Білімді ұрпақ тәрбиелеу ісі – елдің алдында тұрған келелі міндет. Осы мақсатта республикада мемлекет тарапынан көптеген жоба жүзеге асып келеді. Десек те білім көрсеткіштері сын көтермейді. Мамандар көптен бері ұлттық білім беру жүйесін жетілдірудің өзекті екенін айтып жүр.
Жақында «Ұлттық мектеп моделі: тәрбиеден білімге» тақырыбымен Qazbilim ұлттық лицейінде өткен ғылыми-тәжірибелік конференцияда еліміз өңірлерінен жиналған ұстаздар қауымы саладағы түйткілдерді шешудің, тұлға тәрбиелеудің өзекті мәселелерін талқылады. Осы жиын барысында педагогика ғылымдарының докторы, профессор, «Педагогикалық ғылымдар академиясы» қоғамдық бірлестігі президенті Асқарбек Құсайынов білім сапасын жақсартудың сегіз құраушы жүйесін атады. Кейінгі отыз жылда шетелдік білім жүйесін зерттеп жүрген ғалым «Осы кезге дейін білім беру мазмұнын әлемдік парадигма негізінде қарастырып келдік. Алайда кеңестік дәуірде де, қазір де білім беру парадигмасын дамыта алмай келеміз. Ал көптеген елде баланың құзыреттілігін қалыптастырып, нәтижеге сай жұмыс істеліп жатыр. Еліміз PISA халықаралық зерттеулеріне 20 жылдан бері қатысып келеді. Нәтижесіне көз жүгіртер болсақ, жаратылыстану, оқу, математикалық сауаттылығы жағынан оқушыларымыздың білім деңгейі төмен екенін көреміз. Ал оның басты себебі нәтижеге бағдарланған білім бермеудің салдарымен байланысты», деп атап өтті. Өйткені оқушыларға көп ақпарат берілгенімен, оны болашақта қалай игеріп, қалай қолдану тәжірибесі үйретілмейді. Сондықтан білім сапасын көтерудің ғылыми негіздерін жасау уақыт талабынан туады. Ал ол үшін білім стандарттары мен оқу бағдарламаларының, оқу әдебиетінің, басқару жүйесі мен материалдық-техникалық базаның сапасын жақсарту, рухани-адамгершілік, патриоттық тәрбие беру, педагог кадрлардың біліктілігін арттыру, мониторингтік бағалау жүйесі мен ғылыми-зерттеу жұмыстарын жетілдірудің сапаға тікелей әсер ететін жүйе құраушы фактор екенін қаперде ұстау маңызды.
Осы жиын барысында білім сарапшысы, «Qazbilim Group» компаниясының басқарма төрағасы, PhD Аятжан Ахметжан бірқатар сұрағымызға жауап бере келіп, еліміздегі мектептің барлығы бір ауысымда оқытылғанда әрі бір сыныпта оқушы саны 24 баладан аспаған жағдайда ғана сапалы білімге қол жеткізуге болатынын айтады. Сарапшының айтуынша, бүгінде республикада 130-дан астам үш ауысымды, 150-ден аса апатты мектептер бар. Бәсекеге қабілетті елдер жағдайында мектептерде балалар бір ғана ауысымда білім алып жатыр. Өкінішке қарай, әзірге бұл көрсеткішке біздің елде қол жеткізу мүмкін болмай отыр. Себебі кейінгі отыз жылда үш ауысымды мектептердің жағдайы толыққанды шешілген жоқ. Ал «Жайлы мектеп» жобасы жүзеге асқан жағдайдың өзінде бұл мәселе түбегейлі шешімін таппайды. Алдағы оқу жылында 11-сыныпты – 170 мың, ал 4-сыныпты 410 мың бала бітіреді. Сондықтан республикадағы демографиялық ахуал жеткілікті түрде көңіл бөлуді қажет етеді. Демографиялық дүмпуде сапаға әсер ететін фактордың бірі – мемлекеттік мектептермен теңдей талап қоя отырып, жекеменшік мектептердің көбеюіне мүмкіншілік беру. Өйткені мектеп жеке болғанымен, бала – елдің болашағы. Ал дарынды балаларға қолайлы жағдай туғыза отырып, Назарбаев зияткерлік мектебі, республикалық физика-математика мектептері сынды мамандандырылған білім ошақтарына жеткілікті көңіл бөлу де – уақыт талабы. Дарынды балаларға қоғамның қозғаушы күші ретінде қарай отырып, сапалы білім алуына жағдай жасау, мамандандырылған мектептерде конкурстардың ашық өтуіне мән беру уақыт күттірмейді. Осы орайда әлі күнге кеңестік санадан арыла алмай отырмыз деген қынжылыспен сарапшы білім көрсеткіштерін