Қызылорда облысында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 12 300 орынға арналған 21 мектеп салу жоспарланған. Биыл тапсырылатын 10 мектептің мердігері анықталып, тоғызының құрылысы жүріп жатыр.
Мемлекеттік сатып алу конкурсының қорытындысы кеш шығуына байланысты 1 мектеп құрылысы жақын күндері басталмақ. Инфрақұрылым жеткізуге жергілікті бюджеттен 118,4 млн теңге бөлініп, жоба-сметалық құжаты әзірленді, 9-ына сараптама қорытындысы алынды, біреуі аяқталу сатысында тұр. Инженерлік желілер жүргізуге облыстық бюджеттен 1,6 млрд теңге бөлініп, бүгінгі күні мердігер мекемелер анықталыпты.
Жуырда өткен мәжілісте облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев бұл бағыттағы жұмыстар жоба үйлестірушісі «Самұрық-Қазына Констракшн» акционерлік қоғамы өкілдерімен бірлескен жол картасына сәйкес жүргізіліп жатқанын атап өтті. Бұл ретте құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасына мердігер мекеме басшыларымен тығыз жұмыс жасау тапсырылып отыр. Былтыр басталған 10 мектеп биылғы 1 қыркүйекте пайдалануға берілуі керек. Оларға сыртқы инженерлік инфрақұрылым жүргізу алдағы маусым айының соңына дейін аяқталуға тиіс. Қызылорда қаласы және аудан әкімдері осы жылдың 1 тамызына дейін мектептер аумағын жол-көлік желілерімен, жарықтандыру, абаттандыру, жаяу жүргіншілер жолдарымен және аялдамалармен қамтамасыз етуі қажет.
«Самұрық-Қазына Констракшн» акционерлік қоғамы басшыларының облысқа сапары кезінде ұйымдастырылған мәжілісте ұлттық жобаны өңірде асырудың осындай өзекті мәселелері жан-жақты талқыланды.
Жалпы, биыл облыста 6 900 орындық 10 мектеп, келер жылы 5 400 орындық 11 білім ошағы қолданысқа берілмек.
Қызылорда