• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Әдебиет 04 Сәуір, 2024

Ұлт қаламгері

168 рет
көрсетілді

Өмірге келген дарынды адам ерте күннен-ақ басын тауға да, тасқа да ұрып ізденері хақ. Сол бір ты­нымсыз ізденіс үстінде Руми болып ұйықтап, Бай­рон болып оянып, сан түр­лі көңіл күйді бастан ке­шіреді. Сүрінеді, адаса­ды, соңында алдынан бір мұзарт­тың сұлбасы мұнар­тады. Ол – ұлттық мұ­зарт, аласармас ұлт­тық биік.

Бақсақ, қалам ұстаған нөпір жұрт арасынан зәу биікке жете алмай, еліктеу деңгейінде қалып жататыны да көл-көсір. Ал әлем әдебиетін зерделеп, жаһандық ақыл-ойдың інжу-маржанын тоқығандар соңғы бекетке тоқтап ат суарып, бар қазынасын ұлттық қазынаға құяды. Ұлттық қа­ламгердің жан күйі қазақтың қоңыр халіне, мейірбандық, адамгершілік нұрына толып, ар, ұят, обал, сауап шоғының ұясына айналады. Құлдыққа көнбейтін, одырайғанға құлақкесті бойсұнуды білмейтін нағыз ұлттық қаламгер – өркениетті елдің барометрі. Фараби тілімен айтқанда, материяны қажет етпейтін кемел­дік дәрежесіне жетіп, ұлттық ойлау деңгейіне көтерілген айбарлы өнерпаз – ел жоқшысы, рух шырақшысы.

Қазақтың Қадыр Мырза Әлісі бір сөзінде: «Орыстарда ұлы ақындар көп, бірақ ұлттық ақындар аз. Некрасов, Лермонтов, Маяковский, Цветаева бәрі ұлы ақындар. Ал Пушкин, Есенин, Твардовский – осы үш-төртеуі-ақ ұлттық ақындар, бұларда орыстың рухы бар. Ұлттық ақын өзінің ұлтына ғана тән бола­ды да басқа ұлтқа қанша тықпаласаң да сің­бей­ді», деп ой қорытады.

 Иә, ұлттық биікке шығу – екінің біріне бұйырар бақ емес. Бұл үшін туған топырақ­тан нәр алып, қантамырға халық рухының дәнін сіңіріп өсу қажет. Әйтпегенде, тамыр­сыз дарақтай, иіссіз гүлдей борпылдақ дү­ние­лер ұлттық төбеге маңайламайды. Мә­се­лен, Әуезовті оқысаңыз – қазақты оқисыз, Ілияс­тың «Құлагеріне» үңілсеңіз – өзіңізді танисыз, Тәкен Әлімқұловтың «Қараойына» көз жү­гіртсеңіз – дарқан танымыңызға аунап құрт ішкендей құмардан шығасыз. Әбіш Кекілбаев, Қалихан Ысқақ, Асқар Сүлейменов, Қуан­­дық Шаңғытбаев, Кеңшілік Мырзабеков, Жұма­­тай Жақыпбаев, Есенғали Раушанов секілді ­ұлт­­тық исі бұрқырайтын қаламгерлер туралы сөз бөлек. Тайға таңба басқандай еңку-еңку жер шолған ерен шығармаларды оқып, қаза­ғуар би тұрпатты тұлғаға ұқсап алшаңдай басып, бұдырайған екі шекелі, мұздай үлкен көбелі алаш баласындай биіктен төменге қонуды ар санайсыз.

«Қалың елім қазағым, қайран жұртым,

Ұстарасыз аузыңа түсті-ау мұртың.

Жақсы менен жаманды айырмадың,

Бірі қан, бірі май боп енді екі ұртың».

Міне, ұлттық уыз, ұлттық иірім. Мұны шетел тіліне қалай аудармақсыз? Аударғанмен ұлттық дәстүр-ғұрыптан бейхабар жат ел баласы мұны түйсіне алар ма?

«Қаудырап аппақ қудай сақал, шашы,

Қалтырап жынданғандай қолы, басы.

Сағынай саптыаяққа сиіп өлді,

Тоқпақтай тоқсан төртке жетіп жасы».

Жансүгіровтің «Құлагерінде» елдік тұ­ғыр­мен біте қайнасқан, балталасаң да айырыл­мас, уақыт жамбысынан ұшы майырылмас жебе-ұғым жетерлік. Ұлттық поэзияны тек сол ұлттың уызына жарып, топырағына тойған текті ұлы ғана жасай алады. Еуропа жұртшылығы орыс шежіресімен тамырласқан Пушкинді әлі аудара алмай, аударса да тұшына алмай келеді. Сол секілді Абай жырлары бүгінге дейін көршілес орыс тіліне тиісті деңгейде аударылды, шетел жұрты терең түйсінді деу қиын.

Жаңа заманғы кейбір прозаларды оқы­сақ, шетел жазушысының сәтсіз аудармасын оқығандай, можантопай вариация мен калька көзге ұрып тұрады. Не татымды тіл, не ұлт­тық ойлау жүйесі болмаған жұтаң дүние­лер таңдайда қалмас тәтті іспетті. Мәселен, Әуезовті оқысаңыз, көкейге сіңген қайнар­дан мінезіңіз қоюлана түседі. «Тау қабақты, жұлдыз көзді, түндей қара кемпір тау ішін құйындай құтыртып, кезіп жүргендей. Қара желімен «әпсін» оқып үшкіріп тұрғандай» немесе Ғазизаның «есі ауысыңқырап, көңіліне дүние дүниелігін жоғалтқандай, өзінен алыс­тап бара жатқандай» тек қазақ қызына ғана тән ар-ұят алдындағы шұңғыма жан арпалысын ұлттық қаламгерден өзге кім бере алмақ? Әбіштің «Аңыздың ақырындағы» «сусыма құм баянсыздықтың тылсым құдіретін танытқысы келгендей, құп-қу жүзіне жолап кеткен сәл таңбаны жалмап жұтып жатыр» деген жолдарын ұлы даланың қадір-қасиетін туабітті бойы­на сіңірген қаламгер ғана бере алары сөзсіз.

Бірде әңгіме арасында «қазақ болу қиын, бірақ бұл бақыт» деді жақсы ағамыз. Қиын болатыны, азат бастың асқақтығын сақтап өту, кісілік қадір-қасиет биігінен түспеу – екінің бірінің ісі емес. Сірә, Қазтуған жырау «Мадақ жырында» өзінің емес, қазақтың автопортретін жасаған-дүр.

«Бұдырайған екі шекелі,

Мұздай үлкен көбелі,

Қары ұнымы сұлтандайын жүрісті,

Адырнасы шайы жібек оққа кірісті,

Айдаса – қойдың көсемі,

Сөйлесе – қызыл тілдің шешені,

Ұстаса – қашағанның ұзын құрығы,

Қалайылаған қасты орданың сырығы,

Буыршынның бұта шайнар азуы,

Бидайықтың көл жайқаған жалғызы».

Бұл кешегі өңі бұзылмаған, рухы асқақ қазақ баласының суреті, анық сұлбасы. Ұлттың болмысын өзіне ғана тән бояуымен, ерекшелігімен, өзіне тән асқақтығымен шеберлік деңгейінде бейнелейтін қаламгер осы биіктің адамы, осы заңғардың төбесінен бүр атқан ерекше құбылыс.