Ілкідегі данышпандардың «сөз өзінің шырқау шыңына жеткенде музыкаға айналады» деген көркем тұжырымы бар. Ал түркі мифологиясында дүние ыңыранған, күңіренген дауыстан жаралған деген аңыз-әпсаналар жоғарыдағы ойымызды қуаттап, сәулетіне сәуле түсіріп тұр. Демек сөз қағазға түспестен бұрын, қаламгердің санасында әуен болып әуелеп тұрмай ма екен? Зады, сөз зергері Жүсіпбек Аймауытұлының да жан дүниесінде осындай ғаламат құбылыстардың болғаны ақиқат.
1921 жылы 31 қаңтарда өткен Халық ағарту комиссариаты алқасының мәжілісінде Жүсіпбек Аймауытұлы Комиссар орынбасары және көркемдік сектор меңгерушісі қызметіне тағайындалған. Көркемдік сектор республикадағы өнер мәселесін шешуге басшылық жасады. Атап айтқанда, әдебиет, музыка, бейнелеу өнері салаларына және жалпы театр ісіне, өнер мектебі және арнаулы студия ұйымдастыру жұмыстарына Жүсіпбек жетекшілік еткен. Жастардың ойын-сауық кештеріне қатысып, домбыра тартып, ән салғанын, сонымен қатар спектакль қойып, онда басты рөлде өзі ойнағанын замандастарының естелігінен аңғара аламыз.
«Бұл туралы кеңес одағының батыры, жазушы Бауыржан Момышұлы: «Мен Жүсекеңнің тікелей шәкірті боламын. Одан оқыған үш адам қатарға іліктік. Мен, Құрманбек Сағындықов және Әбділда Тәжібаев. Қалғандарының дені есімде қалмапты. Жүсекең өте мәдениетті, өнерлі, кішіпейіл адам еді. Музыка аспабының бәрінде ойнайды, жақсы даусы бар еді. Өзінің ән шығаратыны бар екен. Скрипкада тамаша ойнайтын. Аспаптарды өзі жасайтын. Етікті жақсы тігетін. Менің ойымша, ол кісіге өтірік жала жабылды. Оған менің көзім анық жетеді. Кеңес өкіметіне қарсы үндеу жазыпты деген сөз – жала. Түбі ақталатын ұлы адамның бірі – осы Жүсекең», деп әрі қарай шығармаларын тізбелей жөнелді», деп еске алады 1977 жылы қараша айында батырдың өз аузынан естелік жазып алған алаштанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Тұрсын Жұртбай.
Жүсіпбектің өзі секілді өнерпаздарды жанына ерекше жақын тұтқанын шәкірті Қалабай Бекдуллаевтың сөзінен байқаймыз. Онда жазушының Жұмат Шанинмен, Құрманбек Жандарбековпен және айтулы әнші-ақындар Иса Байзақ, Әміре Қашаубаевпен тығыз байланыста болғаны айтылады. «Бұл әртістер Шымкент қаласына келген бетте-ақ жарқын достары ретінде Аймауытұлының үйінің төрін бермейтін», дейді ол.
Көбі біле бермес. Жүсіпбектің дәстүрлі өнердің бізге аман жетуіне үлесі зор. Ол Александр Затаевичтің «Қазақтың 1000 әні» жинағына 29 ән мен 1 күй қосқан. Оның ішінде танымал «Ғалия», «Қараторғай», «Қарғам-ау» секілді әндер бар. А.Затаевич жинақтың соңында «Орындаушы Аймауытұлы Жүсіпбек. Павлодар уезі, Баянауыл ауданының тумасы» деп көрсеткен.
Ал оның Алаш полкіне арналған «Алаш ұраны» маршы – классикалық Еуропа музыкасы мен қазақтың жорық жырларының синтезінен жасалған бөгенайы бөлек шығарма дерсіз. Сайып келгенде, жазушының музыкалық мұрасы әлі де көп зерттеуді талап етеді. Жүсіпбектің шығармашылық географиясындағы толық ашылмай жатқан аралдың бірі осы.