Премьер-министр Олжас Бектенов Түркістан облысына жұмыс сапары аясында өңірдегі бірқатар стратегиялық маңызды нысан мен тарихи-мәдени орынға арнайы барды. Үкімет басшысы әуелі Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде болып, Мемлекет басшысының сәулет өнерінің жарқын үлгісі әрі ЮНЕСКО-ның әлемдік мәдениеттің бірегей мұрасын сақтау жөніндегі тапсырмасының орындалу барысымен танысты.
Қожа Ахмет Ясауи кесенесі – Түркістанның сәулет-тарихи кешенінің бірі, оған жыл сайын 1 млн-нан аса адам келіп, зиярат етеді. Кесененің тиісті жай-күйін сақтау жөніндегі жұмыстар табиғи жағдайлардың әсеріне байланысты және бірегей сәулет ескерткіші мен ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мұра нысанының сақталуын қамтамасыз етуге бағытталған.
Күрделі жөндеу жұмыстары өткен жылдың тамыз айынан бастап жүргізіліп келеді. Бүгінде кесенеде сыртқы орта мен климаттық факторлардың әсерін өлшейтін датчиктер орнатылған. Ғылыми-реставрациялық жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр. Үкімет басшысы мәдени ескерткішті сақтау бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстардың маңызды екеніне тоқталды.
«Қожа Ахмет Ясауи кесенесі – тек қазақ халқының емес, бүкіл адамзаттың асыл мұрасы. Мемлекет басшысы кесененің тарихи келбетін сақтауға қатысты тапсырма берді. Бұл – біздің ортақ міндетіміз. Кесененің жай-күйін ерекше бақылауда ұстау қажет», деді О.Бектенов. Премьер-министр жүргізіліп жатқан жұмыстарға Үкімет тарапынан барлық қолдау шаралары көрсетілетінін атап өтті.
Сонымен қатар Премьер-министр Кентау қаласындағы жылу орталығы мен трансформатор зауытының жұмысымен танысты. 1934 жылы салынған Кентау ЖЭО – қала тұрғындарын орталықтандырылған жылумен қамтамасыз ететін стратегиялық нысан. Мұндағы жабдықтың тозу деңгейі 87%-ды құрайды. Аталған нысанда соңғы рет күрделі жөндеу 10 жыл бұрын жүргізілген.
Осыған байланысты Мемлекет басшысының тапсырмасымен Кентау тұрғындарын және әлеуметтік нысандарды сапалы жылумен қамтамасыз ету мақсатында «Кентау қ. ЖЭО «№7, 8, 9, 10, 11, 12 қазандықтарын күрделі жөндеу» жобасы әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды. Бұған дейін демеушілер есебінен ұзындығы 4,7 шақырымды құрайтын жылу магистралі, төрт қазандық жөнделді. Биыл сәуір айында қалған екі қазандықты жөндеу жұмыстары басталады, аяқталу мерзімі – 2025 жылдың соңы.
«ЖЭО-дағы электр энергиясының генерациясы орталықтың өз қажеттіліктерін өтеуге де жетпейді, ал тариф күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік бермейді. Осыған байланысты Энергетика, Қаржы министрліктеріне жылумен қамту қызметтерін сапалы ұсыну, алдағы жылыту маусымының тұрақты өтуін қамтамасыз ету мақсатында жөндеу жұмыстарын қаржыландыру нұсқаларын қарастыруды тапсырамын», деп атап өтті О.Бектенов.
Сондай-ақ Үкімет басшысы Кентау трансформатор зауытының өндірістік цехында болды. Бұл – 700-ден аса адамды жұмыспен қамтып отырған Кентау қаласындағы негізгі ірі әрі қала құраушы кәсіпорын. Зауытта жалпы мақсаттағы және электрлендірілген теміржол көлігі үшін күштік трансформаторлар, сондай-ақ трансформаторлық қосалқы стансалар шығарылады. Кәсіпорынның қуаттылығы жылына 20 мың өнім бірлігін құрайды, бұл ретте өнімнің 30%-ы экспортқа шығарылады.
Кәсіпорында О.Бектенов шығарылатын өнімдердің техникалық сипаттамалары мен конструкциясын жетілдіру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстармен, зауыттың өндірістік қуатын кеңейту шараларымен танысты. Нәтижесінде, Премьер-министр отандық электр жабдықтарын өндіруші үшін қосымша өндірістік жүктеменің маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар кәсіпорын өндірісті кеңейту және ұлғайту, технологиялық операцияларды жаңғырту және цифрландыру бойынша қарсы міндеттемелерді қабылдауға тиіс.
Мұнда Үкімет басшысына өңдеу өнеркәсібін дамыту және инвестициялық жобаларды іске асыру барысы туралы баяндалды. Қазіргі таңда 2024-2027 жылдарға арналған инвестициялық жобалар пулы әзірленді. Жалпы құны 2,2 трлн теңгені құрайтын 145 жобаны іске асыру 17,7 мың жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Оның ішінде биыл 116,8 млрд теңгеге 44 жоба іске асырылатын болады. Атап айтқанда, күкірт қышқылын өндіру, жүгеріні терең өңдеу зауыттарын салу жобалары, мақта-тоқыма кластерін құру жоспарлары таныстырылды. Сонымен қатар өңірде сыйымдылығы 4 мың тонналық заманауи көкөніс қоймасының құрылысы басталды.
