• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 27 Наурыз, 2024

Мемлекеттік қызметтегі маңызды бастама

154 рет
көрсетілді

Мемлекеттік қызмет саласын реформалау – қазіргі күннің басты талабы. Жалпы басқарушылық, құқық қорғаушылық, әлеуметтік-мәдени секілді мемлекеттік міндеттерді атқаратын сала қызметі 2015 жылғы 23 қарашадағы «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» заңмен реттеліп отырады. Салада жүргізіліп жатқан реформаның көз­дегені – мемлекеттік қызметшінің кәсіби-тұлғалық болмысын жетіл­діріп, осы арқылы мемлекеттік басқарудың жаңа мәдениетін қалыптастыру.

Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Қызылорда облысы бо­йынша департаментінің дере­гін­ше, былтыр өңірдегі мем­ле­кеттік қызметшілердің саны 3 338 болған. Оның 14-і саяси мем­лекеттік қызметші болса, 1 842-сі облыс әкімдігіне қарасты мекемелерде қызмет атқарады.

«Аймақтағы 799 мемлекеттік қызметші – 35 жасқа дейінгі жас­тар. Олардың қоғам алдында­ғы белсенділігін арттыру үшін «Абырой» жас мемлекеттік қыз­метшілер мектебі, «Сыр бола­шағы» жас мемлекеттік қыз­метшілер клубы құрылып, жас­тардың ой-пікірін айтып, қолда­ныстағы заңнамаларды талқылап, ұсыныс беруіне мүмкіндік жасалды. Сонымен қатар Президент жанындағы Мемлекеттік бас­қару академиясының 25, «Бола­шақ» бағдарламасының 2 түлегі мем­лекеттік қызмет сапында тұр­ға­нын айта кетейік», дейді де­пар­­тамент басшысы Ерлеген Меңдалиев.

Қазір мемлекеттік қызметте меритократия қағидаты бар. Аймақта бюрократияны тежеп, саланы кәсіби мамандармен қам­тамасыз етудің бастамасы саналатын қағидат талаптарын қатаң сақтаудың нәтижесінде 149 үміт­кердің 116-сы, яғни 77,8%-ы жоғары лауазымға тағайындалды.

Инфографиканы жасаған Зәуреш Смағұл, «ЕQ»

Осы күні цифрландыру бар­лық салаға дендей енді. Бар­лық құжат айналымы, тіпті кон­курстық процедуралар осы жүйе арқылы жүргізіліп жатыр. Персоналды басқарудың «Е-қызмет» ақпараттық жүйесіне қосылған мемлекеттік органдарда 30 561 құжаттың 30 365-і немесе 99,4%-ы автоматты режім­де енгізілген. Өткен жылы жер­гілікті атқарушы мемлекеттік орган­дардағы 804 қызметшінің білімін жетілдіру жоспарланып, олардың 99-ы қайта даярлаудан, 705 мемлекеттік қызметші біліктілігін арттыру курстарынан өткізілді.

Былтыр 12 қаңтардан бас­тап Мемлекет басшысының мем­лекеттік қызметке кіруде артық кедергілерді жою және мем­­лекеттік қызметтен шығу тәр­­тібін жеңілдету туралы тап­сыр­масына сәйкес «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» заңына бір­қа­тар өзгеріс пен толықтыру­ ен­гізілгені белгілі. Нәтиже­сін­де, мемлекеттік әкімшілік лауа­зым­дарға конкурстық рәсім­дер­ді өт­кізбестен тағайындалу құқы­ғы бар тұлғалардың аясы кеңейті­ліп, мемлекеттік қызметке кіру шарттары біршама жеңілдетілді. Соған сәйкес бүгінде мемлекет­тік грантпен жоғары оқу орында­рын аяқтаған, тиісті оқу нәтижесі 3,33 GPA көрсеткішінен жоғары түлектер аудандық және ауылдық деңгейдегі төменгі лауазымдарға уәкілетті органмен немесе оның аумақтық бөлімшелерінің келісуі бойынша конкурстық іріктеусіз тікелей тағайындала алады. Бұл білікті жастарды мемлекеттік қызметке ынталандырып, жас мамандардың аудан мен ауыл­дық аймақтарға оралуына, сонымен қатар өңірлердегі кадр тапшылығын азайтуға септігін тигізіп отыр.

