз­ме­тінің тікелей назарын­да. 2023 жылы білім беру жүйе­сінде сы­­ба­йлас жемқорлық тәуе­кел­деріне сырт­қы талдау жүргізілген. Нәти­жесінде, ­бюд­жет қаражатын жымқырудың көп­те­ген фактісі бюджеттік өтінім­дер­ді қалып­тас­тыру үрдістерін авто­мат­тан­дырудың, заң бұзушылықтардың алдын алу тетіктерінің және бухгалтерлік есеп­тің ақпараттық жүйелері мен мемле­кет­тік дерек­қорлардың интегра­циялық бай­ла­ныс­тарының болмауына орай тіркелген («Ұлттық білім беру дерекқоры», «Қазы­на­шы­лық-клиент», «Жеке тұлға­лар», «Enbek.kz» және т. б.).

Қазіргі уақытта мемлекеттік орган­дар бекітілген Жол картасы аясында жоғарыда көрсетілген жемқорлық тәуе­кел­дерін жою бойынша жұмыс жүргізіп жа­тыр. Агенттіктің бастамасымен 2023 жыл­дың төртінші тоқсанында Павлодар, Ақмола және Түркістан облыстарында қол­даныстағы бухгалтерлік жүйелер ба­за­­сында цифрлық шешімдерді енгізу бо­йынша қанатқақты жоба іске асырылды.

Бюджеттік өтінімдерді қалып­тас­ты­­ру үрдісін толық автоматтандыру, кон­­тингентті есепке алу және қыз­мет­кер­­лердің ке­луін бақылау, аванстарды не­гіз­­сіз төлеуді бұғаттау тетіктері (еңбек заң­­намасына сәйкес) және қазынашылық де­рек­терін бух­галтерлік жүйелермен са­лыс­­­тыру мүмкіндігі сәтті өтті. Сондай-ақ ұйым басшысының бет биомет­рия­сы бо­­йынша төлем құжатта­рына қол қою, олар­­ды шифрлау мәселесі пысықталды. Бү­­гінде осы цифрлық шешімдерді масштабтау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Жалпы, еліміздің білім саласы­ ең жемқорлық жайлаған сала­лар­дың бірі екені көптен айтылып келеді. Бұрын оны бәрі білсе де, еле­меген сыңай танытып жүрген болса, енді халықтың қалтасын қақ­қан мұндай келеңсіздікке жол берілмейді. Оған еліміздің әр өңірінде ашылып жатқан жем­қор­лық қылмыстары дәлел. Соның бірі – жуыр­да Ақтөбе қаласындағы №55 мектеп гимназиясында бол­ған оқиға. Айта кетсек, білім орда­ла­рындағы жемқорлық былықшы­лықтарының көпші­лі­гін бухгал­тер­лер жасағанын көру­ге­ болады.

№2 қалалық сот №55 мектеп-гимна­зия­сының бас бухгалтеріне қатысты үкім шығарды. Алдын алу шаралары аясында ашық режім­де жүргізілген сот үдерісіне білім басқармасы мен бөлім­де­рі­нің қызметкерлері, оның ішінде Ақтөбе облысының 403 қалалық және аудан­дық мектептің директорлары, бух­галтерлері, педа­­гогикалық құрамы қо­сыл­ды.

Ақтөбе қалалық мектебінің бас бух­­гал­тері аса ірі мөлшерде бюджет қара­жа­т­ын жымқырғаны үшін сотталды. Ол 8 жыл бойы өзі­нің банктік шотына жалақы ре­­тінде заңсыз аударымдар жасаған, сал­да­рынан мемлекетке 413,8 млн теңге сомасында залал келтірген. Тек бір жылдың ішінде ол өзіне 200 млн теңгеден астам қара­­жат аудар­ған, бұл бүкіл мектептің жыл­­­дық еңбекақы қорының 30%-ын­ құ­рай­­ды.

Сот үкімімен есепшіге 7 жыл бас бос­­тан­­дығынан айыру жазасы таға­йын­далды, сондай-ақ ол 10 жыл мер­зімге материалдық жауапты лауа­зымдарды атқару құқығынан айырылды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Бұл кейінгі айда тіркелген жал­ғыз қылмыстық оқиға емес. Ақпан айын­д­а Алматы облысының Іле ауданы білім бөлімінің басшысы жемқорлық қылмысын жасады деп күдікке ілінген болатын. Алматы облысы бойынша Сы­байлас жемқорлыққа қарсы қыз­мет «Алматы облысы Іле ауда­ны­ның білім бөлімі» ММ басшысына қатысты сотқа дейінгі тергеу жүр­гі­зіп жатыр.

Ол Іле ауданының орта мек­теп­терінде іс жүзінде еңбек қыз­метін жүзеге асыр­ма­ған адам­дар­­ға­ адамдар тобымен алдын ала сөз бай­ласып, жалақы аудару арқылы 680 млн теңге сомасында бюджет қаражатын жымқырды деп айыпталып отыр. Сонымен қатар лауазымдық өкі­лет­тіктерін асыра пайдалана отырып, өзінің жүргізушісін мектеп-гимназияға кәсіби бағдаршы лауазымына жалған жұмысқа орналастырып, оған заңсыз түрде жалпы сомасы 4,9 млн теңге жалақы төлеген.

Сот санкциясымен күдікті қа­мауға алынып тергеу ісі жалға­сып жатыр. Қыл­мыс­тық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.