• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Сараптама 11 Наурыз, 2024

Е-commerce «мінез-құлқы» өзгерді

154 рет
көрсетілді

2019-2022 жылдардағы коронавирус пандемиясы бүкіл әлемде электронды коммерцияның дамуын жеделдетті. Сарапшылардың пікірінше, e-commerce нарығының географиялық шекарасы жоқ. Халықаралық сарапшылардың болжамынша, 2026 жылға қарай B2C жаһандық нарығы 8,2 триллион доллар болады. Қазір ол әлемдік бөлшек сауда айналымының 5,7 трлн доллар немесе 19% деңгейінде (Оңтүстік Кореяда – 28%, Қытайда – 27,2%, Ұлыбританияда – 26,5%, АҚШ-та – 14,6%).

Бұл үдерістен біздің ел де шет қалмады. Қазақ­станда көрсеткіш 12,5 пайызға, яғни 2 трлн теңгеге жетті. 2023 жылы жалпы сауда көлеміндегі элек­трондық коммерция үлесі 3,6%-дан 12,5%-ға дейін өсті. 2030 жылдары бұл көрсеткіш 20%-ға көтеріледі деген үміт бар.

Сауда және интеграция министрі Арман Шаққа­лиевтің айтуынша, кейінгі 2-3 жылда бөлшек саудадағы электронды алыс-берістің үлесі 15%-ға артқан.

«Қазір бөлшек сауда нарығында 1,5 млн адам жұмыс істеп жүр. 2027 жылға қарай базардағы 700 мыңдай адамды электронды саудаға бейімдеу керек болады. Базарда сауда-саттықпен айналысатын адамның барлығы – қарапайым саудагерлер. Қазірден бастап оларға электронды саудаға бейімделу қажет екенін айтып жүрміз», деді министр.

Freedom Holding сарапшыларының айтуынша, қазір нарық қатысушылары өз өнімдерінің ассортиментін кеңейтіп, жаңа тауар жеткізушілерін тартып жатыр. Әсіресе ересектерге арналған киімдер мен аяқкиімдер онлайн-алаңдарда жиі сатып алынатын тауарлардың санатына айнала бастаған. Интернет-алаңдарда тұтынушылардың ең белсенді тобы, яғни айына 2-3 рет немесе одан да көп сауда жасайтындар (heavy users) – 16-24 жас аралығындағы жастар және кірісі жоғары топтар екен. Кірісі төмен және ересек тұтынушылар (45-55 жас) тауарды жарты жылда бір рет және одан сирек сатып алатын аудиторияның негізін құрайды.

Отандық электронды коммерция нарығында Wildberries (59,1%) және Kaspi интернет-дүкені (54,8%) үстем тұр. Олар соңғы 12 айда респонденттер қолданған интернет-алаңдар арасында абсолютті көшбасшы атанды. Көпшілік Wildberries маркетплейсі арқылы сәндік косметика, гигиена құралдары және тұрмыстық химия, тоқыма және аксес­суарлар, киім және ойыншықтар сатып алса, Kaspi арқылы техника мен гаджеттерді таңдайды. Жалпы, Kaspi 5 бағыт бойынша көшбасшы. Айта кету керек, техника мен гаджеттерді сатып алуға арналған платформалар арасында тұтынушылар Kaspi.kz пен AliExpress-тен басқа, Sulpak, Mechta.kz, TechnoDom секілді жергілікті желілерді таңдап жатады. Kaspi Travel және Aviata.kz платформасы – көлік билеттері бойынша, Ticketon платформасы бос уақыт бо­йынша тауарлардың тиісті санаттары жағынан көш бастап тұр.

Сарапшы Гаухар Ермекқұлованың айтуынша, 2023 жылы Орталық Азияда, оның ішінде Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстанда жаңадан қосылған клиенттер саны – 223%-ға, төлем саны – 197%-ға өскен. Кәсіпорындардың 36%-ы кейінгі жыл ішінде кассасыз кассаны енгізген. 44%-ы оны дәл қазір пайдаланып жатса, 21%-ы 2024 жылы енгізу мүмкіндігін қарастырады.

Freedom Finance Global талдаушысы Аңсар Абуев тұрғындар арасында жүргізілген сауалнамасының бас­ты мақсаты e-commerce саласындағы тұтынушылық мінез-құлық трендтерін зерделеуге бағытталғанын айтты.

«Деректер көрсеткендей, интернет-алаңды таңдау өлшемшарттарының ішінде тұтынушылар үшін тауар ассор­тименті, тауар бағасы және төлем тә­сілінің өзгергіштігі ең маңызды болып саналады. Онлайн-алаңдарда сау­да жасамас бұрын, пайдаланушылар көбіне тауар туралы пікірлерді оқиды (83,6%), әртүрлі дүкендегі тауар құнын салыстырады (69%) және тауар суретін қарайды (59,7%). Тұтынушылар үшін тауардың болжамды құнын іздеу, сипаттамасына мән беру, қалаған тауарға жеңілдіктерді қадағалау, тауарды сатып алатын интернет-дүкеннің өзін тікелей таңдау, ұқсас тауарларды салыс­тыру, жеткізу тәсілі мен құны туралы ақпаратты іздеу, өз бетінше алып кету мүмкіндігі және дүкендер туралы пікір аса маңызды», дейді А.Абуев.