Сондай-ақ Президент жа­нын­дағы Мемлекеттік бас­қа­ру акаде­миясында жоғары үл­ге­­рім көрсеткен түлектерді оқу бітір­геннен кейін бір жыл ішін­де лауазымдарға конкурстық іріктеусіз тағайындау мүмкіндігі қарастырылды. «Б» корпусының жоғары лауазымдарына уәкілетті органның келісімімен облыс­тық бюджеттен қаржыландырыла­тын облыстың атқарушы органдары­ның басшысы лауазымдарына тікелей тағайындауға болады. Заңнамаларға енген өзгерістер нәтижесінде Қызылорда облысы әкімі аппаратының ұйым­дас­тыру-инспекторлық жұмыс және аймақтық даму бөлімінің бас инспекторы (санаты D-3) бос мемлекеттік әкімшілік лауазымына Президент жанын­да­ғы Мем­лекеттік басқару ака­демия­сын 2023 жылы бітірген тү­лек конкурстық іріктеусіз таға­йындалды. Заңның 15-бабы­ның 6-тармағына сәйкес 2023 жылы мемлекеттік грант негізін­де бітіріп, GPA көрсеткіші 3,33-тен жоғары болған тағы бір түлек Арал ауданының Жақсықылыш кен­ті әкімі аппаратының бас ма­­­маны, тағы бірі Шиелі ауданы­­ның Тұран ауылдық округі ­әкі­м­­­­дігі­нің жетекші маманы қыз­­ме­тіне таға­йындалды.

«Әдеп жөніндегі кеңес был­­тыр 10 отырыс өткізіп, 49 мә­селе қаралды. Олардың 31%-ы тәртіптік іс болса, қал­ғаны про­филактикалық бағыт­та­ғы есеп­тер мен талдау қоры­тын­ды­ла­ры. Кеңес отырыстарында Әдеп кодексінің талапта­рын бұз­ған 4, мемлекеттік қыз­метке кір кел­тіретін теріс қы­лықтар бо­йынша 11 тәртіптік іс қа­рал­ды. Қа­рау барысында кейбір тәр­тіп­тік іс тоқтатылса, кодекс талап­тарын бұзған 2 мемлекеттік қыз­метші, мемлекеттік қызмет­ке кір келтіретін тәртіптік теріс қы­лықтарға жол берген 3 мем­ле­кеттік қызметші тәртіптік жа­уап­кершілікке тартылды. Про­­филактикалық мәселелерді қа­рау қорытындысында ­Әдеп жөнін­дегі кеңес 174 ұсы­ныс ен­гізіп, ол толығымен орын­далды. Жыл бойына кеңес мүшелері 46 жеке қабылдау өткізіп, оған 148 азамат келді», дейді департамент басшысы.

Бұдан бөлек, департаменттің мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау басқармасы 23 тексеру жүргізіпті. Жеке тұлғалармен қатар мемлекеттік қызметшілер де департаментке өтінішпен ке­ліп, оларды зерттеу барысында 16 бұзушылық анықталған. Осыған байланысты мемлекеттік органдарға 17 нұсқама енгізіліп, толық орындалды.

