Жаратқанның берген жарық дүниедегі әр мезеті қымбат дегенімізбен, пендеуи тірлікті күнделікті күйбеңнен бір сәтке болсын алшақ әкетіп, арман әлеміне бойлататын таңғажайып әлем – ол театр! Сиқырға толы ғаламат ғимаратқа күн сайын, күн сайын болмаса да ай сайын, тіпті араға жыл салып бір кіріп шыққан жан дәл сол сәтте жүрекке өшпес сезім сыйлаған кешкі жетідегі әдемі әсерін еш ұмытпасы хақ. Себебі өнер дегеніміздің өзі өмірдің үзіліп түскен мөлдір тамшысы, өзегі емес пе?
Әлем бойынша бірнеше мың театр жұмыс істеп жатыр десек, соның әрқайсысы сахнасында өмірге келген қойылымдары арқылы адамның ішкі әлемін байытады. Театрға пенде болып кірген жан адам болып тазарып шығады.Әсемдікпен әдіптеп, сұлулықпен матап, таңғажайып әлемнің бесігінде тербеп, адамшылық биігінен жүректерге жылылық құйып, сан мыңдаған адамды биіктерге жетелеумен келеді. Иә, театр – тектілік мекені. Мұнда кірлеген сезімдер тазарып, жабыққан көңілдер жай табар ғажайып аура бар. Ол – қасиетті сахна арқылы көрермен жүрегіне құйылар ғажайып музыка – өмір әні! Театрға бір келген көрермен бірнеше жылға азық болар рухани қазына жиып, өмірдің өзгеше нотасын сезініп қайтады. Жүрегі сағыныш пен сезімге толып, жаңарып, адами келбетін толықтырып шығады. Басқа қай жерден адам осындай нәр, осындай қуат алады?! Себебі сахнада өмір мен адамды байланыстыратын нәзік те нәрлі діңгек бар. Ол – махаббат! Махаббаттан нәр алып, өнер тудырған актер әлемі – шын мәнінде ұлылықтың бастауы. Сан түрлі жүрек сырлары мен көңіл күй қайшылықтарының ортақ мәміле тауып, көрерменін көркем ойдың көкжиегіне бойлатып, сұлу сезімнің мұхитына сүңгітетін мәртебелі де мерейлі мекен бұл. Ұлы Мүсіреповше айтсақ, хас сұлудың көз жасындай мөлдір өнер – ол театр!
Кәсіби қазақ театры тұңғыш түндігін түрген сонау 1926 жылдан бастап сахна әлемі сан түрлі соқпаққа түсті. Бірде өрлесе, бірде құлдилады. Тума таланттардың есепсіз еңбегімен еңсеріліп, ұлтымыз үшін есігін айқара ашқан ұлық өнер жылдармен бірге жанданып, жаңарып, жанрлық һәм формалық тұрғыдан түрлі трансформацияны бастан өткерді. Ұтқан тұсы да, ұтылған тұсы да мол. Дегенмен бәрі – тәжірибе. Қателігінен сабақ алып, жетістігін желкен еткен ұлттық театр өнері, міне, ғасырға жуықтапты, қазақ қана емес, жаһан жанарын жаулап, ғалам таныған, мойындаған ғажайып тәжірибелердің тамаша үлгісін көрсетіп келеді. Ұлтымыздың нағыз рухани келбетін қалыптастырып, бүгінгі бетбейнесіне айналып отыр. Астана мен Алматыны айтпағанда, еліміздің түкпір-түкпіріндегі театрлардың барлығы дүр сілкініп, шама-шарқы жеткенінше өнер тудыру жолында тер төгуде. Халықаралық деңгейдегі түрлі фестивальдарға қатысып, қазақ өнерінің байрағын желбіретіп жүрген жеңісті қадамдары да зор құрметке ие.
Кезіндегі театр әлеміне реформа жасаған Әзірбайжан Мәмбетов, одан кейінгі буын Жанат Хаджиев, Қайрат Сүгірбеков, Болат Атабаев, Рүстем Есдәулеттер салған сахнадағы сара жол бүгінде Жұлдызбек Жұманбай, Фархат Молдағали, Дина Жұмабай сынды жас режиссерлер жұмысында жаңаша жол тауып, соны серпіліске ұласып келеді. Дәстүрлі драма театрлары ғана емес, қуыршақ театрларының да тынысы ашылып, тыңға түрен салғандай тосын жаңалықтарға толы. Ұлттық драматургиядан бөлек, Еврипидтің «Медея», Э.Хемингуэйдің «Шал мен теңіз», Ш.Айтматовтың «Ана – Жер-Ана» қойылымдарының қуыршақ театры сахнасында сөйлеуі де жас режиссерлердің іргелі ізденіс жолында екендігін айғақтайды. Сол секілді ұлттық классикамыздың астарына қазақы таным тұрғысынан терең үңіліп, соны сараптауға барып жүрген талантты режиссер Фархат Молдағалидің «Қарагөз», «Құлагер», Жұлдызбек Жұманбайдың «Жусан иісі» сынды қойылымдары ұйықтап жатқан сананы оятқан тамаша ізденістер нәтижесі екендігі сөзсіз.
