Әл-Фараби «мінез – жан айнасы» деді. Қазақы ұғымда мінезі жақсы адамды «ішіне кеме жүзетіндей кең», «мінезі төр жайлаудай», «көңілі көлдей шалқыған жан» деп әспеттеп жатады. Шынында, мінез адам тағдырына тікелей әсер етуші күшке ие.
Этнограф жазушы Болат Бопайұлы жер бетіндегі адамдардың мінезі екі үлкен күретамырдан қалыптасатынын баян етеді. Бірі – «тума мінез», екіншісі – «жұқпа мінез». Тума мінезге жеті атадан жалғасқан қанды, генді, текті, туыстықты қуып тұтасқан, сүтпен келіп сүйекке біткен мінез деп жатқызады. Ал жұқпа мінез деп бала күннен көрген-білген, көңілге түйіп, айналадан сезген, жұғысып-жұқтырған, еліктеген мінезді айтады. Адам баласы ерте күнде өз ерекшелігі мен айрықша болмысын жұртқа көрсетуге бейім болады. Солайша еректігімен, өзіне тән адамдық қолтаңбасымен сүйкімді көрінеді. Уақыт өте келе әртүрлі әлеуметтік топтар, орталар, тұлғалармен танысу арқылы еліктеу соқпағына түсіп, өзінен алыстай бастайды. Міне, осы тұста тума мінезі, тәрбие-тәлімі берік жандар болмысынан аса алыстай қоймайды екен. Ал алыстаған жандар араға жылдар салып өзіне оралып жатады немесе кейбірі өзін таппаған күйде ала-құла мінезбен өмірден өтеді. «Мінез – адамның ішкі жан құпиясын айпарадай ашып көрсетеді. Әр пенденің мінезі – өмірінің негізі. Бағы мен соры тіке мінезге қатысты болады. Оның қоғамдағы дұрыс адамдармен болған қарым-қатынасын көрсетеді. Адамның кім екендігін мінезі дәлелдейді» дейді Болат Бопайұлы «Қазақ мінезі» кітабында.
Данышпандар айтқандай, бақыттың мәні кемелдікке ұмтылу екенін ескерсек, күнделікті мінез түзеу, жан игілігі үшін күресу адамдықтың ісі-дүр.
«Ойға түстім толғандым,
Өз мінімді қолға алдым,
Мінезіме көз салдым,
Тексеруге ойландым»,–
деген хәкім Абай даналығы мінездің асыл құндылығынан хабар береді. Халқымыз «Жақсы мінез – жан көркі», «Адам мінезінен танылады» деп бекер айтпаса керек.