Өркениетті елдер әр ғасырда өз тарихын хатқа жазып бүгінгі күнге жеткізді. Ал түркілер, оның ішінде қазақтар бар тарихын санасына сақтап, жадына тоқып алды. Оны да аз десеңіз, тау қыраттарына, балбалтастарға төл тарихы мен өркениетін түрліше нақышта қашап, мәңгі өшпестей етіп, табиғатты ашық аспан астындағы кітапханаға айналдыра білді.
Ата-бабаларымыз қай ғасырда да, қай қоғамда да өз ортасында көшбасшы бола білді. Уақыт өзгеріп, дәуірлер дөңгеленген заматтарда әдебиеті мен мәдениетін қағазға жазып, ұрпағына өмірлік бағдаршамын өнегелі түрде қалдырып отырды.
Еліміздегі білім мен ғылымның, әдебиет пен мәдениеттің қасиетті қара шаңырағына айналған Ұлттық кітапхананың ғасырдан астам уақыт бойы еліміздің жадын жалғап келеді. Әрине, елімізде қара шаңырақ көп. Ең алғашқы ашылған театр, университет, мектептерді қара шаңырақ дейміз. Дегенмен мектепте тәлім мен білім үйретілсе, театрда өнер насихатталса, университетте ғаламдық ғылыммен танысса, ал Ұлттық кітапхана осының бәрін қамтиды. Мұнда білімнің ең сарасы, ғылымның, өнердің, мәдениеттің барша түрімен шұғылдануға болады. Оған соқыр тиын сұрамайды. Әлгі «Ақылына ақы сұрамайтын» деген тәмсіл дәл осыған саяды. Сондықтан да Ұлттық кітапхана еліміздегі ең таңдаулы қара шаңырақтың бірі емес пе?
Ұлттық кітапхананың қазыналы қоры бүгінде 7 миллионнан асып жығылады. Бір сәт ойланып көріңізші, 700 емес, 7 мың, 70 мың не болмаса 700 мың емес, бақандай 7 миллион кітап. «Қазақ әдебиеті» газетінің 1935 жылғы 8 сәуір, №11 санының 4-бетінде кітапхана қоры жарты миллионды құрайтынын анықтамалық ақпарат ретінде жазған екен.
ХХ ғасырдың алғашқы жартысы қазақ ұлтына зауалды, нәубетті кезең болды. Зобалаңы мен сұрапылы басым ақтаңдақ кезеңде көп мұраның жойылмай сақталып қалуына себепкер болған осындай парасат ордасын қалайша қасиетті қара шаңырақ демейсіз? Ұлттық кітапхана тек Алматы шаһарына ғана қызмет етіп жатқан жоқ. Онлайн түрде де жер шарының түкпір-түкпірінен келген түрлі анықтамаға сауатты түрде қызмет көрсетіп келеді.
Қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлы «Артық білім кітапта», деп әу бастан-ақ мұқым қазаққа кітаптың құндылығын, қазақ баласының оқып, кітаппен дос болуын насихаттады. Ал қазақтың классик жазушысы Әбіш Кекілбайұлы «Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана» деп, кітап пен кітапхананың қоғам өміріндегі маңыздылығын екі ауыз сөзбен ұқтыра білді.
Шынымен, қазір заман екпіні, дәуір дидары қайтадан кітап оқу дәстүрін, кітапхана мәдениетін қайта жандандырып жатыр. Бүгінгі тілмен айтар болсақ, кітап оқу трендте.
Ал осы жан-жақтылығымен, көпқырлылығымен көпшіліктің көңілінен шығып жүрген Ұлттық кітапхана қай кезеңде де талғампаз оқырманына парасатпен жол бастап, жөн көрсетіп келеді.
Еңселі кітапханамыздағы кітаптар тарихына қарасақ, ХІІ ғасырда жазылған қолжазба кітаптар парасат ордасының беделін арттырып, ғасырлар құпиясын өн бойына сіңіреді.
Дәуірдің дидары бұзылған зобалаң сәтте Ислам дініне қарсы шығушылар қасиетті «Құран Кәрім» кітаптарын, жалпы діни әдебиеттерді сөрелерден алып, лақтырып тастаған тұста, қасиетті кітаптар ақыр соңында Ұлттық кітапханадан орын тапқан.
