• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Руханият 29 Наурыз, 2024

Жастар әдеби клубы: алғашқы отырыста не айтылды?

148 рет
көрсетілді

Ұлттық академиялық кітапханада Мәдениет және ақпа­рат министрі Аида Балаеваның қатысуымен жаңадан құ­рылған жастар әдеби клубының алғашқы отырысы өтті. Рухани басқосуға еліміздің әр аймағынан келген 18-35 жас аралығындағы қаламгерлер, «Дарын» мемлекеттік жас­тар сыйлығының, Президенттің арнайы әдеби сый­лы­ғы­ның лауреаттары, халықаралық, республикалық әдеби бай­қау­лардың жеңімпаздары қатысып, осы саладағы күрмеулі мәсе­ле­лерді талқылады. Келелі ойларын да ортаға салып, түрлі ұсынысын айтты.

Мәдениет және ақпарат министрлігі жанынан құрылған жастар әдеби клубы қазақ әдебиетіндегі өзекті мәселелерді, жаңа әдеби тенденциялар мен шығар­ма­ларды талқылау, авторларды насихаттау­ды­ мақсат етіп отыр.

«Мемлекет басшысы Ұлттық құрыл­тайда жалпы жастар тәрбиесі, оның ішінде кітапханаларды дамыту, жалпы кітап оқу мәселелерін қолға алуға қатысты нақты тапсырмалар берді. Түптеп келгенде, негізгі мақсат – ұлт руха­ниятын дамыту, сапалы ұрпақ өсіру. Өйткені кітап оқитын бала рухани дүниесі бай азамат болып өсері анық. Бар өнердің түп негізі – әдебиет. Сондықтан жас қаламгерлерге ортақ алаң ұсынып, әдебиеттегі өзекті мәселелерді талқылау – заман талабы», деді Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева.

Отырыста клубтың күн тәртібі бекі­ті­ліп, басшылық құрамы жасақталды, ал­дағы жоспарлары айқындалды. Жиынға қа­тысушылар заманауи әдеби үдеріс пен аударма саласына, кітап шығару және бас­па ісіне, балалар әдебиетін дамытуға қа­тысты өзекті мәселелерге қатысты ойларымен бөлісті.

Сондай-ақ әдеби агенттік, отандық авторлардың шығармаларын насихаттау, кітап оқу мәдениетін қалыптастыру төңірегінде бірқатар мәселе көтерілді.

«Жас қаламгерлерге қолдау көр­сетуде бүгінгі басқосудың маңызы зор деп есептеймін. Жаңа әдеби клуб қазақ әдебиетінің даму көкжиегін кеңейтіп, ұлт руханиятының ілгерілеуіне өз септігін тигізеді деп ойлаймын. Бұрын әдеби байқаулар аз болатын. Қазір жиі ұйымдастырылып жүр. Бірақ сол байқауларды жастарға материалдық көмек ретінде қарап кеткен сияқтымыз. Әдеби байқаудың мақсаты тек ол емес. Әдеби байқау таланттарды танып, жақсы шығармаларды әкелу, жазғызу мақсатында өтуі керек. Мәселен, бұрын «Жалынның» жабық бәйгесінде Тынымбай Нұрмағанбетов, Оралхан Бөкей, Несіпбек Дәутайұлы, Жұмабай Шаштайұлы сияқты жазушылар шыққан. Қазіргі байқауларда бұл мақсат жоқ сияқты. Бәйгелердің көбісі проза жанры бойынша деп жалпылама өткізіліп жатады. Ал прозаға роман да, повесть, әңгіме де кіреді. Сондықтан байқауларды тақырып бойынша, жанр бойынша жеке-жеке жасаған дұрыс шығар. Әрине, басқа да жеке ұйымдардың бәйгесі көп. Оларға әсері болмаса да министрліктің өзіне қарасты әдеби додалардың әділ өтуіне, өз мақсатынан айнымауына ықпал жасалса екен», деді «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, сыншы-әдебиеттанушы Бағашар Тұрсынбайұлы.

Сондай-ақ ол музей-үйлердің мәсе­лесін де ортаға салды. Айталық, Алма­ты­да қаншама ақын-жазушы тұрды, бірақ бүгінде 5-6 ғана музей-үй бар. Ал Астана бас қала болғалы қаншама жыл өтсе де бірде-бір музей-үй жоқ.