анықтағанда, пайызбен жарысқа түсуге тосқауыл қажеттігін алға тартты. «Ақиқатындағы сапа мен қағаздағы сапаның мүлдем алшақ екеніне әлемдік зерттеулер дәлел. Сондықтан ең алдымен, жалған ақпарат беруден арылып, зерттеулерді әділ өткізуге, берілген сұрақтарды қазақ тіліне аударып, көшірмесіз қолданғанда ғана халықаралық зерттеулерде білім сапасының жоғары көрсеткішіне қол жеткізуге болады», дейді сарапшы. Бұған қоса сапалы білімге әсер ететін басты фактор – сапалы оқулық жазу. Сарапшы атап өткендей, оқулық жазу қазіргі жағдаймен жалғасын таба беретін болса, оның сапасы ешқашан жақсармайды. Өйткені бағдарламаны және оқулықты жазатын жұмыс тобы оқулық жазу ісін өзінің негізгі жұмысы ретінде қарастырмайды. Мұндай жағдайда сапалы оқулық туралы сөз қозғаудың өзі артық. Сондықтан Ы.Алтынсарин атындағы ұлттық білім академиясы құрамында оқулық жазатын авторлар штатта жұмыс істеуге тиіс.
Бала оқыту, тұлға тәрбиелеу ісінде білікті кадрлар мен инфрақұрылымды дамытудың маңызды екеніне тоқталған Ұлытау облысы білім басқармасының басшысы Сафура Төлекова еліміздегі жекеменшік мектептер тәжірибесіне тоқталды. Сарапшының айтуынша, жекеменшік мектептерді оқушы орнының тапшылығын жояды деп біржақты қарастыруға болмайды. Жекеменшік мектептер біріншіден, мемлекеттік мектептерге бәсекелестік орта қалыптастырады. Бір айта кетерлігі, елімізде тек бизнес көзі ретінде ашылып жатқан мектептердің де бар екенін жоққа шығара алмаймыз. Дегенмен ұлттың алдындағы миссиясына адал, болашақ ұрпаққа сапалы білім беру бағытында көш алдында тұрған мектептер бар. Ал мектептердің бәсекелес ортада дамуы үшін жекеменшік және мемлекеттік мектептер серікес ретінде жұмыс істеп, барлық баланың сапалы білім алуына теңдей мүмкіндік қарастырылуы қажет. Бірақ, өкінішке қарай, балалардың қажеттілігі мен қабілеті әртүрлі болғандықтан, әр баланың қажеттілігіне сәйкес білім беруде үлкен жетістіктерге жете алмай келеміз. Ал дарынды балалардың бәсекелес ортада білім алуына жағдай жасау адами капиталдың өсуіне, интеллектуалдық қабілеттерін дамытуға ықпал етеді.
«Бірқатар жекеменшік мектептерде дарынды балаларға арналған жүйенің жақсы дамып келетінін айта кеткен жөн. Qazbilim, Пифагор сияқты мектептердегі стандарттан тыс білім беру, олимпиадаларға дайындау барысына ерекше назар аударуға болады. Бүгінде әлеуеті жоғары мамандар жекеменшік мектептерге кетіп жатыр. Осы тұрғыдан алғанда мемлекеттік мектептер өзінің жұмыс тұжырымдамасына өзгеріс жасай отырып, педагогтерді тұрақтандыру мәселесіне көңіл бөлгені абзал. Соңғы уақытта мемлекет тарапынан педагогикалық оқу орындарына гранттарды көбейту және педагогтерге қойылатын талаптар күшейтіліп жатыр. Түрлі үкіметтік емес ұйым да әртүрлі жоба аясында педагогтерді даярлау ісіне үлес қосып келеді. Мысалы, Teach for жобасы аясында педагогикалық мамандығы жоқ, бірақ өзара жақын болып келетін мамандарды арнайы курстан өткізе отырып, мектепке мұғалім ретінде даярлау ісі жалғасын тауып жүр. Осы жоба деректеріне сүйенетін болсақ, 2022 жылы ауыл мектептерінің 18,5, қала мектептерінің 31,2 пайызы жоғары санатқа ие болса, былтыр еліміз мектептерінде педагогикалық кадрларға қажеттілік 4 мың маманды құраған. Осы орайда сарапшы мектеп қабырғасында қызығушылығын арттыруға ықпал ететін, білікті педагогтер даярлау ісінде «Мұғалім» жобасының да білікті кадрлар даярлаудағы маңызына тоқталып өтті. Ал елімізде жекеменшік мектептер санының артуы – қалай болғанда да жағымды үрдіс. Ең бастысы, олардың жұмысын сапалы ұйымдастырып, әр баланы тұлға ретінде дамытуға бағытталған мазмұнына терең мән беру қажет», дейді Сафура Сейдуалиқызы.