Діни әдебиеттер мен Құран кітаптарды КГБ-ның қанды қолына ұстатпай, сақтап қалған кітапханашылар еді. Қара шаңырағымызда көне кітаптар сақталған «Сирек кітаптар мен қолжазбалар» қорында ұзақ жылдан бері табысты еңбек етіп келе жатқан мәртебелі кітапханашы Айхан Құдайбергенқызының осы кітаптардың тарихы жөнінде айтар әңгімелері аз емес. Айхан Құдайбергенқызын ғасырлық шежіре кітап дерсің. Жылдар ауысып, замана келбеті түрлі арнаға бұрылып, кітап пен кітапханадан оқырман сиреген кезеңде де табан аудармай, кітапқа адалдық танытты. Өткен күнге бүгінгінің биігімен қарайтын болсақ, 40 000 жазба жәдігердің кітапханаға қалай түскенін санасына сақтап, жадына жаттаған нағыз маман. Жас кезінен осы ордаға жұмысқа кіріп, пайғамбар жасына келген апамыз шежірелі тарихтың өзіндей көрінеді. 40 жылдан асатын жұмыс өтілінің 30 жылы сирек кітаптар мен қолжазбаларға қызмет етумен өтті. Ендеше, Айхан Құдайбергенқызынан естіген қолжазбалар тарихына тоқталсақ.
Жоғарыда атап өткеніміздей, Ұлттық кітапхананың «Сирек кітаптар мен қолжазбалар» қорында 40 000-нан аса сирек кітап болса, солардың ішінде 1 000-ға жуығы қолжазба.
Көнелігі жағынан алдына ешбір кітап шықпаған байырғы «куфи» жазуымен жазылған «Құран Кәрім» кітабы – Ұлттық кітапхананың не болмаса Алматының ғана мерейі емес, ол күллі қазақ даласының мақтанышы. Куфи жазуымен жазылған көне Құранның бүгінгі жасы 900 жылдан асып жығылады. Яғни бұл қасиетті кітап ХІІ ғасырда қағазға түсіп, кітап ретінде түптелген.
Халифаттар салтанат құрған ғасырларда Куфа шаһарында түрліше өрнекпен көркемдеп жазатын калиграфтар өмір сүрді. Жазба мәдениет тарихында куфи жазуымен жазылған кітаптар ХІІІ ғасырдың басына дейін ғана кездеседі. Яғни бұл жазудың тоқтап қалуы Селжұқ қағанатының ыдырауымен тікелей байланысты.
ХІІ ғасырда куфи жазуымен жазылған кітаптың ешбір парағы жоғалмаған. Толық сақталған. Отыз пара дәл сол күйінде бізге жеткен. Кітаптың ең соңғы бетінде Құранды қағазға түсіруші маман мынадай жазба қалдырған екен. Онда: «Селжұқтардың соңғы сұлтаны Санжар сұлтанның қарындасының иелігінде» делінген. Қасиетті Құранның сыртындағы һәм ішіндегі жазбаларға белгілі мөлшерде алтын жалатылып жазылған.
Қытайдың ең сапалы өңделген қағазына жазылған, келесі қордағы Құран қолжазбасы ХVIII ғасырға тиесілі. Бұл қолжазбада да 114 сүре толығымен сақталған. Ал сыртқы мұқабасы асқан шеберлікпен иленген, жас бұзаудың терісімен қапталған. Кітапқа көптеген бояу түрі пайдаланылған. Қара сиямен жазылған сөздер Құранның негізгі сөйлемдері болса, қызыл бояумен жазылған сөйлемдер – Құранның парсы тіліндегі аудармасы. Кітаптың әрбір бетіне алтын жалатылған. Жарық сәулесі түсе қалса, қасиетті әріптер көздің жауын алады. ХVIII ғасырға жататын кітаптың алғашқы бетінен бастап соңғы бетіне дейін шығыстық нақыштағы өрнектермен көркемделген. Ол да кітаптың сұлулығын айшықтап тұрғандай көрінеді. Жалпы алғанда, қазыналы қорымызда 50-ден аса Құрандар коллекциясы (топтамасы) сақтаулы.
Көп кездесе бермейтін өте кішкентай нұсқадағы Құрандар адамды таңдандырмай қоймайды. Өйткені осыдан бірнеше ғасыр бұрын, технология дамымаған шақтың өзінде сондай шағын кітапқа 30 пара Құранды сыйғызып қана қоймай, оны да шығыстық нақышпен көркемдеп, әсем түрде жазып шыққаны таңғалдырады. Кішкентай кітаптар күмістен жасалған қобдишаларға салынып, сақталған. Кітаптың негізінен мойынға тағатын бойтұмар ретінде жасалынғаны анық байқалады. Өзге кітаптар секілді оқу мүмкін емес. Сол үшін кітаптың қобдишасында арнайы үлкейткіш әйнектер қойылған. Үлкейткіш әйнектер арқылы кез-келген жерде оқуға мүмкіндік бар.
