• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 29 Наурыз, 2024

Торғайда ұялы байланыс қызметі қалпына келтіріліп жатыр

94 рет
көрсетілді

Су тасқыны салдарынан Амангелді және Жангелдин аудандарындағы елді мекендердің көбі ұялы байланыссыз қалған. Бүгін Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов зардап шеккен өңірлердегі байланысты қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатқанын мәлімдеді.

«Біз ұялы байланыс операторларына жүгіндік, олар тұрғындарды байланыспен және интернетпен қамтамасыз ету үшін жедел көмекке келді», деді Қ.Ақсақалов.

«Теле2» және «Билайн» компанияларының жедел іс-қимылдарының нәтижесінде аудан орталықтары Амангелді мен Торғайда ұялы байланыс іске қосылды. Сондай-ақ Амангелді ауылында «Кселл» АҚ байланыс операторы байланыс орнатты, Торғай ауылын «Кселл/актив» мобильді интернетімен қамтамасыз ету мәселесі пысықталып жатыр.

Амангелді және Жангелдин аудандары жарықсыз қалғанда «Қазақтелеком» АҚ техникалық қызметкерлері тәулік бойы кезекшілік атқарып, дизель-генераторларының көмегімен тұрғын үйлер мен өзге де ғимараттарды электр қуатымен қамтамасыз ете алды.  

Мәселен, телеком-операторының күшімен облыс орталығынан 600 км қашықта орналасқан Екідің ауылында стационарлық байланыс іске қосылды. Қазіргі таңда байланыс нысандарында су сорғыту жұмыстары жүріп жатыр. Телеком-оператор байланыс нысандарын су басу қаупінің алдын алу мақсатында апат аймағына қосымша күш-құрал жөнелтілгенін мәлімдеді.

«Қазіргі таңда Амангелді ауылында «Теле2», «Билайн», «Кселл/актив» ұялы байланысы жұмыс істеп тұр. Осыдан 20 минут бұрын Торғай ауылында «Билайн» байланысын іске қостық. «Теле-2» байланысын түнде қосқанбыз. Бүгін Қостанайдан 2 дизель станциясы шықты. Кешке дейін «Кселл/актив» ұялы байланысын қосуға тырысамыз», деді «Қазақтелеком» АҚ өкілі.

 

Қостанай облысы