• RUB:
    4.75
  • USD:
    498.55
  • EUR:
    524.28
Басты сайтқа өту
Сенат 10 Сәуір, 2024

Ұлттық мүддеге сай стратегиялық әріптестік

114 рет
көрсетілді

Парламент Сенатының төр­ағасы Мәулен Әшім­баев Орталық Азия бо­йын­ша арнайы өкіл Фара Карими бастаған ЕҚЫҰ Пар­ламенттік Ассамблея­сы­ның делегациясымен кез­дес­ті. Тараптар өзара іс-қи­мылды, оның ішінде ха­лық­­аралық ұйымдар ая­сын­д­ағы байланысты одан әрі дамыту мәселелерін тал­қылады.

Кездесуде Мәулен Әшімбаев Қазақстан ЕҚЫҰ-ны қауіпсіздік пен ынтымақтастыққа қатысты іргелі мәселелер бойынша шешімдер қабылдау үшін тиімді көпжақты алаң ретінде қарастыратынын атап өтті.

«Қазіргі таңда ЕҚЫҰ Ұйым алғаш құрылған кездегідей Шығыс пен Батыс арасындағы «көпір» ретінде маңызды миссия ат­қарып отыр. Біз еуропалық кеңіс­тіктегі негізгі саяси серік­тес­теріміздің бірі – ЕҚЫҰ Пар­ла­менттік Ассамблеясымен конст­рук­тивті ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүдделіміз. Қазақ­стан Парламентінің депутаттары ЕҚЫҰ Парламенттік Ассам­блея­сының сессияларына, оның комитет­терінің жұмысына және байқау миссияларының құрамындағы міндеттерге белсенді қатысып келеді», деді Мәулен Әшімбаев.

Сондай-ақ Сенат спикері бүгінде Орталық Азия мемлекет­тері арасындағы қарым-қатынастар стра­тегиялық әріптестік пен ода­қ­тас­тыққа табан тірей отырып, дәйекті түрде дамып келе жат­қанына назар аударды. Бұл мәселеге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ерекше көңіл бөліп келеді. Тараптар өңірдегі ынтымақтастықтың жоғары деңгейін Парламенттер арқылы да қолдап отыр.

«Өңірлік жақындасу үрдіс­тері біздің елдеріміздің ұлттық мүд­де­леріне сай келеді. Сондай-ақ Ор­та­лық Азияның зор экономи­ка­лық және мәдени әлеуетін іске асыруға ықпал етеді. Мемлекет басшылары 2022 жылы Орталық Азияны ХХІ ғасырда дамытудың достық, тату көршілік және ынтымақтастық туралы шартына қол қойды. Біз Өзбек­стан, Қырғызстан және Тәжік­станмен ынтымақтастық жө­нін­дегі екіжақты парламентаралық комиссиялар аясында белсенді жұ­мыс істеп келеміз. Сонымен қатар жаңа алаң – Орталық Азия мем­лекет­терінің Парламент­аралық фору­мын құрдық. Форумның ал­ғаш­қы отырысы былтыр Қазақ­станда өтті», деді Палата төрағасы.

Мәулен Әшімбаев ЕҚЫҰ ПА өкілдеріне Мемлекет басшысының бас­т­амасымен Қазақстанда жүр­гізіліп жатқан реформалардың іске асырылу барысы туралы да айтып берді.

Сонымен қатар Орталық Азия ел­деріндегі экологияның жай-кү­йіне, климаттың өзгеруіне, транс­ше­каралық өзендерге, суару, су ресурс­тарын үнемді пайдалану және бас­қа да салаларға қатысты өзекті проблемалар талқыланды. Атап айтқанда, тараптар Арал теңізінің экожүйесін қалпына келтіру жөніндегі бірлескен жобаларға және Палатаның осы бағыттағы заңнамалық жұмысына ерекше назар аударды.

Өз кезегінде ЕҚЫҰ ПА өкілдері Қазақстанда жүргізіліп жатқан саяси және әлеуметтік-экономикалық өзгерістердің маңызына тоқталып, олардың нәтижелерін жоғары баға­лады. Сондай-ақ алдағы уақыт­та парламентаралық ынтымақтастық одан әрі нығая түсетініне сенім білдірді.