• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Байқау 17 Наурыз, 2024

Асыл әжем, ақ әжем...

267 рет
көрсетілді

Рудныйда Наурызнаманың мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күніне орай «Дәстүрімнің балқаймағы – әжелер» байқауы өтті. Сайысқа қатысушылар қазақтың көнеден келе жатқан ұлттық салт-жоралғыларын көрсетіп, олардың мән-мағынасын ашып әңгімелеп берді.

«Қазақ аналары – дәстүрге жол» республикалық қоғамдық қоры мұрындық болған іс-ша­раға Рудный қаласының әкім­дігі, жергілікті кәсіпкер Жанат Байдоллаева, республикалық «Отандастар» қорының облыс­тық филиалы, қалалық ардагерлер ұйымы қолдау көрсетті.

Байқаудың салтанатты рә­сімінен соң көпшілік алдына ақ кимешек киіп-ақ қаздай тізіліп шыққан әжелер сахнаға өзгеше сән бітіріп, іс-шараның өзара сайыстан гөрі мерекелік лебі басым екенін айқын сездіргендей болды. Сайысқа қатысушылар өзін таныстыру, ұлттық тағам дайындау, тұрмыстық салт-дәс­түрге байланысты сахналық көрініс қою кезеңдері бойынша сынға түсті. Көрермендер әр­бір қойылымға ерекше ықылас білдіріп, қошемет көрсетіп отырды.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық салт-дәстүрлерімізді дәріптеп, насихаттауды жақсы жолға қойып отыр. Еліміздің барлық өңірлерінде осы мерекелік он­күндік жаппай қолға алынып, ұрпаққа ұлағат қалдырарлық іс-шаралар өтіп жатыр. Біз де осы бастамаға атсалысу үшін әкімнің қабылдауында бо­лып, өз ұсынысымызды айт­тық. Ол кісі бірден қолдау біл­­дірді. Бұл – бойжетіп қал­ған қы­лықты қыздарымыз, үй­де­гі келіндеріміз ұлттық мә­де­ние­­тімізге, әдепке, ата-баба­мыз­дан мұра болып қалған салт-дәстүрлерімізге бет бұр­са, бұ­рынғы әжелерімізден көр­­ге­нін ұмытпаса деген ниет­­пен жасалып жатқан дү­ние. Сон­дықтан бұдан әрі байқау­дың мазмұнын кеңейтіп, жыл сайын жаңғыртып дәс­түр­лі түрде өткізіп отыру ойда бар», дейді байқауды ұйым­дастырушы Нинагүл Пушаева.

Сайысқа түскен әжелердің алды бүгінде немересін үйлен­діріп, шөбере сүйіп отыр. Соған қарамастан әрқайсы өзінің әр нәрсені де ұқсата білетін әмбе­бап екенін дәлелдеп ба­ғып, жүн түтіп, жіп иірді, ине сабақ­тап, кесте тікті, баланы бесікке бөлеп, сәбидің тұ­са­уын кесіп, құдаға құрмет көр­сетіп те үлгерді. Ене мен келіннің жарасымын, абысын арасындағы татулықты, қа­йын ата, қайын аға, қайын іні­ге құрмет көрсетудің тама­ша үлгісін, қонақ күтудің жол-жоралғысын көрсетіп, оның жө­нін тәпіштеп түсіндіріп бер­ген әжелердің ішінде осалы жоқ. Содан болса керек, қазы­лар алқасы да сайысқа түс­кен­дердің ешбірін ескерусіз қал­дырмауды ұйғарған сыңайлы. Байқау қорытындысы бойынша қатысушылар «Асыл әже», «Бұ­л­бұл әже», «Өнегелі әже», «Білім­паз әже», «Қолы алтын әже» аталымдары бойынша марапатталды.

 

Қостанай облысы,

Рудный қаласы