Түркістан қаласында Ұлыстың ұлы күніне арналған «Төрлет, Наурыз, төріме» атты республикалық командалық айтыс өтті. Ұлттық өнердің 5 жанры бойынша Түркістан мен Жамбыл облыстарының ақындары және өнерпаздары өзара мықтыны анықтады.
Жаңа форматта, яғни ән өнері мен күй, терме жанрлары жаңғыра Сыр өңірінен бастау алған айтысты көпшілік қауым ұлттық өнерді дамытуға жасалған оң қадам ретінде бағалауда. Командалық айтысқа қатысушыларға сәттілік тілеген облыс әкімі Дархан Сатыбалды бұл жобаның өнерсүйер қауымға берері мол екенін атап өтті. Ал Жамбыл облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбай облыс әкімінің құттықтау сәлемін жеткізді. Аламан бәйгені Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтаев жүргізді.
Түркістан облысынан Бекарыс Шойбеков, Шахмардан Бекарысұлы, Нұрмахан Жақыпбек, Аяз Рүстемов, Аян Ниязбек, Жандос Құлымбетов, Қажымұқан Абзалов, Мағжан Әлтенбаев, Дәурен Ақсақалов, Руслан Ахимбеков, ал Жамбыл облысынан Ахметжан Өзбеков, Мансұр Еркебұланұлы, Дархан Әбдіманат, Бекарыс Көштаев, Асхат Қылышбек, Дидар Басығараев, Қанат Мырзахан, Мерей Әбуева, Алина Айдаралы, Маралбек Бабақұлов өз өңірінің намысын қорғады. Алдымен жыршы-термешілер сайыстың көркін қыздырса, одан соң күміс көмей әншілер дәстүрлі әннің тиегін ағытып, құлақ құрышын қандырды. Ал айтыс ақындары қыз бен жігіт сүре және қайым айтыс көрсетіп, көрерменге ерекше рухани кеш сыйлады. Өнерсүйер қауымның көңілінен шыққан тартысты доданың нәтижесінде Қазақстанның халық ақыны Әсия Беркенова бастаған қазылар алқасының шешімімен республикалық командалық айтыстың екінші кезеңіне Түркістан облысының командасы жолдама алып, жеңімпаз атанды. Қос командаға бірдей құрмет көрсетіліп, әрбір ақынға 500 мың теңгеден сыйақы берілді. Ал жыршы, термеші, дәстүрлі әнші, күйшілерге 250 мың теңгеден табысталды. Сондай-ақ «Amanat» партиясының арнайы сыйлығы берілді.
Айта кетелік, байқаудың талаптары мен шарттарына сәйкес, бірінші кезеңге 20 команда қатысып, екінші кезеңге 10 команда өтеді. Осы 10 команданың ішінен балдық жүйе бойынша үшінші кезеңге 4 команда жолдама алады. Жеңген 2 команда 2025 жылы Астана қаласында өтетін ақтық сайысқа қатысады.
ТҮРКІСТАН