• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Театр 05 Наурыз, 2024

«От қыз» – ойлы ертегі

47 рет
көрсетілді

«Астана Балет» театры ХІ маусымның жарқын премьерасы – Карина Абдуллинаның музыкасына Мукарам Авахри қойған «От қыз» балеті көрерменге жол тартты. Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен сахна көрген қойылымның либретто авторы – Бақыт Қайырбеков. Спектакль бас дирижер Арман Оразғалиевтің жетекшілігіндегі симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен өтті.

«Қазақ мифтері мен ертегі­лерінің желісінде балалар спек­таклін қоюға дайындалып жат­қанымызда Бақыт Қайырбеков түрлі ауыртпашылық пен тағдыр талайына қарамастан барлық ке­дергіні еңсере білген Шүйгін шөп елінің От ханшайымы туралы сюжетті қысқа-нұсқа баяндап берген болатын. Осы әпсананың өзі халқымыздың бойындағы өмірлік күш-қуатын аңғартса керек»,  дей­ді қоюшы режиссер Мукарам Авахри.

Балет Шүйгін шөп елінде бол­ған оқиғаны суреттейді. Мер­ген есімді жас жігіт пен От хан­шайымы және оның ата-анасы – Күн құдайы Күнсұлу мен Тәңір бірлесіп жұмыр жерді топан су мен мәңгілік аяздан, аждаһа Жұт­тың қаһарынан құтқарып қалады. Кез келген ертегідегі сияқты мұн­да да жақсылық зұлымдықты же­ңіп, көрермен қауымға ізгілік пен ғажайыпқа толы әлемді паш етеді.

«От қыз» – композитор Карина Абдуллинаның театрымызда сахналанған екінші туындысы. Бұл жолы оған үлкен жауапкершілік жүктелді. Себебі болмысы сан қырлы кейіпкерлердің ғана емес, қойылым тақырыбын аша түсетін партитура шығаруы керек болатын. Балет музыкасы, расында да, өте әсерлі болды. Ырғағы ерекше, ұлттық нақыштағы әуендері құ­­лаққа жағымды әрі бірден жа­дыңда жатталып қалады», дейді театрдың көркемдік жетекшісі Нұрлан Канетов.

Балетте От қызды – Дарина Қайрашева, Мергенді – Ерқанат Ермағамбет, Мерген суырды – Ар­темий Сеялов, Дауылды – Уэс­ли Карвальо, Айды – Риза Қанат­­­қызы, Күнсұлуды Әйгерім Келе­меденова бастаған актерлер ансамблі жоғары дәрежеде орындап шықты.

Сонымен қатар айтулы қо­йы­лымның сценография­сы да әсемдігімен көз тартады. Зама­науи, түрлі техникалық және муль­тимедиалық шешімі де қы­зықты, ал костюмдері көркемдігімен кө­ңіл баурайды. Туындының тағы бір маңызды ерекшелігі – хореографиясы. Көпшілік сахналар мен дуэттерде Мукарам Авахридің табысты ізденімпаздығы аңғарылды. Бір қарағанда қарапайым көрінетін қимылдар әр кейіпкердің көркем бейнесін аша түскені сөзсіз.