• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 04 Сәуір, 2024

Қайырымдылықтағы алаяқтық

376 рет
көрсетілді

Соңғы жылдары Қазақстанда интернет-алаяқтық деректері күрт артып, қарапайым халық жиған-тергенінен қағылып жатыр. Алаяқтардың қитұрқы әдістері одан әрі дамып, адам сенімін улап бітті. Мұқтаж жандарға қол ұшын созамын деушілер үшін технология да дамып кеткен. Ұялы телефондағы қосымша арқылы кез-келген соманы аудара салу оп-оңай. «Ауырып жатқан бүлдіршінге көмектестім» деп, аударылған қаражат қалай және қайда жұмсалғанын білмейміз де. Алайда қайырымдылық ісінде де алаяқтық белең ала бастады. 

Қоғамдағы осынау өзекті мәселе төңірегінде «Egemen Qazaqstan» газетінің тілшісі Жадыра Мүсілім мақала жазып, желі ішіндегі алаяқтықтан сақтану керектігін еске салды. 

Автор «Қитұрқы қайырымдылық» мақаласында өзгенің қайғысын өз пайдасына айналдырған алаяқтар мен сауаптан сыбаға дәметіп, жомарт жандардың арқасында қалтасын қалыңда­тып жатқандардың саны артқанын жазды. 

Жуырда Астана тұрғыны баласының еміне ақша жинап, ақыр соңында су жаңа көлік пен пәтер сатып алғанын хабарлаған едік. Мақала авторы да бұл оқиғаны назардан тыс қалдырмады. Осылайша 360 мың азамат 4 жылдың ішінде алаяқтың есепшотына 1,7 миллиард теңге аударған. Ең қызығы, алаяқ келіншектің өзі де, күйеуі де еш жерде жұмыс істемеген және кәсіпкер ретінде тіркелмеген. Баланың еміне 50 миллион теңге қажет еді. Бірақ «жанашыр» ата-ана сол емге бар болғаны 6,4 млн теңге «бөлген». Есесіне келіншек Instagram парақшасын дамы­тып, күнделікті жарнамаға 150 мың теңге жұмсаса, желі жұмысын дамытуға 303 млн қаражат шығындаған. Жиналған қаражаттың 127 млн теңгесі қолма-қол банктен алынып, тауарлар мен қызметтер үшін қосымша 101, 5 млн теңге жұмсалған. Бұдан басқа Астана қаласынан екі бөлмелі пәтер, өзіне жаңа «Тойо­та», күйеуіне «Лексус» көлігін сатып алған екен. 

«Қайырымдылыққа» алданған тағы бір жан өз оқиғасын бөлісті. Осыдан біраз жыл бұрын Қуаныш Оспановтың туабітті сырқаты бар баласын сылтау­ратып, «шетелдік дәрігерге қаралу үшін ақша жинап берейік» деген адам да заңсыз байып үлгерді. Қуаныш Оспановтың айтуынша, әлгі адам өзін жаңадан құрылған қайырымдылық қорының мүшесі ретінде таныстырған. Жүрегінде үміт оты қайта лаулаған әке алаяққа баласының суреті мен есепшот нөмірін ұстатқан. Бірақ артынан тек жер сипап қалған. Кейіпкеріміз берген мәліметті желіде жариялап, жомарт жандардан жылу жинаған алаяқтар ізім-ғайым жоғалып кеткен.

Соңғы статистикалық мәліметтерге зер салсақ, күмәнді мақсаттар үшін жалпы 138 банктік карта ашылған. Ал 660 мыңнан аса адамнан жиналған қаржы сомасы 6 млрд тең­гені құрайды. Соның 33%-ында (2 млрд теңге) алаяқтық белгісі бар. Анықталғандай, алаяқтар көптен жинағанды өздерінің бас пайдасына жаратқан. Мәселен, ақшаны жылжымалы және жылжымайтын мүлікті сатып алуға, тұрмыстық шы­ғын­дарға, букмекерлік кеңселерде бәс тігуге және шетелдегі қымбат пәтер­лерді жалға алуға жұмсапты.

Осыдан түйер ой қандай? Әлеу­меттік желілерде ұжымдық қара­жат жинау және оларды одан әрі мақсатсыз пайдаланудың қаупі жоға­­ры. Сондықтан желіде жұрттың жүре­гін елжірететін фотосуреттерді көрсеңіз яки қандай да бір мұқтаж жанға көмектесемін десеңіз, елімізде ресми тіркелген ұйымдар арқылы қаражат аудару дұрысырақ болатынын есте сақтаңыз. 

Ал мақаланың толық нұсқасын мына сілтеме арқылы оқи аласыз.