Қазақстан мен Арменияның экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Үкіметаралық комиссиясының 10-отырысында екі ел Үкімет басшыларының орынбасарлары Серік Жұманғарин мен Мгер Григорян өзара тиімді ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады.
Вице-премьер Серік Жұманғарин құттықтау сөзінде екі елдің өзара іс-қимылының достық сипатына жоғары баға берді. Қыркүйек айында Қазақстан мен Армения арасындағы достық пен ынтымақтастық туралы шартқа 25 жыл толады.
«Осы жылдар ішінде біздің елдеріміз мемлекетаралық байланыстарды одан әрі нығайтудың негізін қалады. Екіжақты және көпжақты іс-шаралар аясында келіссөздер мен консультациялар белсенді түрде жүргізіп отыр. Біз екіжақты тәртіппен де, ЕАЭО аясындағы өзара іс-қимыл форматында да елдеріміздің нарықтарына қол жеткізу бойынша өзара іс-қимылды кеңейтуге және нығайтуға тиіспіз. Үкіметаралық комиссия – белгіленген мақсаттарға жетудің негізгі тетіктерінің бірі», деді С.Жұманғарин.
Сонымен қатар Армения вице-премьері Мгер Григорян Үкіметаралық комиссияның екіжақты күн тәртібіндегі мәселелерді ілгерілетудегі және жаңа бағыттарды дамытудағы шешуші рөлін атап өтті.
Қазақстан тарапы екі ел арасындағы ынтымақтастықты кеңейту аясында 348,2 млн доллар сомасына металлургия, мұнай химиясы, тамақ өнеркәсібі саласында өңделген 70 экспорттық тауардан тұратын тізбе қалыптастырып, қарауға жолдады, ҮАК отырысында Премьер-министрдің орынбасары «Қорғас» ХШЫО аясында кооперациялық жобалар құруды ұсынды.
«Армения компанияларын Қытай нарығына шығу мүмкіндігін ашатын «Қорғас» ХШЫО қызметіне белсенді қатысуға шақырамыз. Қазақстанда қолайлы инвестициялық ахуал қалыптасты, шетелдік инвестицияларды ынталандыру үшін қажетті құралдар жасалды. Жобаларға барлық кезеңде көмек көрсетіледі», деді вице-премьер.
Сонымен қатар тараптар ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласындағы бірлескен жобаларды іске асыру мүмкіндіктерін, мәдени және гуманитарлық бағыттар бойынша ынтымақтастық перспективаларын талқылады.
Анықтама: Қазақстан мен Армения арасындағы сауда айналымы 2023 жылдың қорытындысы бойынша 23%-ға өсті: 43,1 млн доллардан 53,1 млн долларға дейін. Экспорт 18,9%-ға (28 млн доллардан 33,4 млн долларға), импорт 31%-ға (15 млн доллардан 19,7 млн долларға дейін). Қазіргі уақытта Қазақстанда Арменияның капиталы бар 380-ден астам компания және экономиканың түрлі секторында 72 бірлескен компания жұмыс істейді.