Қазақтың ұлттық аспабы домбыраны жасау – бұрынғылардан үзілмей жалғасып келе жатқан өнер. Домбыра жасаудың тәсілі бір болғанымен, әр шебердің жасау әдісі – әртүрлі. Ұлттық аспап жасаумен 30 жылға жуық айналысып келе жатқан белгілі шеберлердің бірі – Нұржан Ділманов. Өзі – шеберлер әулетінен шыққан қолөнерші. Бүгінде оның қолынан шыққан аспаптар еліміздің белгілі өнерпаздарының қолында күмбірлеп жүр.
Небір алмағайып заманның куәгері киелі аспап туралы Ахмет Жұбанов, Болат Сарыбаев, Ақселеу Сейдімбек, Таласбек Әсемқұлов қатарлы белгілі өнертанушылар кеңінен зерттеп жазды. Олардың айтуынша, домбыра аспабының тарихы тым тереңде жатыр. Сонау сақ, ғұн дәуірінен бері қолданылып келе жатқан аспап екені айтылады. Белгілі түрколог ғалым Қаржаубай Сартқожаұлының Моңғолияның Алтай жотасының бір сілемі Жарғалант-қайырқан тауынан тапқан көне домбыраны айтуға болады. Ғалым қазақтың қасиетті қара домбырасының түп атасы екенін дәлелдеп, ғылыми сараптама жасады. Ал домбыраның өзі қазіргі бізге жеткен сипатына дейін көптеген сатыдан өткені байқалады.
«Қазақта домбыраның ең кең тараған екі түрі бар. Олар – Өзбекстан, Түрікменстан, Ауғанстан, Қарақалпақстан жеріне кең тараған қауақ домбыра мен Жетісу мен Сарыарқаға тараған қалақ домбыра. Біздің ойымызша, «қауақ» сөзі «қабақ», яғни «асқабақ» деген сөзден шықса керек. Себебі қауақ домбыраның шанағы көз тоқтата қараған адамға ортасынан қақ бөлінген асқабаққа ұқсайды», деп жазады жазушы Таласбек Әсемқұлов.
Ұлттық аспаптар жасаудың шебері, соның ішінде домбыраға көбірек ден қойған Нұржан Ділманов жасаған ұлттық аспаптар АҚШ, Канада, Қытай, Моңғолия, ТМД елдеріне дейін жетіпті. Осы ретте ұлттық аспаптың жасалу құпиясын сұрап көрген едік.
Нұржан Қыдырбайұлының айтуынша, жақсы домбыра жасалатын материалына байланысты. Домбыра жасау үшін қарағай, шырша, қайың, тораңғы, емен, эбен, қызыл ағаш, тұт ағашы пайдаланылады. Домбыра жасайтын ағаш міндетті түрде күнге қақталып кебуі керек. «Ағаш толық кеппесе, жасалған соң өзінің формасын жоғалтады. Үнінде фальш пайда болуы мүмкін. Жақсы домбыраның материалы кем дегенде 4 жыл кебуі керек», деді шебер.
Материал дайын болған соң ағаштар арнайы арамен кесіліп, жонылып, домбыра формасына келеді. Кесілген ағаш арнайы пеште ыстық температурамен иіледі. Домбыра екі түрлі әдіспен жасалады. Құрама домбыралардың шанағы жұқа тілшелерден құралып жасалса, бітеу домбыра тұтас ойылады. Н.Ділмановтың айтуынша, қоңыр үнді домбыра ойылып жасалады.
«Көбіне-көп дәулескер күйшілер ойылып жасалған домбыраға тапсырыс береді. Өйткені ата-бабамыздан қоңыр үн сондай домбырадан шығады. Қандай эксперимент жасаса да, кәсіби домбырашылар ойылған домбыраға қайтып келе жатыр», деді ол.
Сонымен қатар ойылып жасалған домбыраны жасау тәсілі – күрделі. Шебердің айтуынша, домбыра үнінің тазалығы қақпағының жабылуына байланысты. «Дыбыстың тербелісі, үні, ұзақтығы қақпаққа тікелей байланысты. Қақпақтар шырша ағашынан жасалады. Себебі шырша – ең акустикалық материал», деді Н.Ділманов.