Қасиетті Рамазан айында Түлкібас ауданы, Машат ауылында «Жастар» саябағы салынады. Саябақты аталған ауылдың тумасы, жеке кәсіпкер Бекзат Төреев бастаған, мектеп бітіргендеріне 50 жыл толған, түлектер өз қаржысы есебінен көтермек.
Демалыс орнының қазығын қағуға облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қайрат Абдуалиев, аудан әкімінің орынбасары Марат Жанесен және ауыл ақсақалдары қатысып, игі іс-шараға мұрындық болған ел ағаларына алғысын білдірді. Ауыл ақсақалдары ақ батасын беріп, сәттілік тіледі. Іс-шара барысында саябақтың сәніне айналар ағаш көшеттері отырғызылды. Бүгінде ауыл әкімдігі тарапынан 70 соттық жерге құжаттарды рәсімдеу жұмыстары аяқталған. Саябақ аумағы толығымен қоршалып, абаттандырылып, бір бұрышынан балалар ойын алаңшасы бой көтереді. Демалушыларға арналған орындықтар қойылып, түнгі жарықшамдар орнатылады. Кәсіпкердің айтуынша, саябақ құрылысына, шамамен 50 млн теңге қаржы жұмсалмақ.
Жалпы аудан аумағындағы 15 ауылдық округ және кент аумақтарында көктемгі ағаш егу акциялары өтіп жатыр. Ал облыста өткен жылы 1 миллионнан аса көшет отырғызылды. Соның ішінде Түлкібас ауданында 80 мыңға жуық ағаш егілген болатын. Биыл көктем айларында облыс бойынша 500 мыңнан аса көшет отырғызу жоспарланса, Түлкібас ауданының аумағында 32 мыңға жуық ағаш көшеттері отырғызылады. Күз айларында бұл жұмыстар жалғасып, қосымша 33 мың ағаш көшеттерін отырғызу көзделіп отыр.
Сондай-ақ Наурызнама онкүндігі аясында облыстың барлық қала, аудандарында «Сенбілік – тазалық айнасы» атты акция өтті. Мысалы, Түркістанда «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен өткен акцияға 200-ге жуық белсенді қатысып, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі аумағында тазалық жұмыстарын жүргізді.
Түркістан облысы