Кей кезеңде қағаз тапшылығына және түрлі жағдайға байланысты құрандар параларға бөлініп, жұқа кітапшалар болып та жазылған. Мұндай нұсқадағы кітаптардың қорымызда 50-ден астам түрі сақталған. Барлық Құран араб тілінде жазылады. Бірақ әртүрлі жазу үлгісін қолданған. Мысалы, насих, райхани, құсни хат, куфи, тағы да басқа жазу үлгілері бар. Негізінен Құран аяттары насих жазу үлгісімен өте көп жазылған.
Бүкіл әлемдік мәдениеттерді, өркениеттерді қорғайтын ЮНЕСКО ұйымының «Әлем жады» бағдарламасы бар. Бұл бағдарламаға кез келген елдің көне кітаптары ене бермейді. Бұл бағдарламаның жұмыс тобында әлемге әйгілі ғалымдар, академиктер белгілі бір қолжазбаны ұзақ жыл зерттегеннен кейін «Әлем жады» бағдарламасына кіргізеді. Халықаралық бағдарламаға кітапханамыздағы бес бірдей қолжазба енген. Солардың бірі – Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың «Насабнама» қолжазбасы. Орталық Азияда сопылық ілімнің негізін салушы Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың хикметтері, кітаптары әлемнің барша елінде кездеседі. Бірақ көп жерде түпнұсқа қолжазба түрінде емес.
Қожа Ахмет Ясауидың ата тегі жазылған «Насабнама» қолжазбасының қарсы бетінде әулие бабамыздың мөрі басылған. Хазіреттің мөрін айналдыра он шәкіртінің мөр таңбасы тұр. Көне жәдігер – бүгінгі таңда орта ғасырлар тарихын, оның ішінде қожалар тарихын зерттегенде бірден-бір сілтеме берер дереккөз. Қорымызда сопылық ілімнің даңғыл жолын салған бабамыздың хикметтері жазылған кітаптар да бар. Заман талабы бойынша кітапхана қызметкерлері мен зерттеуші ғалымдар «Насабнаманы» оқырманға түсінікті қазақша, орысша, ағылшынша, түрікше етіп төрт тілге аударды.
Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың кітапхана қорында төрт толық «Хикметі» сақталған. Олар Қазан, Санкт-Петербург, Ташкент, Ыстанбұл қалаларында басылған даналары. Ыстанбұлда басылған Ясауидың «Хикметі» егемендіктің алғашқы жылдары көркем аудармамен қазақ тіліне аударылып, оқырман назарына ұсынылды. Оның көркем аудармасын жасаған – ақын Сәрсенбі Дәуітов. Бабамыздың көп жерде кездесе бермейтін қара сөзбен жазылған философиялық «Рисала. Миратул Қулуб» (Ақыл айнасы) кітабы да қорымыздың төрінен орын алған. Бұл кітабында бабамыз шариғат, тариқат, мағрифат, хақиқат сынды салаларда ой қозғайды.
ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» бағдарламасына енген тағы бір құнды қолжазба – Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың төл шәкірті, ел арасында Хәкім ата атымен кеңінен танылған Хазірет Сүлеймен Бақырғанидың «Хикмет Хазірет сұлтан әл-Ғарифин» атты қолжазбасы.
Құндылығы жоғары бұл жауһар шығарманы Ұлттық кітапхана қорына белгілі қоғам қайраткері, ағартушы, шығыстанушы-ғалым Қоңырқожа Қожықов тапсырған. Ол 1930 жылы сол кездегі Қазақ КСР-нің мемлекеттік көпшілік кітапханасында Сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбалар бөлімінің қызметкері болып жұмыс істеген. Арда азамат сол жылдары Оңтүстік Қазақстан облысына ғылыми-ізденіс мақсатымен барған экспедиция аясында осы кітапқа қолы жетіп, кейіннен 1936 жылы кітапхана қорына әкеліп тапсырады.
