Ұлтымыздың рухын асқақтататын жеті қазынаның бірі – құсбегілік. Қолына қыран бүркіт қондырып, саятшылықты кәсіп еткен Қуаныш Мұхамедұлы ерте жастан тазы ертіп, құмай баулыған. Бұл көне кәсіп атасы, майдангер Бәйітбай Исабековтен дарыған.
«28 гвардияшы-панфиловшылардың сапында жауға қарсы ерлік көрсеткен атам бір көз, бір аяғынан жараланып, елге оралады. Келген соң кеңшарда мал баға жүріп, құмай тазылар асыраған екен. Біз ес білгелі босағамыздан құмай тазы үзілген емес. Кейін өсе келе әкем Мұхамедтен саятшылықтың қыр-сырын меңгеріп, сол арқылы туған жердің табиғатын сүйіп өсуді үйрендік», дейді құсбегі Қуаныш Мұхамедұлы.
Атадан балаға жалғасқан өнерді жаңғырту мақсатында әкесі Мұхамед Исабеков 1999 жылы «Саятшы» клубын құрған. Сөйтіп, ұлттық өнердің өрісін кеңейтуге қадам жасайды.
«2000 жылы әкем мені Алматы қаласында тұратын әйгілі құсбегі, халықаралық дәрежедегі төреші Әбілхақ Тұрлыбаев деген бүркітші ақсақалға ертіп апарып, сол кісіге шәкірт болуымның негізін қалап берді. Құсбегіліктен ұстазым – Әбілхақ ақсақал. Ол кісіден бүркітшілік, жалпы құсбегілік өнердің қыр-сырына қанықтым. Бүркіт ұстағанға дейін бала кезімде қырғи, жағалтай, қаршыға сияқты ұсақ құстарды баулып жүрдім. 2003 жылы Жебе атты балапан қаршығаммен Есік қаласында өткен құсбегілер жарысында бас жүлде алдым. Бұл менің алғашқы жетістігім еді. Осы жарыста әкемнің інісі Бекмұхан Исабеков те Дауылқара атты балапан бүркітпен бас жүлдені қанжығалады. Бүркітшілер әулетінің екі бірдей бәйгеге ие болуы естен кетпестей әсер қалдырды. Дүбірлі жарыстың қонағы болған әнші Рамазан Стамғазиевтің орындауындағы «Дариға-дәурен» әнінің бейнебаянына сол қыран құстарымызбен түстік», деп еске алады құсбегі.
Саятшылар мекеніне айналған Нұра аулында 2003 жылдың қазан айында өнер жанашыры Мұхамед Исабековтің мұрындық болуымен елімізде тұңғыш рет «Жеті қазына» құсбегілер мұражайы ашылған еді. Содан бері мұражай жұмысы үздіксіз жалғасып келеді.
Саят құрып қана қоймай, оны халыққа танытуда құсбегілер үлкен тәуекелге барады. Байрақты бәсекелерде бақ сынауға бел буады. Сөйтіп, 2007 жылы ағайынды Мұхамед, Бекмұхан Исабековтер мен атақты бүркітшілер Әбілхақ Тұрлыбаев, Сейітжан Байжүнісұлы бастаған қазақ құсбегілері Англияда өткен байқауға қатысып, 36 мемлекеттің ішінен топ жарып, 1-орын алып, ел мерейін тасытқаны белгілі. Одан кейінгі жылы «жетіқазыналықтар» Қырғызстанда өткен халықаралық құсбегілер жарысында да команда бойынша бас жүлдеге ие болғанын ұмытқан жоқпыз.
Даңқы шартарапқа танылған құсбегілер халықтық өнерді өзге елдерде насихаттаудан жалықпаған. Нәтижесінде, Бекмұхан Исабеков Мажарстан мемлекетіне барып, құсбегілікті насихаттау арқылы сол елдің құрметті азаматы атанады.
«2010 жылы Данияр Дәукеев ағамызбен бірге Францияның астанасы Париж қаласында өткен қазақы төбет және қыран бүркітті насихаттайтын көрмеде өз өнерімді көрсеттім. Одан кейінгі жылдары да елімізде өткен көптеген жарыстың жеңімпазы атандық», деген Қуаныш Мұхамедұлы Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің тарих факультетін тәмамдаған. Диплом жетекшісі археология ғылымдарының докторы, профессор Мадияр Елеуовтің жетекшілігімен «Қазақстандағы құсбегілік өнердің зерттелу тарихы» деген тақырыпта «өте жақсы» бағаға қорғаған еңбегі Бабақұмар Хинаятұлының бастамасымен бірігіп, «Саятшылық» атты кітапқа басылып шығады.
Ұлтымыздың өшпес мұрасы – құсбегілік өнердің ұлттық спортқа еніп, өз алдына федерация құрылып, жанданып келе жатқанына қуанышты құсбегі атакәсіпке жастардың қызығушылығы басым екенін айтады. Алақанына қондырып аялаған Ақжелкен, Байқоңыр, Жұлдыз, Тұран атты қыран бүркіттерді баулыған кәсіби құсбегі еңбегінің еш кетпей, жеңіс туын талай мәрте желбіреткеніне әр кез шүкіршілік етеді.
Алматы облысы