Әз Наурыз мерекесінің шығу тарихы туралы ел арасында түрлі дәлел-дәйек айтылып келе жатқаны мәлім. Ал қазығұрттықтар «Наурыз Қазығұрттан бастау алады» дегенге сенеді. Дәл осы тақырыпта ауданда Ұлыстың ұлы күніне арналған үлкен мерекелік іс-шара өтті.
Мерекелік іс-шарада Алтыбақан құрылып, спорттың бірнеше түрінен сайыс, көрме, Қазығұрт туралы аңызды бейнелейтін сахналық қойылымдар мен ән шашу ұйымдастырылды. Сонымен қатар келген қонақтарға дәм таратылып, ұлттық дәстүрге сай киіз үйлер тігілді. Мерекелік концертке «Шаншар» әзіл-сықақ театры, әнші Жандос Қаржаубай және Өзбекстан мемлекетінен цирк өнерпаздары арнайы шақырылды. Барлығы халық көңілінен шығып, жиналған жұрт сахна сыйына тәнті болды. Мереке барысында ақ жаулықты аналар мен әжелер шашу шашып, данагөй ақсақалдарымыз ақ батасын берді. Аудан әкімі А.Исмайлов мерекеге жиналған жұртты құттықтап, еліміздің амандығын, тыныштығын, әр отбасына бақыт, қуаныш, жақсы күндер тіледі.
Түркістан облысында «Наурыз – жаңару мен жаңғырудың, татулықтың бастауы» күні аясында ағаш егу жұмыстары қарқынды жүргізілгенін айта кетелік. Бұл күні облыс бойынша 80 мыңға жуық көшет егілді. Облысқа қарасты 17 аудан, қаланың саябақтары мен гүлзарларға, сонымен бірге елді мекендерді қосатын жол бойлары, мектептер мен орталық көшелерге отырғызылған ағаштардың басым бөлігі – терек, қарағаш, үйеңкі, арша, сириялық раушан, шаған сынды жергілікті климатқа бейімделген. Мысалы, Мақтаарал ауданында 5 550 түп көшет егілсе, оның 4 500-і – қарағаш, 200-і – сирия раушаны, 250-і – сабын ағашы және 600-і легуструм.
Түркістан облысы