Көктеммен көңілге енген қуанышты Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ музыкалық театры әртістерінің мерекелік ән шашуы одан әрі еселей түскендей.
Атаулы мейрамға орай өнерлі ұжым көрермен назарына «Гүл – көктем» концертін тарту етті. Бас хормейстер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Амантай Жұмашев, хормейстер – Ержан Сансызбаев.
Мерекелік концертте Н.Тілендиевтің «Шіркін-ай», «Құстар әні», халық әндерінен попурри, Қ.Шілдебаевтың «Жан ана», А.Жұмашевтың «Ән-айтыс», «Аққу-дастан», «Астана Бәйтерек», М.Құсайыновтың «Туған жер», А.Зацепиннің «Ана», «Рапунцель» мультфильмінен «Шын бақыт – сүю», «Арыстан патша» мультфльмінен ән, «Назқоңыр», «16 қыз», «Қызыл құмда ауылым» халық әндері, Queen «The show must go on», т.б әндер орындалады.
Концертмейстер – Гүлден Базыкен. Сүйемелдеуші ансамбль мүшелері – Қуаныш Рахмет, Ақылбек Әнуар, Темірлан Шөкенов, Сұлтан Тұрсынбеков, Балжан Қанажанова, Олжас Дәлелхан, Маржаннұр Макибаева, Диана Бикенова. Концертте вокалдық топ құрамындағы 42 әртіс өнер көрсетті.
Театрдағы вокалдық хор ұжымы 1991 жылы құрылып, бас хормейстері болып Амантай Жұмашев бекітілген болатын. Әртістерден құралған вокалдық топ отыз жылдан астам уақыт үздіксіз жұмыс істеп келеді. Осы уақыт ішінде спектакльдерде арнайы шығармаларды орындап, бірнеше концерттік бағдарламасын ұсынды.