Сарапшы сөзінше, ел тұрғындары азық-түлік пен медициналық тауарларға арналған онлайн платформалардағы өнімдерден жиі бас тартады. Қоғамда ол жайлы «контрафактілік өнім» деген түсінік қалыптасқан. Пайдаланушылар тапсырыс үшін төлем жасамас бұрын өнімнің функционалдығы мен жай-күйін тексере алмауына байланысты үлкен және қымбат сатып алуды кейінге қалдыра беретін көрінеді. Сатып алушының портреті туралы толығырақ айтып өткен А.Абуев 16-19 жас аралығындағы адамдар сәндік косметика мен парфюмерияға (42,2%), сөмкелерге, белдіктерге және аксессуарларға (34,4%), сондай-ақ киім-кешек­терге жиі назар аударатынын атап өтті.

20-24 жас аралығындағы жастар арасында компьютер мен ноутбукке деген қызығушылық артып келеді. 35-44 жас аралығындағы азаматтар тұрмыстық та­уар­ларды басқа топтарға қарағанда көбі­рек (35,7%) және компьютерлік техниканы сирек сатып алады.

Тұтынушыларды онлайн-алаңның қосымша ынталандырушы фактор­ла­ры­ның ішінде негізінен бонустар немесе кешбэк (62,3%) және тегін жеткізу қызметі (58,9%) қызықтырады. Сатып алушыларды сондай-ақ промокод немесе купон бо­йынша жеңілдіктер (29%), «2+1» науқаны және белгілі бір тапсырыс сомасында (22,3%) жасаған сауда үшін сыйлықтар қызықтыра алады. Респонденттердің басым көпшілігі (87,3%) сатып алынған тауар мен көрсетілген қызмет туралы айтыпты, бұл пікірді сауалнамаға қатысқандардың үштен бірінен астам үлесі (35,7%) қолдаған, 51,6%-ы қалыс қалған.

«Онлайн-алаңдарда сатып алынатын тауарларды алудың ең танымал форматтары – дүкеннен немесе тапсырыстарды алу орнынан өз бетінше алып кету, курьер арқылы жай жеткізу қызметі және постамат арқылы алу. Онлайн-алаңдарды тұтынушылар курьер арқылы жеткізудің жай, шұғыл және жанасусыз сияқты түрлі форматына көбірек қызығушылық танытады», дейді А. Абуев.

Сарапшының айтуынша, бұрын сирек кездесетін, эксклюзивті тауарларды интернет арқылы сатып алса, енді барлығын дерлік онлайн сатып алуға мүмкіндік бар. Электронды коммерцияны дамыту үшін қойма мен логистикалық инфрақұрылымды жақсарту қажет. Мұн­дай коммерция негізінен соңғы сату арна­сы ретінде қарастырылып, тауарларды одан әрі транзиттеуге, сыртқы сауда алаң­­дарынан тауарларды орналастыруға мүм­­­кіндік береді. Нәтижесінде, шетелдік тауар­­­­­ларды қазақстандық сатып алу­шы­ларға жеткізу мерзімін 60 күннен 7 күнге дейін қысқартуға мүмкіндік береді.

Сарапшы Арсен Аренов смартфон интернетке кірудің негізгі құрылғысына айналып, офлайн супермаркеттер мен жеке сауда желілері онлайнға ауысып, өзі тасымалдау немесе сатып алуларды интернет арқылы рәсімдеу аймақтарын ашуға кіріскенін айтады. Алайда еліміздің негізгі бөлігі электронды коммерцияны дамытуға жарамайтын 2G технологиясымен қамтылған. Nasdaq мәліметтері бо­йынша, 2040 жылға қарай барлық сатып алудың 95%-ы интернетте жасалады.

«Біз еліміздің ең шалғай ауылдарын интернетпен қамтамасыз етуге тиіс «Қол­же­тімді интернет» мемлекеттік жо­ба­­сынан үміттеніп отырмыз. Ендігі үрдіс 2-3 жыл ішінде 5G стандартының жаңа ұялы байланыс операторын жасауға бағыт­­талу керек», дейді.

Сонымен бірге, біздің электронды коммерцияның болашағын жасанды интеллект, VR/AR (толықтырылған шындық, аралас шындық) технология­лары, озық логистика және көп арналы бөлшек сауданың болашағынан бөліп қарауға болмайды, дейді сарапшы. Оның үстіне, нарық дамыған са­йын отандық ойыншылар Орталық Азия нарығына шығып, бүкіл Еуразия өңірінің экономикалық интеграциясына ықпал ете отырып, транс­шекаралық электрондық коммерция мен саудада аймақтық көшбасшыға айналады деген үміт бар.

 

АЛМАТЫ