«Анаға тағзым» орталығына қарасты «Бойтұмар» дизайн және қолөнер үйірмесінің қыздары қолдан тоқылған моншақты сөмкелер жәрмеңкесін ұйымдастырды. Орталық басшысы Эльмира Мырзағалидың айтуынша, үйірмеге қатысушы жасөспірімдер аз ғана уақыттың ішінде көптеген бұйымды тоқуды үйреніп алған.
Ұйымдастырушылар келтірген дерекке сенсек, жәрмеңкеге жүзге жуық қолдан тоқылған сөмкелер қойылыпты. Іс-шараға арнайы келген қонақтардың айтуынша, эстетикалық талғаммен тоқылған бұйымдардың сапасы жоғары екен.
«Аз ғана уақыттың ішінде жас-өспірімдердің тамаша бұйымдар тоқып үйренгені көңіл көншітеді. Моншақпен жұмыс істеуге әбден дағдыланғанын, олардың қолға алған жұмыстарының сапасынан айқын аңғаруға болады. Жәрмеңкеге келгендермен бірге біз де оқушылардың өнеріне қызығып, жұмыстарына риза болып тұрмыз», дейді келушілердің бірі Ғалия Дүйсенбекова.
Қырықтан астам үйірме қатысушысы өз бұйымдарын ұсынған жәрмеңке жұмысын өңір басшысы Ербол Қарашөкеев жоғары бағалап, білім алушылардың талабы мен талантына риза болды.
«Біздің орталықта аз жұмыс атқарылып жатқан жоқ. Ал «Анама сый» жәрмеңкесін ұйымдастырудағы басты мақсат – жасөспірімдердің анаға деген перзенттік борышы мен махаббатын сезіндіру. Сол мақсаттың үдесінен шығу үшін қатысушыларымыз аянып қалған жоқ. Түрлі үлгіде тоқылған туындысын жәрмеңкеге шығарды. Келушілер тарапынан жоғары бағаланып жатқанын да көрдік. Қыздардың еңбегіне қызығып, сөмкелерді сатып алғандар да болды», дейді «Анаға тағзым» орталығының басшысы Э.Мырзағали.
ТАРАЗ