Әйтсе де ұлтының келешегі кемел болуы үшін еңбек еткен көптеген қайраткер ол кездері міндетті түрде КГБ назарында болатыны сөзсіз. Осыдан кейін көп ұзамай Қоңырқожа Қожықов 1938 жылы «халық жауы» деген жаламен тұтқындалып, ату жазасына кесіледі. Ол 1957 жылы 23 желтоқсанда толықтай ақталады. Хәкім атаның біз сөз етіп отырған «Хикмет Хазірет Сұлтан әл-Ғарифин» атты көлемді еңбегі сол сұрапыл кезеңде Қоңырқожа ағамыздың қайраткерлігі болмаса, бұл күнде мүлде ұмыт болар ма еді, кім білсін? Ұзақ жылғы зерттеулер бұл еңбектің расымен Сүлеймен Бақырғанидың төл туындысы дегенге тоқталып, 2019 жылы Ұлттық кітапхана директоры, мәдениет жанашыры Бақытжамал Оспанованың тікелей бастамасымен, Мұхамедрахым Жармұхамедов пен Мақсұт Шафиғидің транскрипциясымен редакцияланып, толықтай түсініктеме жазылып, көрнекті ясауитанушы, филология ғылымдарының кандидаты Айнұр Әбдірасылқызының кіріспе сөзімен жарыққа шықты. Шығарылымға жауаптылар: Ж.Н.Қариева, Н.М.Асқарбекова, А.Қ.Бекпулатова, Т.А.Замзаева сынды кітапхана қайраткерлерінің арқасында, Қазақ энциклопедиясы баспасынан 984 бетпен басылып, ғылыми-көпшілік оқырман қауымға жол тартты. «Хикмет Хазірет Сұлтан әл-Ғарифин» бүкіл әлемдегі барша халықтың мәдениетін қорғаушы һәм қолдаушы құзыреті кең ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мәдени және табиғи мұралар комитетінің шешімімен «Әлемдік мұра» реестріне 2003 жылы қолжазбалар қатарына енген. Бұл да асыл қазынамыздың берік сақталуына, жоғары дәрежеде қорғалуына септігін тигізгені сөзсіз.
Ұлттық кітапхананың «Сирек кітаптар мен қолжазбалар» қызметіндегі қасиетті кітаптар қатарынан №318 (2343-38) шифрімен сақталып келе жатқан Сүлеймен Бақырғанидың «Хикмет Хазірет Сұлтан әл-Ғарифин» атты хикметтер жинағында «Бақырғани» қолжазбалар бөлімінде кісі аттарымен де кездесетін хикметтер келтіріледі. Бақырғани өз хикметтерінде Исламның тұнығынан мейірлене қанып ішіп, қасиетті кітап Құран Кәрімнің көптеген аятын хикметке жыр түрінде түсіріп, көптеген өнеге сөз қалдырды. Меніңше, әрісі Әл-Фарабиден, берісі Ясауи, Бақырғанимен өрбіп, хакім Абайға жалғасқан Құран аяттарын өз еңбектеріне кірістіру шығарманың өміршеңдігін, мазмұндылығын аңғартса керек.
Киелі де қасиет тұнған бай кітап қорымызда әлемге аты әйгілі шайыр Низами Гәнжауидің көлемді «Хамса» қолжазбасы да бар. 1488 жылы қағазға түскен нұсқасы баз қалпында сақталып келеді. Кітапханадағы 40 000 дана көне жәдігердің, соның ішінде 1 000-нан асатын қолжазбаның аңызға бергісіз тарихын бір мақала не бір зерттеу барысында жазып бітіру мүмкін емес.
«Қолда барда алтынның қадірі жоқ», дейді данышпан халқымыз. Қазіргі күнде ұлт пен адамзат тарихына қатысты көне жәдігерлерді зерттеп, ғасырлар арасын байланыстырар ғалымдар мен меценаттарды қасиетті жазбалар күтіп тұр.
Абыздардың, ғұламалардың мүбәрак денелері қорымда дамыл тапса, олардың қаламынан туған ұлтқа, адамзатқа ортақ кітаптары, қолжазбалары осы кітапханада сақталып, ұрпақ игілігіне қызмет етіп, оларды қайта тірілтпей ме? Төл тарихы ғасырдан асса да, кітап тарихы Х ғасырға жуықтаған Ұлттық кітапхананың қазыналы қоры мұқым елдің, оның ішінде қазақ халқының мақтанышы екені даусыз.
Қанат АЛТЫНБЕК,
Ұлттық кітапхананың «Көрмелер және мәдени бағдарламалар» бөлімінің қызметкері