Кейінгі уақытта театр әлемінде байқалып жүрген тағы бір тамаша үрдіс – төл әдебиетіміздің жауһарларының сахнада жарқырай көрінуі дер едік. Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа», Сайын Мұратбековтің «Жусан иісі», Оралхан Бөкейдің «Қар қызы», «Атау кере», «Ұйқым келмейді», «Жетім бота», Дулат Исабековтің «Гауһартас», Ілияс Есенберлиннің «Ғашықтар», Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдар», Әбіш Кекілбаевтің «Шыңырау», Шерхан Мұртазаның «Ай мен Айша», «Текабұрқақ», Мұхтар Мағауиннің «Шақан шері», Рахымжан Отарбаевтың «Жалғыздық» сынды классикалық шығармаларының сахнадан сәтті үн қатуы да театр әлемінің бабында екенін байқатса керек.
Сол секілді тарихи тақырыптарды тереңнен қаузап, тың формаларға еркін баратын Дулат Исабеков, Сұлтанәлі Балғабаев, Роза Мұқанова, Думан Рамазан, Сая Қасымбек, Қанат Жүнісов бастаған аға буын драматургтердің өкшесін басып, драматургияда жемісті ізденіс көрсетіп жүрген Нартай Сауданбекұлы, Жәнібек Әликен, Қолғанат Мұрат, Әлібек Байбол, Айдана Аламан сынды жас драматургтер жұмысы да жанға жылулық сыйлайды. Қай-қайсысының да қолтаңбасы өзіндік «менімен» дараланады. Әсіресе Роза Мұқанованың «Бопай ханым», «Сарра», «Ешкім де кінәлі емес», Думан Рамазанның» «Жошы хан», Жәнібек Әликеннің «Күйеу бала» қойылымдарын айрықша атап өтуге болады. Тарихи тақырыптарды еркін игеріп, абсурдқа батыл барған һәм қоғамның өзекті, өткір мәселелерін жан-жақты қамтып, шынайы сөйлете білген айтулы жұмыстар кейінгі кездегі «драматург жоқ, жақсы пьесаға зәруміз» деген театрлардың уәжін жоққа шығарып, рухани сұраныстарына тұшымды жауап болғандай.
Ал тыңға түрен салып, жаңашыл бағыттағы жасампаз театрдың іргесін қалаған Нұрқанат Жақыпбай сынды реформатор режиссерлердің еңбегі өнер өрісін өзгеше түрлендірді десек, артық айтпағанымыз. Елорда төрінде ашылған Жастар театрының жүйелі репертуарлық саясаты һәм қазақтың классикасымен қатар әлемдік жауһарларды да жарқырата сөйлете білген еңбегі бүгінгі қазақ театр өнерінің тамаша табысы екендігі сөзсіз. Бір ғана «Қыз Жібек» қойылымымен әлемдік мюзикл фестивальдарында табысты өнер көрсетіп, жеңіспен оралған ұжым еңбегі – шын мәнінде ұлт руханиятына қосылған қомақты олжа. Режиссер Жақыпбайдың ізін жалғап, елорда төрінен ашылған Музыкалық Жас көрермендер театрының табысты ізденістері де ауыз толтырып айтарлық. Дулат Исабековтің «Гауһартасын» қайта жарқыратқан режиссер Асхат Маемиров, Рахымжан Отарбаевтың «Жалғыздығына» жаңаша тыныс сыйлаған Мұқанғали Томанов сынды режиссерлер жұмысын толғанбай тамашалау мүмкін емес.
Қазақ сөзінің әуезіне ұйып, пәлсапасына бас иген литвалық Йонас Вайткустың Иран Ғайып жазған «Қорқыттың көрін» өзгеше сараптауы, сол сияқты Саха елінің саңлақ режиссері Сергей Потаповтың Әбіш әлеміне тереңнен бойлап, «Шыңырауды» шеберлік биігінде кестелеуі шын мәнінде өнердегі айтулы жаңалық болғаны һәм қазақ өнерін ғалам мәдениетіне жақындата түскен іргелі ізденістердің үздік көрінісі екендігі анық.
Ал осынау жарқын ізденіс пен жақсы жұмыстардың астарында актер дейтін қауымның қисапсыз төгілген маңдай тер еңбегінің жатқанын екінің бірі біліп бағалай бермейді. Мәртебелі өнерге қалқысыз қызмет етіп келе жатқан актерлік әлем – шексіз кеңістік. Ендеше өнерден өмір, сахнадан сыр түйе білген шеберлерді бүгінгі кәсіби мерекесімен құттықтаймыз. Себебі бұл жай ғана Халықаралық театр күні емес, мына әлемде жаны кірлеп, рухани шөліркеген пенденің, бойына кемел азық іздегенде барып сая табатын ортақ құндылығының, Мельпоменаның мерекесі. Әр күні кешкі 7-де сахна төрінен көрерменін қуана қарсы алып, өнерімен өмірге мән сыйлап жүрген актер жұмысы жасай берсін дейміз.