• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қаржы 13 Наурыз, 2024

Мөлшерлеме цикліндегі үзіліс не үшін керек?

105 рет
көрсетілді

Қаңтардың қорытындысы бойынша жылдық инфляция 9,5 па­йыз болғанын ескере отырып, Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 15,25-тен 14,75 пайызға төмендетті. Сөйтіп, базалық мөлшерлеме осымен қатарынан бесінші рет төмендеу бағытына қарай өзгерді. Былтыр және алдыңғы жылдары қымбат мөлшерлемеге байланыс­ты инфляция төмендесе, енді инфляцияның біртаңбалы мәнге айналғанын ескере отырып, ақша-несие саясаты да жұмсара бас­тады. Бір-біріне септесіп, екеуі де төмендеп келеді.

Енді базалық мөлшерлемені төмен­дету циклінде үзіліс болуы мүм­кін деген ой айтылып жатыр. Иә, қаңтарда жылдық инфля­ция­ның төмендеу үрдісі жалғасын тапты. Инфляциялық күтулер үш ай қатарынан баяулап келеді. Алай­да айлық инфляция орташа жыл­дық мәндерден жоғары қа­лыптасып отыр. Сыртқы инфля­ция­лық жағдай бейтарап күйде. Бірқатар сауда-серіктес елде баға өсімі біршама қарқын алып, сыртқы инфляциялық қы­сым сәл күшейді. Оның үстіне жаһан­дық инфляцияның баяулап жатқанына қарамастан, сыртқы ақша-кредит шарттары қатаң қал­пында қалып жатыр. Мәселен, АҚШ Федералды Резерв Жүйесі (ФРЖ) және еуропалық орталық банктер инфляцияны нысаналы мәндерге қайтару қажеттілігіне байланысты мөлшерлемелерін төмендетуге асықпай жатыр. Бұл да ортамерзімді перспективадағы тәуе­келдердің сақталып отыр­ға­нын аңғартады.

Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовтің айтуынша, жыл­дық инфляция баяулап келе­ді, дегенмен оның баяулау қар­қыны да төмендеді.

«Инфляцияға қатысты халық күтулерінің үш ай қатарынан төмендеуі – біз үшін оң сигнал. Алайда инфляцияның орнықты бөлігіндегі көрсеткіштер әлі де жоғары. Бұл баға тұрақтылығын қам­тамасыз ету шараларын жал­ғас­тыруды қажет етеді. Эконо­микада проинфляциялық факторлар сақталып отыр. Олардың ішінде тұтынушылық сұраныс, фискалдық ынталандыру және жоғары инфляциялық күтулер бар. Сыртқы ортада логистика мәселесі және Ресей мен Қы­тай­­­дағы инфляцияның қар­қын алуы алаңдаушылық туғы­за­ды. Ішкі сұраныс көрсет­кіш­­те­рінде, инфляциялық күту­лер­­де бай­қалатын үрдістер, сондай-ақ бюджет саясаты пара­метр­ле­рін­де­гі және сыртқы жағ­дай­дағы белгісіздік ұстамды қатаң ақша-кредит шарттарын сақ­тау­ды талап етеді. Біздің басты міндетіміз – орта мерзімде инфляцияны 5%-ға дейін төмендету», дейді.

Қысқасы, Ұлттық банктің бұдан арғы ақша-несие саясатын ұстамды деңгейде жалғас­ты­ратыны белгілі болған секілді. Мұны ҰБ баспасөз хатшысы Асан Қалиахмет мәлімдемесі де рас­тайды.

«Базалық мөлшерлеме бесінші рет қатарынан төмендетілді. Жаңа көрсеткіш – 14,75%. Бірнеше айдың ішінде мөлшерлеме тұтас алғанда 2%-ға төмендеді. Бұл аз емес. Демек саясат өз жемісін беріп отыр. Қаңтарда жылдық инфляция 9,5%-ға төмендеді. Ақпан айында ол тағы да төмендеп, 9% шамасында қалыптасады деп бол­жанады. Бірақ әлі де жоғары. Мақсат – оны 5%-ға дейін азайту. Сондықтан келесі рет мөлшерлеме төмендемейді деген жоспар бар», деп жазды ол әлеуметтік желідегі парақшасында.

Сөйтіп, базалық мөлшерлемені төмендету циклінде үзілістер орын алады. Яғни экономикамыз бірнеше ай 14,75 пайыздық деңгейдегі мөлшерлемені қанағат ете тұрады. Өйткені елдің эконо­ми­калық ахуалының дамуына және өзгеруіне әсер ететін ықти­мал теріс факторлар әлі сақталып отыр.

