• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Дін 20 Наурыз, 2024

Ауызашар беру шоу, гала-концертке айналып бара жатыр - Нұрлан имам

13463 рет
көрсетілді

Рамазан - игі істердің сауабы еселеніп, құлшылық қадамдары құзар шыңға жететін берекелі ай. Бұл айда міскендерді қуанту, мұқтаждың жоғын түгендеу, жақын-жуықты дастарқан басында қосу қайырлы іс. Жамандықтан тыйып, жақсылыққа жетелейтін Рамазанда көпшілік ауызашар беруге асығады.

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімде-кім бұл айда аузы берік бір адамға ауызашар берсе, күнәлары кешіріледі. Сол аузы берік адамның алған сауабындай сауап бұған да берілетінін» айтқан. 

Ауызашар жұртшылықты жинап, ғибратты әңгіме айтып бауырмашылдыққа бастайтын қадірлі бас қосу.

Оның дастарқаны аз-кем болып өлшенбейді. «Бір дана құрмамен ауызашар бергенге де, тек сумен ғана оразасын аштырғанға да, кішкене сүт бергенге де осы сауап жазылады». (Бәйһақи) Сондықтан бұл айда аста-төк ас беріп ысырапшылдыққа жол бермеудің маңызы айрықша. Бұл ретте ауызашар беру әдебін сақтау құпталады. Мың айдан да қайырлы айдағы ауызашар беру үрдісінің әдебін «Ырыскелді қажы» атындағы мешіттің бас имамы Нұрлан Байжігітұлынан сұрап білдік.

«Ораза - құлшылық. Ауызашар беру ол да салтымызбен астасып жатқан жақсы амалдардың бірі, құлшылық. Бірақ соңғы уақытта  Ауызашар бір-біріне еліктеушілік немесе қинау, зорлыққа ұласып кетіп жатыр. Мынау аста-төк дастарқан жайды деп қарызға батып ауызашар берудің қажеті жоқ. Оразаның басты мақсаты ағайындарды біріктіру, ұзағандарды жақындастыру, ренжіскендерді райынан қайтару, алдынан өту сынды ғибратты іс-әрекеттерді қамтыған дұрыс. Біздің ауызашарларымыз кейінгі жылдары шоу, гала - концертке дейін айналып бара жатқан жағдайларды байқап жүрміз. Бұл кезде жылына бір келетін Рамазан айын пайдалы өткізуге көңіл бөлу керек», деп пікір білдірді Нұрлан Байжігітұлы.

Нұрлан имам ауызашар беруде алдымен ниетті дұрыстау маңызды екенін қаперге салды.

«Ауызашар берудегі ең ескеретін тұс – дастарқанда бақталастық болмау керек. Біздің қоғамда адамдар бәленшенің дастарқаны керемет болды, ал екінші бір адам жағдайы жеткенше жасаса дастарқаны қарапайым болды деп әңгімелеп жатады. Бұл дұрыс әрекет емес. Адам Құдайға дастарқанымен жақындамайды. Пейілімен жақындайды. Сондықтан кім қандай ниетпен ауызашар берсе, сауапта соған қарай беріледі. Асылында бұл аса мән беретін мәселе. Ауызашарда бірінші су, сұйық тағамдар көбірек берілу керек. Бізде бірден алдыңа ет қояды. Мұндайда күні бойы аузы берік адамның шөлі басылмай қалады. Мүфтият, басқа да діни орындар бекіткен дастарқан мәзірі жоқ. Халқымыз құрмет білдіру үшін мол дастарқан жаяды. Алайда бақталастыққа өтіп кетпеуді қадағалау шарт. Мен алдыма жан салмаймын, менің дастарқаным ең жақсы болуы қажет деген түсініктен арылған дұрыс. Пайғамбарымсыз (с.ғ.с) құрма бер немесе су бер. Осының өзі жеткілікті деп айтқан», деді Ырыскелді қажы атындағы мешіттің бас имамы Нұрлан Байжігітұлы.