Күннің күрт жылынуынан Ақтөбе облысындағы далалық өзендер – Ембі, Жем, Сағыз, Темір, Ырғыз, Қауылжыр өзендеріндегі су деңгейі көтеріліп, бірнеше елді мекенге су басу қаупі төнді.
26 наурызда Ойыл ауданының Амангелді, Шұбарши, Саралжын ауылдарының шетіне кірген қарғын судың беті қайтарылды. Осы күні Ырғыз өзені Шеңбертал елді мекенінің өткеліне келіп тіреліп, жолды су басты, ауыл қатынассыз қалды. Байғанин ауданының Оймауыт, Миялы, Дияр елді мекендеріне баратын автокөлік жолын бірнеше жерден су шайып, аудан орталығы – Қарауылкелдідегі С.Бәйішев, Барақ батыр көшелері бойындағы тұрғын үйлерге су кірді. Қарауылкелдіге кірген қарғын судың бетін қайтаруға ТЖД, полиция департаменті, жергілікті атқарушы орган қызметкерлері жұмылдырылып, олар су басу қаупі бар үйлердің жанына құм тасып, жайылған судың шетін инертті материалдармен толтырды. Мұғалжар ауданы «Қожасай – Жаңажол» бағытындағы жергілікті маңызы бар жолдың 4 шақырымын су шайып кетіп, Қожасай мен Жаңажол ауылдары қатынассыз қалды. Қазір бұл жерден жеңіл көліктер өте алмай, қаңтарылып тұр. Темір ауданы орталығы Шұбарқұдық кентінің бес тұрғын үйіне және 25 үйдің ауласына су кірді. Бұл жақтағы жағдайды реттеуге ТЖД, полиция департаменті, Төтенше жағдайлар министрлігінің Ақтөбе қаласындағы №20282 әскери бөлімінің курсанттары жұмылдырылды. 26 наурыз күні «Покровка – Темір – Кеңқияқ – Ембі» (115-175) және «Жаңажол – Қотыртас» облыстық маңызы бар автожолдар учаскесінде жүк көліктерінің қозғалысына шектеу қойылды. Өйткені Жем және Қауылжыр өзендерінің екпінді суы жол бойындағы көпірлерді бұзып кетуі әбден ықтимал деген қауіп зор.
Облыстық ТЖД бас маманы Әлішер Сарбаевтың хабарлауынша, 26 наурызда республикалық маңызы бар «Қандыағаш – Ембі – Шалқар – Ырғыз» тасжолының 288 шақырымын, облыстық маңызы бар «Қарауылкелді – Алтай батыр – Миялы» автокөлік жолының 63 шақырымын және Әйтеке би ауданы Қайрақты ауылдық округі Талдық ауылының кіреберіс жолын су шайып кетті. Ақтөбе облысындағы су тасқынына көмекке Маңғыстау облысынан 52 адамнан тұратын құтқару жасағы бес техникасымен келді. Темір өзені Жаңажол газ өңдеуші зауытына жақын орналасқан. Саркөл, Шұбарши елді мекендеріне де қарғын су кіріп келуі мүмкін. Сейсенбі күні Ақтөбеге ТЖМ вице-мнистрі Ерлан Нұрпейісов келіп, бірден Темір ауданына жол тартты.
Еріген қар суымен толыққан далалық өзендер арнасының күрт көтерілуі ауыл жұртын әбігерге салды. Айта кету керек, Мұғалжар қыраттарынан бастау алатын бұлақтармен жалғасқан Елек, Ойыл, Жем, Сағыз, Темір, Ор, Ырғыз, Ембі өзендеріндегі судың тасуы әдетте сәуірдің алғашқы онкүндігінде өтетін. Бұл жолы кеуіп кеткен өзен арналарының күрт көтерілуіне далалықта жерге сіңбей еріген қардың суы себеп болған. Ал қазір су басып жатқан ауыл үйлері ертеректе көктемде су жайылатын жерлерге салынған. Жақын күндері далалық өзендер деңгейі әлі де көтерілуі мүмкін.
Ақтөбе облысы