Бұл күндері республикалық «Қызылорда-Жезқазған» автожолының облыс аумағындағы бөлігінде жаңғырту жұмыстары қайта жанданды. Елдің оңтүстігін орталықпен байланыстыратын күре жолдың 83 шақырымына асфальт жабындысы төселді. Облыс ауқымындағы ұзындығы 216 шақырым болатын автожол құрылысы 6 учаскеге бөлініп, мердігер мекемелер жоспарға сай жұмыс жүргізіп жатыр.
Қыс айларында да инертті материалдарды учаске басына жеткізу тоқтаусыз жүргізіліп, қазір 5 лот бойынша 24 пен 216 шақырым аралығында құрылыс жұмыстары толық басталып кетіпті.
«Оның ішінде жер жұмыстары, айналма жолдар салынып, жасанды құрылғылар орнатылды. Сондай-ақ су өткізгіш құралдар, мал өткелдері, жолдың жиегін нығайту да жасалып жатыр», дейді «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ облыстық филиалы директорының орынбасары Ерсайын Мұзафар.
Құрылысты «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК облыстық филиалы мамандары ұдайы бақылап отыр. Былтыр жылжымалы зертхана арқылы 202 нысанға тексеру жүргізіліп, құрылыс материалдарынан 611 сынама алынған. Тапсырыс беруші мен мердігер мекемелерге тексеру барысында анықталған олқылықтарды қалпына келтіруге ұсыныс берілген. Бүгінде сол 35 ақау мен зертханалық сынама қорытындысымен анықталған 9 кемшілік толық қалпына келтірілді.
«Жалпы, күре жолды жаңғырту жұмыстары сала министрлігінің де ұдайы назарында. Құрылыс материалдары мен атқарылған жұмыстардың нормативтік талаптарға сай болуын орталық мамандары қатаң бақылауда ұстайтын болады», деді «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК облыстық филиалының директоры Ерболат Көштаев.
Бүгінде күре жол құрылысына 750 адам жұмылдырылып, тұрақты жұмыспен қамтылып отыр. Қызылорда облысы аумағындағы 216 шақырым жол жоспар бойынша келер жылы пайдалануға беріледі.
Қызылорда облысы