Петропавл қаласының әкімі Серік Мұхамедиев су басқан аудандардың тұрғындарын эвакуациялауға алдын ала дайындалуды сұрады. Сондай-ақ қала әкімі су тасқынына қарсы іс-шараларға белсене қатысқан азаматтарға алғыс айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.
Петропавл қаласының әкімі Серік Мұхамедиев облыстағы су тасқыны салдарына байланысты жағдайдың әлі де күрделі екенін айтты. Сергеев су қоймасының тасуы 415 см құрайды, бұл көрсеткіш 2017 жылғы деңгейден асып түсті. Қаланың Заречный, Кожевенный, Тепличное, Подгора аудандарында 2000-нан астам адам мен 29 саяжай елді мекендерін су басу қаупі жоғары.
«Аталған маңайлардың тұрғындары бағалы заттар мен жануарларды тасымалдауы керек. Мұқтаж жандарға көмек көрсетіледі. Құрметті қала тұрғындары, сіздердің мүліктеріңізді тасымалдауға ешкім кедергі келтірмейді. Уақыт жоқ, судың келуін күтпеуіміз керек. Барлық шараларды қазір қабылдаңыздар», деді қала әкімі.
Әкім қалалық су арнасына қауіп төніп тұрғанын айтып, жергілікті тұрғындарды көмекке шақырды.
«Адамдар мен техника тәулік бойы жұмыс істеп жатыр. Сондықтан сіздердің көмектеріңіз қажет. Заречный, Кожевенный, Ущева ауылдарындағы бөгеттерді нығайту жұмыстарына ерікті азаматтарды шақырғым келеді. Сондай-ақ Подгора облысының қамқор тұрғындарына алғысымды білдіремін. Олар кешеден бері айналма жолдағы қоршауды нығайтып жатыр. Құрметті тұрғындар, сабыр сақтаңыздар. Сарапшылардың ұсыныстарын орындаңыздар. Бірде-бір тұрғын мен оның мүлкі назардан тыс қалмайды», деді С.Мұхамедиев.
Қырмызы ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ,
ЕҰУ студенті