Көрнекті жазушы, журналист, драматург, "Құрмет" орденінің иегері, қазақ әдебиетінде ғылыми-қиял жанрының өрістеуіне айрықша үлес қосқан қаламгер Медеу Сәрсеке өмірден өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.
Қаралы хабарды Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі жариялады.
Медеу Сапаұлы қазақ кен-металлургия институтын бітірген соң "Жас Алаш" газетінде әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, Семей цемент зауытында мастер, аға диспетчер, өнертапқыштар бюросының бастығы, "Егеменді Қазақстан" газетінің Шығыс Қазақстан облысындағы меншікті тілшісі, Қазақстан жазушылар одағының Семей облысаралық бөлімшесінде жауапты хатшы қызметін атқарған.
Медеу Сапаұлы өндіріс пен жазушылықты қатар алып жүріп, "Ғажайып сәуле", "Көрінбестің көлеңкесі" мен "Жетінші толқын" ғылыми фантастикалық туындыларын жарыққа шығарды.
Сондай-ақ өзі еңбек ететін кенді Алтайдың тіршілік-тынысын, өмір ағысын суреттейтін "Жаңғырық", "Көмбе" романдарын жазды. "Сәтбаев", "Ебіней Бөкетов" атты деректі ғұмырнамалары мен "Шығыс хикаясы" пьесасы оқырманның жүрегінен орын алды. А.Беляевтің "Қос мекенді адам" романын қазақ тіліне аударды. Медеу Сапаұлының академик Қ. Сәтбаев жайлы "Планета Сатпаева" және "Через тернии" кітаптары әлемнің 112 еліне тараған.