Қазір мемлекеттік қыз­мет­тегілердің дені таңертең жұмысқа жұрт қатарлы барғанымен, көз байлана қайтады. Түрлі мереке мен саяси науқандар қарсаңын­да қауырт жұмыстан қалжы­рап жүретіндер көп. Салаға енді келген жастардың көбі осыған шы­дамай, басқа жұмысқа ­ауы­­­сып кетіп жатқанын да білеміз. Осы­дан да Мемлекеттік қыз­мет істері агенттігі төрағасы­ның №121 бұйрығымен 2023 жыл­ғы 29 мамырда «Мемлекет­тік орган­дардың жұмыс уақыты режі­мін сақтауына монито­ринг жүргізу қағидалары» бе­кітілді. Департамент ондағы та­лаптардың сақталуын мем­ле­­кеттік органдарға бармай-ақ, қол­жетімділікті бақылау және басқару жүйесінен алынған мә­ліметтер бойынша мониторинг жүргізіп, 2023 жылы 5 482 сағат артық жұмыс істелгенін анықтады. Жергілікті атқару­шы органдардағы қызметкерлер ­3 975 сағат артық еңбектенсе, ор­та­лық мемлекеттік органдар­дың аумақтық бөлімшелері ма­мандары жұмыстан 1 644 сағат кеш қайтқан.

Десе де, «Мемлекеттік қыз­ме­т туралы» заңда шұғыл, күнi бұрын болжанбаған жұмыс­тар­ды орындау үшiн мемлекеттік қызметшілер еңбек заңнамасы­на сәйкес жұмыс уақытынан тыс, демалыс және мереке күндердегі жұмысқа тартылуы мүмкiн және осы жағдайларда мемлекеттік қызметшіге демалыс күндері беріледі немесе жұмысына мем­лекеттік қызметшілердің еңбе­гі­не ақы төлеу жүйесіне сәйкес өтемақы төленеді делінген. Де­партамент мемлекеттік орган­дарға осындай тиісті шараларды қабылдауды ұсынып, 298 мем­лекеттік қызметшіге 261 күн демалыс беріліп, өтем­ақы төленді.

Департамент мемлекеттік ор­гандарға барып та жұмыс уақыты режімінің сақталуына мониторинг жасайды. Сондай дерек анық­талған жағдайда лауазымды тұл­ғаларға қатысты тиісті акті­лер толтырылады. Былтыр жергі­лікті атқарушы органдар мен орта­лық мемлекеттік органдардың 21 аумақтық бөлімшесі тексеріліп, оның ішінде 28 мемлекеттік қызметшінің жұмыс уақыты­нан тыс артық жұмысқа тартыл­ғаны белгілі болды. Оларға заңға сәйкес демалыс күндері берілді.

Мемлекеттік қызметшілерді мінсіз деуден аулақпыз. Бірақ осы күні әлеуметтік желіде кез келген келеңсіздіктің түп-тамырын мемлекеттік қызметкерден із­дейтін бір әдет пайда болды. Кей­де олардың жеке басына жала жауып, ізінен ілік іздегендердің әрекеті «Қасқырдың аузы жесе де қан, жемесе де қан» дегенді еске түсіреді. Әрине, бұл салада жолдан тайып, қоғам қаржысына қол салғандар кездесіп жататыны рас. Бірақ өз қызметін адал атқаратын, ел алдында жүзі жарқын азаматтар да аз емес қой.

«Дәл осы мәселені біз де бір­­­неше мәрте көтердік. Депар­таментке келіп түскен өтініш, арыздарды мұқият тексереміз. Арасында «Жаптым жала, жақтым күйе» дейтіндері де жоқ емес. Әлеу­меттік желіде пі­кір білдіре қойған мемлекет­тік қызметшіні жүндей түтіп жат­қандар оның да осы ел азаматы ретінде құқығы бар екенін ұмытып кететін сияқты. Бұл – әрине ойланатын құбылыс. Жұ­мыс істеуге жан-жақты жағ­дай жа­сал­ғанда ғана іс өнімді, қоғам­ға тиімді болмақ. Қазіргі жүргізі­ліп жатқан реформалардың да көз­дегені осы», дейді Ерлеген Жәрдемұлы.

 

ҚЫЗЫЛОРДА