Ұлық мереке аясында ел астанасында алғаш рет «Наурыз бал» атты ауқымды іс-шара өтті. Бұл кеш түрлі елдердің дипломатиялық корпусын, халықаралық ұйым басшылары мен шетелдік компаниялар өкілдерін жинап, ұлттық нақыштарымыз бедерленген думанға ұласты. Классикалық өнер мен ұлттық бояу астасқан Наурыз тойы сан түрлі ойын-сауық пен көрмеге толы болды. Түрлі ұлттың мәдениеті мен өнері де ұлттық мерекенің мерейін асырды. Ағылшындар асық атып жарысты, елшілер би биледі.
Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Наурыз мейрамын тойлаудың жаңа форматына тоқталып, Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында Мемлекет басшысы сөз еткен негізгі тезистерді атап өтті.
«Биылдан бастап еліміз Наурызды жаңа форматта атап өтіп жатырмыз. Наурызнаманың арнайы тұжырымдамасы әзірленіп, оның аясында әр күннің өз атауы белгіленді. Наурызнаманың соңғы күні – 23 наурыз – Жаңа жылды жаңа мақсатпен, жаңа үмітпен қарсы алудың символы. Бұл күні Қазақстанның барлық өңірінде жалпыұлттық экологиялық акциялар өтеді. Әрине, Наурыз мейрамын осындай ауқымда атап өту ұлттық бірегейлігімізді нығайтуға, қоғамды бір мақсатқа шоғырландыруға септігін тигізеді», деді Аида Балаева.
Сонымен қатар министр мәдени мұраны насихаттау мен оны әлемдік аренада таныту мақсатында министрлік тарапынан жасалған жобаларға тоқталды. Соның ішінде іс-шара барысында таныстырылымы өткен «Qazaq сulture» ақпараттық-танымдық порталы бар. Онлайн портал Мемлекет басшысының еліміздің мәдени мұрасын таныту, ұлттық брендті, тарих пен мәдениетті насихаттау тапсырмасы аясында іске қосылып отыр. «Qazaq сulturе» еліміздің көпқырлы мәдениеті мен бай тарихының айрықша белгісіне айналмақ.
Мерекелік іс-шарада еліміздегі тұңғыш көпұлтты «Birlik» ән-би ансамблі де өнерін көрсетті. Ұжым көпұлтты бірлік пен мәдениетаралық диалогтің бірегей үлгісінің белгісіндей. Еске салсақ, ансамбль биыл әлем халықтарының мәдени мұрасын сақтау және насихаттау, дәстүрлі музыка мен биді дәріптеу мақсатында жасақталды.
Сондай-ақ кеш қонақтарына жаңада құрылған «Zhoshy» фольклорлық ансамблі таныстырылды. Ансамбль мүшелері желбуаз, мес сырнай, уілдек, тастауық сияқты сирек кездесетін музыкалық аспаптарда ойнайды. Олардың шеберлігі мен таланты қазірдің өзінде көпке танылған, жақын арада шығармашылық ұжым Қытайға гастрольдік сапармен бармақ.
Дипломатиялық балдың құрметті қонақтары да елімізді Наурыз мейрамымен құттықтады. «Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Барша қазақстандықтарға зор денсаулық, бақыт, жақсылық пен амандық тілеймін! Бұл қуаныш пен жаңару кезеңі сіздердің жүректеріңізге жарқын және жылы сезім ұялатсын, ал үйлеріңізге бейбітшілік пен амандық әкелсін», деді БҰҰ-ның Тұрақты үйлестірушісі Микаэль Фриберг-Стори.
«Наурыз көктемнің алғашқы лебімен бірге келді. Көктемгі күн мен түннің теңелу күні әр отбасына бақыт, қуаныш әкелетініне, жаңа жылда жақсы оқиғалар болатынына сенімдімін», деді Германия Федеративтік Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Моника Иверсен өз құттықтауында.
Ал Орталық Азия бойынша субаймақтық үйлестіруші, Қазақстан, Қырғызстан, Түрікменстан және Өзбекстандағы ХКҰ миссиясының басшысы Зейнал Гаджиев ұлық мерекенің адамның жанына, тәніне, мінезіне де жаңалық сыйлайтынын атап өтті. «Бұл мейрам – адамдарға бақытты өмір сүруге, дамуға, өркендеуге, достық, береке мен махаббатқа үміт сыйлайтын көктемгі жаңару мерекесі. Наурыз – бірлік пен тұрақтылық мейрамына айналып, үйлеріңізге бақыт әкелсін, ойлаған дүниенің барлығы жүзеге ассын», деді ол.
Наурыз балының аясында ұлттық өнер түрлерінен шеберлік сағаттары да ұйымдастырылды. Мәселен, киіз басудың екі түрін де (құрғақ және ылғалды әдіс) байқап, шебермен бірге жасап көрдік. Айта кетейік, ауқымды іс-шараны Мәдениет және ақпарат министрлігі ұйымдастырып отыр.