Мектепте жақсы оқыған оқушы алған білімін ары қарайғы өмір жолында тиімді пайдаланып, жол тауып кете алады. Мектептің қаншалықты сапалы білім бергенін осы үде тұрғысынан бағамдау қажеттігін алға тартқан білім сарапшысы, Кембридж университетінің магистрі Нұрмұхаммед Досыбаев «Егер мектеп жүйесі сапалы білім беретін болса, оқу бітірген түлек университетте де жақсы көрсеткіштерге қол жеткізіп, жақсы ортаға баруға тырысады. Мектептегі білімі оның алдағы өмірінің іргетасы ретінде қаланады», деп атап өтті.
«Елімізде «Білім-инновация» лицейі, Назарбаев зияткерлік мектептері, республикалық физика-математика мектебі, «Дарын» жүйесіне қатысты мектептердің қай-қайсысын алсақ та, жүйелі әрі жақсы нәтижеге бағытталған білім сапасын көреміз. Республикада ұлттық білім беру жүйесінде туындап отырған түйткілді мәселенің барлығы 99 пайыз оқушы білім алып жатқан жалпы орта мектептермен тығыз байланысты. Осы орайда мәселенің неден туып отырғанын түсіну үшін оның айырмашылықтарына мән беру керек. Бүгінде мамандандырылған мектептер мен жалпы орта мектептер арасындағы айырмашылықты басқару жүйесінен анық байқауға болады. Мектептегі менеджменттің әлсіз болуына кооперативті басқару қағидаларының болмауы себеп болып отыр. Елімізде директорларды академиялық тұрғыда дайындағанымен, менеджер болуға үйретілмейді. Халықаралық тәжірибеде мектепте басқарушы орган қамқоршылық кеңес болса, бізде білім басқармалары атқарады. Яғни елімізде қамқоршылық кеңестің құзыреттілігі жоқ. Мектептердегі білім сапасы кадрлардың біліктілігімен тығыз байланысты екенін ескерсек, мамандандырылған мектептерде кадрлар өте мықты іріктеу жүйесінен өтеді. Өкінішке орай, елімізде педагогикалық оқу орындарының нашар жұмыс істеуінен жалпы орта білім беретін мектептерде кадр мәселесі дұрыс жолға қойылмай келеді. Білікті әрі өз ісіне сенімді кадрлар жалпы білім беретін мектептердегі қазіргі жағдайда ұзақ уақытқа тұрақтап қала алмайды. Ал бәсекеге қабілетсіз кадрлар осы білім жүйесінде тұрақтап қалып қалудың жағдайын барынша қарастырады. Мұнымен қоса сапаны арттыруда ескеретін басты жайт – мектептердегі оқу бағдарламасының ескіргендігі. 10-11-сынып оқушысына қажеттісі әрі қажетсізі бар он шақты пәнді оқуына тура келеді. Ал ҰБТ-ға дайындық кезінде осы пәндердің толыққанды кәдеге жарауы күмән туғызады. Осы мәселеге басты назар аударуы қажет тиісті ведомство, өкінішке қарай, оның әлеуметтік салдары бар деген себеппен болуы мүмкін, мәселеге жеткілікті көңіл бөлмей келеді. Сондықтан барлық оқушыға мамандандырылған мектептердегідей жағдай қарастыратын ұлттық жоба қажет. Оған алдағы он жылда қол жеткіземіз бе, бірақ қалай болғанда да алдыға мақсат қоя отырып, осы бағдарламаны енгізу арқылы жалпы білім беретін мектептерде оқып жатқан 99 пайыз балаға толыққанды жағдай жасауға әбден болады», дейді Н.Досыбаев.
Жиын барысында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті доценті Самал Дәрібайұлы, Қаныш Сәтбаев атындағы BINOM мектеп-лицейі директоры Құралай Амангелдіқызы, PhD Бекарыс Нұриман, Абай атындағы республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған орта мектеп-интернатының қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Жарқын Сәленұлы ұлттық білім беру жүйесін дамытуға қатысты пікірлерімен бөлісіп, еліміздің орта білім беру жүйесінде өзекті мәселелерді атап, оның шешу жолдарына қатысты ұсыныстарын білдірді.
АЛМАТЫ