«Биыл ЮНЕСКО көлемінде 100 жылдық мерейтойы тойланатын Бердібек Соқпақбаевтың әлі күнге музей-үйі жасалмады. Жалпы, музей-үйлер деген – мәдени ошақтың бірі. Сондықтан кімдердің музей-үйін ашу керек деген тізім жасақтап, концепциясын бекіту керек сияқты», дейді сыншы.

Қазір балалар әде­бие­ті­не қалам тартып­ жүр­ген авторлары­мыз аз емес. Кейінгі уақытта осы­ қа­тар­ды толық­ты­ра­­тын ақын-жазу­шы­лар әл­де­­қайда артып ке­ле­ді. Әйтсе де балалар жазушыларына­ бе­рі­ле­тін қаламақы мардымсыз де­седі. Бұл тура­лы әдеби басқосуда ақын, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лау­реаты Олжас Қасым айтты.

«Бүгінде балаларға ар­налған шығар­малар кө­бе­йіп келеді. Десек те, сол жазушылардың көбісі кі­тап­тарын шығару жағынан қиындықтарға тап болып жүр. Мәселен, баспалар бала­лар тақырыбына қалам тербейтін авторларға өте аз мөлшерде қаламақы төлейді. Егер аты-шығармасы аса таныс еместері болса тіпті де шығара алмайды. Берілген қаламақы өзінің кітабын сатып алудан әрі аспайды. Екінші мәселе, иллюстраторлар мен авторлар арасында байланыс жоғын байқап жүрміз. Иллюстраторлардың жұмысы арзанға түспейді. Мысалы, кітаптың бір бетіне салынатын суретке қылқалам шеберлері кемінде 20 мың теңге алады. Ал сапасын арттырамын деген қаламгер кітабының бір бетіне 30-40-50 мың теңгеден төлеуге мәжбүр. Бұл жағдаят жазушылардың аяғына тұсау болып отырғаны жасырын емес. Сонымен қатар кітаптарды сату жағы да ойланарлық мәселе», деді Олжас Қасым.

Сондай-ақ ол елі­міз­­дегі үлкен бас­па­лар­ қа­зақ­стандық жас автор­лардың кітаптарын шы­ға­руға құ­лық­ты емес еке­нін атап өтті. «Олар кө­біне әлем әде­биетінің жау­һарлары сана­латын «Том Сойердің бастан кеш­кендері», «Ұзын­шұ­лық Пиппи», «Дым­біл­мес­­тің айға саяхаты», «Хәр­ри Поттер» секілді кітаптарды шығарып, сатуды жөн көреді. Себебі ол еңбектер нарықта өтім­ді екені сөзсіз. Осы ретте өзгенікі таңсық, өзіміз­дікі қаңсық дей­тін көзқарастан арылу қа­жет­тігін айтқым келеді. Десек те, біз­дің жас жазушылардың да оқылымды болатын шы­ғармалары баршылық. Айталық, Рүстем Сауытбайдың «Шоко әлемі», Ержеңіс Әбдінің «Ерекше есептері», Мейіржан Жылқыбайдың әңгімелері басқа да авторларымыздың туын­ды­лары сұраныста болатынына сенім­ді­міз. Сондықтан осы мәселені оңтай­ландыруға күш салуға тиіспіз», деді ол.

Ал «Kitapal» кітап дүкенінің жетек­шісі Мирас Кесебаев ауыл жастарына заманауи кітаптарды қолжетімді қылу мақсатында басталған «Ауылға кітап ал» жобасы туралы баяндады. Басқа да танымдық жобалары мемлекеттік деңгейде насихатталса екен дейді.