Халықаралық валюта қоры миссиясының басшысы Николя Бланшенің айтуынша, елдегі инфляция деңгейін төмен деп айтуға келмейді, сондықтан жеңіс туралы жариялауға әлі ерте. «Де­­ген­мен желтоқсаннан бас­тап байыпты ақша-несие саясаты жүр­гізілгеніне көзіміз жетіп отыр. Қазіргі ақша-несие саясаты айтарлықтай қатаң, бұл ахуал­дың дұрыс өрбіп келе жатқа­нын көрсетеді. Инфляция бойынша соңғы цифр – шешімтал әрекет­тер­дің сәтті нәтижесі», дейді ха­лықаралық сарапшы.

Владислав Туркиннің сөзінше, ҰБ мәлімдемесінде бірқатар пози­тив­­ті сәт пен тенденция туралы айтылғанына қарамас­тан, жалпы түсіндіруде бұлдыр пі­кір көп.

«Иә, инфляция қарқынының баяу төмендеп келе жатқанына және жергілікті өсім динамика­сы­ның жоғарғы айлық мәніне қатысты сілтеме бар. Бірақ қандай да бір себептермен, егер бұрын олар тарифтерді нарықтық бағаға жеткізу есебінен қызметтердің өсу факторын және олардың өсімге әсерін оқшауласа, қазір бұл туралы үнсіз. «Фискалдық сая­сат параметрлерінің белгісіздігі» де­ге­ні де түсінікті емес. Біз қан­шама уақыттан бері белсенді бюд­жеттік ынталандыру және оның үстемдігі режімінде өмір сүріп келе жатырмыз. Бірақ оны Ұлттық банктің үлгілері мен болжамдарында соншалықты көп ескеруге не мәжбүрлеп отыр? Бұл жерде «шығындарыңызды азайтқыларыңыз келмесе біз осы­лай мөлшерлемені ұстап отырамыз» деген, не болмаса бір­қа­тар қысқамерзімді мақсатты қол­дау туралы келісім бар ма екен? Мәселен, сыртқы және ішкі инвесторлар үшін курс, тең­гелей депозиттерді және мем­ле­­кеттік қарыз қағаздарының тар­тым­дылығын қолдау деген секілді. Бұл ретте олар несие өсімі, әсіресе бөлшек несиенің өсімі туралы мәселені тағы да айна­лып өтті. Қалыпты-қатаң ақша шарттары және нақты мөлшерлеменің жоғарғы мәніне қарамастан ақша массасының өсімі проблемасын да айтпады», дейді сарапшы.

Инфляцияның әлі де өсіп ке­ту тәуекелдері бар дегенді айт­­тық қой жоғарыда. Ұлттық банк соның сыбағасын беру үшін мөл­шерлемені қазіргі деңгейде ұста­ғысы келетін секілді. Мәсе­лен, тұрғын үй комму­нал­дық шаруашылық қызмет­терінің ба­ғасы жылдық мәнде 14,4 па­йызға өсіп кетті. Биыл ақпан­да орталық жылу бағасы өткен жыл­дың ақпанымен салыс­тыр­ған­да 30,9 пайызға қым­­бат­­таған және инфляцияға 0,3 пайыздық тармақ үлес қосқан. Электр энер­гиясы – 19,9 пайызға (0,4 пайыздық тармаққа), тұрғын үй нысандарына жөндеу жүргізу және қыз­­мет көрсету – 7,9 пайызға (0,4 пайыздық тармаққа), тұрғын үй арендасы – 7,5 пайызға (0,2 пайыздық тармаққа) өскен.

Сонда түсінгеніміз, инфля­ция­ баяулап жатыр дегені де шартты түрдегі көрініс болып қалады. Шын мәнінде қымбат­шы­лық жалғасып жатыр және елдің жүзіне шынайы күлкі үйіретін арзаншылық дәуірінің ауылы алыста. Әсіресе қызмет көрсету бағытындағы қымбатшылықтың күшеюі инфляцияның баяулау траекториясына ай өткен са­йын қауіп төндіріп келеді. Еліміздің (Үкіметтің) биылға жасап отырған инфляциялық болжамы 7,5-9,5 пайыз деңгейінде екені белгілі. 2025 жылы инфляцияны 5,5-7,5 пайыз деңгейіне түсіргіміз келеді. Алайда көктемнің тосынсый мезгілі екенін де естен шығармауымыз керек. Көктем мен жазғы маусым дәл күз секілді анық қауіп танытпағанымен, ойда-жоқта тәуекелдердің туындап қалуы мүмкін екенін де ұмыт­пай­мыз. ОПЕК+ елдерінің мұнай өндірісін қысқартуға қатысты міндеттемелерінің орын­далуы (яғни оның ішінде Қазақ­стан да бар), ішкі экономи­ка­лық қуат – өндірістік моделдің жақсаруы, Теңіз кен орнының кеңеюі, эко­но­микалық жылдық өсімді 6 па­йыз деңгейінде ұстай алу міндеті, экспорттың ұлғаюы сияқты ауыр да жауапты міндеттерді өз деңгейінде атқару инфляцияның баяулауына елеулі үлес қоспақ.