Қазақстан тарихындағы еркін күрестен тұңғыш әлем чемпионы Ризабек Айтмұхан Олимпиада лицензиясын сарапқа салуы мүмкін, деп хабарлайды Egemen.kz.
Ақпан айында Ризабек Айтмұхан Қазақстан чемпионатының финалында Әлішер Ерғалиден жеңіліп қалған еді. Енді тәжірибелі балуан ұлттық құрама сапында іріктеу турниріне барады.
«Ризабектің лицензия үшін таласуға мүмкіндігі бар. Енді Ерғали Бішкекке Азияның іріктеу турниріне барады. Одан кейін Түркияда өтетін әлемдік лицензиялық турнирде тағы бір мүмкіндік болады. Әлішер Бішкекте лицензия алмаса, Айтмұханның оған баруға мүмкіндігі бар», деді Қазақстан чемпионының бұрынғы бапкері Эдуард Базров.
Ризабекті әлем чемпионатында жеңіске дайындағандардың бірі – Эдуард Базров. Ал Айтмұханды ел біріншілігіне басқа команда дайындап жатқаны белгілі болды.
«Желтоқсан айында Осетиядағы оқу-жаттығу жиынынан кейін мен Ризабекпен жұмысты тоқтаттым. Сонда мен жеке себептерге байланысты ынтымақтастықты тоқтатамыз деп өзім шешім қабылдадым. Мен бастамашы болдым, бұл менің шешімім», деді маман.
Жаттықтырушы Эдурад Базров Шавкат Рахмонов пен Асу Алмабаевты жаттықтыратын Dar Team құрамында жұмыс істейді.
Айта кетейік, еркін күрес балуаны Ризабек Айтмұхан Сербияда өткен әлем чемпионатында тарихи алтынды жеңіп алған еді.