Премьер-министр инвесторларды белсенді тарту үшін қолайлы бизнес-климат қалыптастыруда әкімдікке барлық қажетті шараларды қабылдау, оның ішінде шағын өнеркәсіптік парктер мен арнайы индустриялық аймақтардың аумағын кеңейту міндетін қойды.
Сондай-ақ О.Бектенов Түркістан облысының су инфрақұрылымы нысандарына барып, өңірдің гидротехникалық құрылыстарын жаңғырту барысымен танысты, сондай-ақ АӨК-ті дамыту шаралары туралы есепті тыңдады.
«Тұран су» кəсіпорнында облыс аумағындағы су нысандарын күрделі жөндеу мəселесіне назар аударылды. Кəсіпорынның балансында 18 су қоймасы, 3 су торабы, 3 магистралдық жəне 103 шаруашылықаралық канал бар. Үкімет басшысына Түркістан облысындағы тозығы жеткен ирригациялық жүйелерді қалпына келтіру жөніндегі кешенді жоспарды орындау шаралары баяндалды. Бүгінгі таңда əкімдік бірінші кезекте жөндеуді қажет ететін 17 су нысанына жобалық-сметалық құжаттама əзірледі. Сондай-ақ сыйымдылығы 68 млн текше метр «Бəйдібек ата» жəне сыйымдылығы 45 млн текше метр «Боралдай» су қоймаларының құрылысы жүріп жатыр.
Кентау қаласындағы «Қосқорған» су қоймасының аумағында О.Бектенов гидротехникалық құрылыстың жағдайымен танысты. 2021-2022 жылдары жүргізілген зерттеу қорытындысында су қоймасының жай-күйі қанағаттанарлықсыз екені анықталды. Осыған байланысты жобалық-сметалық құжаттама əзірленіп, «Қосқорған» су қоймасына күрделі жөндеу жүргізуге мемлекеттік сараптама оң қорытынды берді. Сонымен қатар Үкімет басшысына Түркістан облысында 18,5 млн текше метр суға арналған «Кеңсай-Қосқорған-2» су қоймасы салынғаны туралы баяндалды. Биыл «Бəйдібек ата» су қоймасының құрылысы басталады, ол болашақта Бөген су қоймасын толтыру кезінде реттеуші ретінде жұмыс істейді. Нəтижесінде, вегетациялық кезеңде қосымша 68 млн текше метр су жеткізіледі, бұл облыстың 6 ауданы мен қаласын суармалы сумен қамтамасыз етуге кепілдік береді.
«Негізінен су тапшылығы елдің оңтүстік өңірлерінде қалыптасып отыр. Бұл ретте осы проблема біздің республикада ғана емес, көрші мемлекеттерде де бар. Ең бастысы – суды үнемдеуіміз керек. Мемлекет басшысы айтқандай, суды үнемдеу мәдениетін қалыптастыру керек. Бұл – барлық ұйым қатысуға тиіс маңызды міндет», деді О.Бектенов. Оған қоса Үкімет басшысы жобаларды уақтылы қаржыландыру жөнінде шаралар қабылдау, сондай-ақ қосымша су қоймалары мен ирригациялық каналдарды кезең-кезеңмен салу мəселесін пысықтау тапсырылды.
Сонымен қатар О.Бектенов «Түркістан Агро XXI» кəсіпорнының аумағындағы егіс алқабын аралап көрді. Премьер-министр заманауи суару жүйелерін тексерді. Бүгінде су шашырату технологиясы 733 га жерге орнатылды, бұл көрсеткішті 1 000 га жерге жеткізу жоспарланып отыр. Осы жер учаскесін жемшөп базасымен қамтамасыз ету мақсатында жыл сайын жоңышқа, жүгері сүрлемі жəне күздік бидай егу бойынша көктемгі жəне күзгі дала жұмыстары жүргізіледі.
Мұнда Үкімет басшысына өңірдегі агроөнеркəсіп кешенін дамыту жəне АӨК саласындағы инвестициялық жобаларды іске асыруда қабылданып жатқан шаралар, сондай-ақ көктемгі дала жұмыстарының барысы туралы баяндалды. Түркістан облысы ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің 13%-ын қамтамасыз етеді. Мұнда барлық агроқұрылымның 35%-ы немесе 80 мыңнан аса нысан жұмыс істейді. Еліміздің суармалы алқабының төрттен бір бөлігі Түркістан облысында орналасқан.
Түркістан облысы əкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы 2024-2026 жылдары өңірде АӨК саласында жалпы сомасы 507 млрд теңгеге 8,3 мың жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін 105 жобаны іске асыру жоспарланып отырғанын айтты. Оның ішінде биыл құны 114 млрд теңге болатын 45 жобаны іске асыру көзделген. Бұдан басқа Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2024-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында облыста биыл 22 мың га-ға, одан əрі 2028 жылға дейін 216,3 мың га-ға кеңейте отырып, су үнемдеу технологияларын енгізу көзделген.
«Мемлекет басшысының тапсырмасымен Үкімет жыл сайын отандық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдауға қомақты қаражат бөледі. Біз АӨК-те жобаларды іске асыруға əрі қарай да жəрдем көрсетеміз. Алайда бюджет қаражатын барынша тиімді пайдалану қажеттігін атап өткім келеді», деді О.Бектенов.