Жер бетінде қанша адам болса, сонша адамның өзіндік ерекшелігі бар. Бұл – даусыз ақиқат. Ал пәкстандық Хануманың жаратылысы тіптен бөлек.
Көптен күткен нәресте дүниеге келгенде, ата-анасының қуанышында шек болмады. Тек бір ерекшелігі ғана әке-шешесін қатты алаңдатады. Ол – сәбидің мүлдем жыламайтыны. Әдетте ата-аналар жас сәбиін жұбата алмай әлекке түсуші еді. Ал Хануманың жыламайтыны керісінше ата-анасын уайымдата бастады. Бірақ дәрігерлер нәрестенің дамуында ешқандай ауытқу жоқ екенін айтып, олардың көңілін тыныштандырады. Жылдар өтеді. Қыз тілалғыш, тәртіпті болып өсіп, анасына қолғабыс жасайтын жасқа жетеді. Бір күні күтпеген жерден (бар қызықтың осылай күтпеген жерден басталатын әдеті ғой) Ханума пияз аршып отырғанда көзінен қатты түйіршіктер тамып түседі. Иә, бұл – жас еді. Енді таңқаларлығы да сол – оның көз жасы кристалды асыл тас болып шықты. Бұл ерекше кристалдардың құрамы әлі күнге дейін белгісіз. Ғалымдар осы құбылысты түсіндіре алмай келеді. Ең бір қуанатын әрі таңғалатын нәрсе Ханумаға бұл қатты көз жасы ешқандай кедергі жасап, зиянын тигізбейді. «Ханшайымның меруерт көз жасы» дегенді ертегілерде ғана болатын ғажайып деп ойлаушы едік. Енді, міне, ертегінің шынға айналғанына анық көзіміз жетіп отыр.
Періштесі қаққан бала
Тарихты ақтарсаңыз адам сенгісіз талай-талай таңғажайыпқа тап боласыз. Бірін білсек, бірін біле бермейміз. Ал бұл 1937 жылы АҚШ-та болған оқиға еді.
Бір күні аула сыпырушы Джозеф Фиглок есімді Детройт қаласының тұрғыны көпқабатты үйдің жанынан өтіп бара жатады. Кенет төбеден... Джозефтің басына төртінші қабаттан бір жасар бала құлап түседі. Бағына орай балдырған да аман қалады, Джозефтің де жарақаты жеңіл болады. Сөйтсе, сәбидің анасы терезені жабуды ұмытып кетіпті. Балдырған білсем екен, көрсем екен деген құмарлықпен терезенің жақтауына шығып, төмен қарай құлдилаған. Қайта аула сыпырушының басына түсіп аман қалады. Ғажайып мұнымен аяқталған жоқ. Тура бір жыл өткеннен кейін тағы бір таңғаларлық оқиға болады. Яғни 1938 жылы Джозеф Фиглок сол көшенің бойымен, әлгі үйдің жанынан өтіп бара жатқан сәтте, баяғы бала тағы да оның басына құлап түсіп, аман қалады. Тап сол сәтте не күлерін, не жыларын білмей қалған аула сыпырушысының есімі осылайша тарихта қалған екен.