Елордада ғылым мен бизнестің байланысын бекітуге бағытталған ашық алаң ұйымдастырылды. Іс-шараға 100-ден аса зерттеуші және кәсіпкер қатысты. Осы арқылы ғалымдар инвесторларға өздерінің өндіріске енгізуге болатын жұмыстарын таныстыруға және жобаларын іске асыруға септесетін серіктестер табуға мүмкіндік алды.
Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен Ғылым қоры мен Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті бірлесіп ұйымдастырған диалог алаңында отандық зерттеушілер негізінен құрылыс және жол-құрылыс салаларындағы жобаларын таныстырды. Олардың әрбірі әлеуеті жоғары серіктестер мен инвесторларға ғылыми әзірлемелерінің коммерциялық құндылығын жеткізуге тырысты.
Жиында сөз алған «Ғылым қоры» басқармасының төрағасы Камиль Ақатов: «Статистикаға сүйенсек, 50-ден аса реактор қатысушылары Ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру конкурсына қатысып, Ұлттық ғылыми кеңестің іріктеуінен сәтті өтеді. Аталған алаң ғылым мен кәсіпті интеграциялауда өз тиімділігін көрсетеді, сондай-ақ қолданбалы ғылыми жобалар кәсіпке бағытталған экономиканы құруға мүмкіндік береді», деді.
Ғалымдар ұсынған инновациялық өнімдердің қатарында күрделі топырақ жағдайында құрылыс алаңдарына инженерлік-геологиялық зерттеулер жүргізу кезінде геоақпараттық мәліметтер базасын пайдалану технологиясын, дірілсіз технологияны пайдаланатын темір-бетон бұйымдарды, темір-бетонды қадалар, виброакустикалық бақылау жүйесі бар құрылыс алаңдары үшін қатты еден плиталарын, беріктігі және көтергіштігі жоғары қадаларды өндіру технологиясын, жол белгілеріне арналған еріткіште еритін бояу, құрамында күкірті бар құрылыс материалдарын атап көрсетуге болады.
«Коммерцияландыру реакторы және осыған ұқсас диалог алаңдары – ғалымдар мен кәсіпкерлер үшін ғылыми жетістіктердің нәтижелерін неғұрлым сапалы әрі тиімді коммерцияландыруға, сондай-ақ өндіріске енгізу үшін ынтымақтастықты жолға қоюдың жақсы мүмкіндігі. ЕҰУ экономиканың нақты секторындағы кәсіппен және ірі кәсіпорындармен ынтымақтастықты белсенді түрде кеңейтіп келеді. Қазір 3D принтерлерді құрастыру бойынша шағын өндірістер құру, сондай-ақ шетелдік зерттеушілермен бірлесіп өнеркәсіп қалдықтарымен геополимерлі бетондар шығару бойынша технологиялық желіні орнату жөнінде жұмыстар жүргізіліп жатыр», деді ЕҰУ-дың ғылым, коммерцияландыру және интернационалдандыру жөніндегі проректоры Жанна Құрманғалиева.
Құрылыс алаңдарының виброакустикалық мониторингі жүйесін әзірлеу жобасы авторларының бірі – ЕҰУ профессоры, PhD, Елбек Өтеповтің нұсқауынша, ұсынылған жүйе жылу карталары түріндегі географиялық ақпараттық жүйе-де динамикалық визуализацияға және қала инфрақұрылымына – iKomek, eOtinish интеграциялауға мүмкіндік береді. Келесі технологияның артықшылығы – дірілсіз технология арқылы темір-бетон бұйымдарын шығару. Мұны Қ.Сәтпаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің магистрі Ильнура Мадиярова ұсынды. Ол жаңа темір-бетон бұйымдары – жылу магистралдық науалар, суару және суару арықтары дірілсіз технология бойынша шығарылатынын айтты. Мұндай бұйымдарды пайдаланған кезде арматуралық жақтау және кіріктірілген бөліктер қозғалмайды, бетон қоспасы біртекті болады, осылайша ақауларды болдырмай, экологиялық таза болады және дірілдің зиянды әсерін жояды. М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің магистрі, жоба авторы, инженер Ерлан Әтенов, тұрғын-үй құрылысына арналған темір-бетон қадаларды өндіру бойынша ұсынған әзірлемесінің артықшылығы ретінде олардың көтергіштігінің жоғары болуы, темір-бетонды тұтынудың азаюы, қысқа қадаларды пайдаланудың қарапайымдылығын, сәйкесінше, аз қада машиналарымен және габаритті көліктермен жұмыс істеу тиімділігін атап өтті.
Жиын соңында коммерцияландыру реакторына қатысқан сарапшылар, ғалымдар, Қазақстан құрылысшылар одағының «KZ Stroyexpert» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің, «QazGem» қазақстандық цемент және бетон өндірушілер қауымдастығының, Қазақстан құрылыс қауымдастығының, Қазақстан автоклавты газдалған бетон өндірушілер қауымдастығының өкілдері және басқа да мүдделі тараптар арасында ынтымақтастық және жобаларды бірлесіп жүзеге асыру туралы алдын ала келісімдер жасалды.