«Біз «Ауылға кітап ал» жобасымен ауылдағы бір мектепке бір қорап кітап жібереміз – ішінде 50 кітап. Сонда байқа­ға­нымыз, келесі күні-ақ әлгі сөрелер бос тұра­ды. 500 немесе 1000 бала оқитын мек­тепке 50 кітап деген жұқ болмайды екен. Бұл кітаптарды таласа-тармаса оқу­дың себебі – ауыл мектептеріндегі кітап­ханада мұндай кітаптар жоқ. Тағы бір бастамамыз – оқырмандар клубын ашып, жастарға дамитын орта құрып беру. Оның кон­цепциясын жасап, «Кітапал клуб» деген жобаны бастадық. 5 айда 232 клуб, яғни әр клубта 8 адам бар, жалпы саны 2 мың адам мүше болды. Олар кітап оқып талқылап қана қоймай, өз ішінде Спикиң клаб, спортшылар клубы, айтишниктер клубы сияқты топтар ашып, өздерін жан-жақты дамытып жатыр. Олар өздері оқыған мектепке барып, оқушылар арасынан 30-ға жуық кітап оқу клубын ашып тастады. Жастар арасында кітап оқуды трендке айналдырғымыз келді. Оның ішінде әлеуметтік желілерде кітап оқуға қатысты контентті көбейту керек болды. Осылайша, біз «Кітапал подкаст» жобасын қолға алдық. Бір жылдың ішінде 25 шығарылым түсірдік, олар жалпы саны 1 млн-нан аса қаралым жинады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев күні кешегі құрылтайда жастарды кітап оқуға баулу керек, кітапханаларды қал­пына кел­тіру керек деген болатын. Бүгін­де өз нәтижесін беріп жатқан осы жо­баларды мемлекеттік деңгейде көтеріп, насихаттап, ұлттық бюджеттен арнайы қаржы бөлінсе дейміз. Атап айт­қанда, елімізде барлығы 6 мың ауыл­ға кітап жеткізу, оқырмандар клубын ашу, әлеумет­­тік желіде кітапқа қатыс­ты контентті кө­бейту, жастар үшін пайдалы кітап жазу және басу жұмыс­тарын қазіргіден де үлкен масштабта жалғастырар едік», деді «Kitapal» кітап дүкенінің жетекшісі Мирас Кесебаев.

Отырыс барысында аударма мәселесі де тілге тиек етілді. Жас жазушы Есбол Нұ­рах­мет бүгінде мемлекет тарапынан қол­­дау көрсетіліп отырған әдеби аудар­ма­ жұ­мысы жоқ екенін атап өтті. Ал же­­ке баспалар тек әлемде көп оқылған, бест­­­селлер болып танылған, нарықта өтім­­ді кітаптарды ғана аударып ұсынып отыр.

«Бірінші мәселе – аударманың жоқтығы немесе аздығы десек, екінші мәселе аударма сапасының төмендігі, бұл баспалар бөлетін қаражатқа тікелей қатысты дүние. Сапалы аударма жасай алатындар мен мықты редакторлар жоғары қаламақы сұрайтындықтан, жеке баспалар көп жағдайда қаржылық тиімділік жағын бірінші орынға қояды, сондықтан бұл жерде де мемлекет­тің қолдауы қажет. Үшінші мәселе, аударылатын кітаптарды таңдау, яғни талғам мәселесі. Аударылып жатқан азғантай әдеби кітаптардың көбі жеңіл романдар болып келеді. Ал шын мәнінде әлем әдебиетіндегі жүріп жатқан үдерістерден, тың ойлардан, ағымдардан хабар беретін, терең қатпарлы шығармалар бұл тізімге кірмей қалып жатыр. Сондықтан минис­тр­лік әде­би аудармаға арналған «1000 кітап» де­ген бағдарлама жасаса дей­мін. Ол бағ­дарламаның орындалуы он жылға, он бес жылға кетсе де мейлі, ең бастысы, мың кітапқа жеткен­ше тоқтамауға тиіс. Мың кітапты жүз-жүз кітаптан, бір­­тіндеп ауда­рып, кітап­ханаларға жә­не нарыққа да салып отыру керек. Ал кітап тізімі 50/50 неме­се 30/70 деген баланспен жаңа туындылар мен бұ­рынғы классикалық туындыларды қа­тар қамтып отырса деймін», деді Е.Нұрахмет.

Жаңадан бас көтерген әдеби клуб­тың алғашқы отырысында түрлі тақырып қозғалып, тың ойлар айтылды. Жақсы ой сол жерде қалмайды деп сенеміз. Еске салсақ, бұрындары да талай әдеби клуб ашылып, біраз уақытта тоқтап қалған еді. Бұл жолғы әдеби клубты министрдің өзі бас­тап жүргізіп, қадағалап отыр­ғаны әдебиетсүйер көңілге үлкен сенім ұялатады.

Айта кетейік, алдағы уақытта әде­би­ клуб­­тың отырысы еліміздің өзге де ай­­мақ­­­­тарында көшпелі негізде ұйымдас­ты­рылады.