• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Аймақтар 05 Сәуір, 2024

Азаматтық парыздың үлгісі

72 рет
көрсетілді

Еліміздің бірнеше өңіріндегі су тасқынының салдары, жергілікті тұрғындардың көңіл күйі мен тұрмыстық қиындықтарын Түркістан өңірінің жұртшылығы жақсы түсінеді. Олай дейтініміз, осыдан төрт жыл бұрын мамырда қалың нөсер жаңбыр жауып, қатты жел соғуы салдарынан Өзбекстандағы Сардоба су қоймасының бөгеті бұзылып, Мақтаарал ауданындағы елді мекендерді су басып қалған болатын. Міне, сол қиын кезеңде бүкіл ел болып, яғни барлық облыс халқы көмек қолын созды.

Жақсылықты ұмытпаған жұрт бүгінде зардап шеккен өңірлерге қолдан келген көмегін беріп жатыр. Осы орайда Түркістан облысы «Жастар ресурстық орталығы» ғимаратында, өңірдің барлық аудан, қалаларында штабтар ашылып, тұрғындардың көмегін қабылдауда. Зардап шеккен тұрғындарға көмек қолын созамын деген еріктілер мен облыс тұрғындары игі іске өз үлестерін қосты. Алғашқы күннің өзінде тұрғындар, мәслихат депутаттары, жергілікті жомарт азаматтар ең қажетті және жолға жарамды заттармен қамтып үлгерді. Бірінші жүк көлігі Ақтөбеге жеткізіліп, облыс жастары оны үлестірді.

Сондай-ақ жуырда гуманитарлық көмек тиелген екінші керуен жолға шық­ты. Түркістандықтар 30 тоннаға жуық азық-түлік, киім-кешек, көрпе-төсек, тұрмысқа қажетті заттар жинады. Сол жүкті жеткізу үшін аудандық және қала­лық жастар орталығынан құрылған штаб мүшелері облыс орталығына келіп, бірлесе жұмыс атқарды. Қажетті заттар жүк көліктеріне тиелді. Гуманитарлық керуенді шығарып салған облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Ерлан Күзембаев игі іске үлес қосқан өңір жұртшылығына, кәсіпкерлерге ризашылығын білдіріп, су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге қолдау көрсету жұмыстары жалғасатынын жеткізді.

Айта кетейік, Ақтөбе өңірінде Түркістан облысынан барған ерікті жастар қалпына келтіру жұмыстарына қатысып, зардап шеккен тұрғындарға көмек көрсетіп жүр. Сондай-ақ су тасқынынан зардап шек­кен өңірлерге төтенше жағдайлар департаментінің құтқарушылар тобы мен арнайы техникалар жіберілді. Құтқарушылар Солтүстік Қазақстан облысына барып, қарғын судың алдын алу жұмыстарына атсалысты. Кәсіби мамандардан құралған топ тасқын қаупі жоғары Ғабит Мүсірепов, Айыртау, Тайынша және Тимирязев аудандарында жұмыс істеді.

 

Түркістан облысы