• RUB:
    4.75
  • USD:
    498.55
  • EUR:
    524.28
Басты сайтқа өту
Инфографика 11 Сәуір, 2024

Нақты жұмыстар алгоритмі

237 рет
көрсетілді

Үкіметте су тасқыны жағдайына байланысты эвакуациялық орталықтарға орналастырылған балалармен жұмыс істеу алгоритмі жасалды. Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен су тасқыны салдарын жою шаралары бойынша кеңесте вице-премьер Тамара Дүйсенова бұл механизмдер туралы толығырақ айтып берді.

Қазір 115 оқушы білім алатын 130 мектепте оқу үдерісі қашықтан жүріп жатыр. Эвакуациялық орталықтардағы балалар келесідей бөлінуде:

Бастауыш сынып оқушылары (1-4 сыныптар) (207 бала ата-аналарымен бірге) оқу үдерісін толық ұйымдастыра отырып, сауықтыру орталықтарына (лагерьлерде) орналастырылады. 5-8 сынып оқушылары (1 577 бала) «Дарын», БИЛ, НЗМ мектеп интернаттарына орналастырылады. Жоғары сынып оқушылары (9-11 сыныптар)  (213 бала) колледждер мен жоғары оқу орындарына уақытша орналастырылады.

Вице-премьер міндет су тасқыны және қалпына келтіру жұмыстары аяқталғанға дейін балаларды оқумен және жазғы демалыспен қамтамасыз ету екенін атап өтті.

«Алгоритм әзірленді, оны жұмаға дейін әкімдіктерге жеткіземіз. Бұл жұмысқа кәсіподақтарды, жекеменшік лагерьлер мен мектептерді, тегін жол жүруді қамтамасыз етуде ҚТЖ-ны, ЖОО оқытушыларын және т.б. қосамыз. Жалпыға бірдей білім беру қоры аясында балалар барлық қажетті керек-жарақпен қамтамасыз етілетін болады. Мектеп психологтерінің жұмысы да ұйымдастырылған», деді Т.Дүйсенова.

Сонымен қатар вице-премьер меди­циналық өнімдер мен дәрі-дәрмек қоры туралы баяндады.

Денсаулық сақтау саласындағы үш негізгі міндет бойынша жұмыстар жүргіз­і­ліп жатыр: санитарлық-эпидемио­логия­лық бригадалар жұмысы, зардап шеккендерге медициналық көмек көрсету және оларды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету.

Атап айтқанда, санитарлық-эпиде­мио­логиялық бригадалар Ауыл шаруашылығы министрлігі мамандарымен бірлесе су сапасын тексеру және өлексе көмілген жерлер, қоқыс орындары және септиктерді бақылауға алу бойынша жұмыстар жүргізіп жатыр.

Бұдан бөлек, жұмыс тобы инфек­циялық және бактериологиялық ауру­лардың таралуының алдын алу үшін ресейлік әріптестерімен үнемі байланыста. Жұмыс қорытындысы бойынша ескерту шаралары қолданылады.

Вице-премьердің айтуынша, барлық жұқпалы ауру ауруханалары мен медқыз­меткерлер қажет болған жағдайда тәулік бойы жұмыс істеуге дайындалып отыр.

«Алгоритм бар, эвакуациялық пункт­терде мобильді топтар жұмыс істеп жатыр. Диспансерлік есепте тұрғандар мен жүкті әйелдер ерекше бақылауда. Дезин­фекциялық құралдар мен дәрі-дәрмектің 2 айлық қорын жасау міндеті тұр»,  деді Т.Дүйсенова.

Қажетті дәрі-дәрмек қорын медици­налық ұйымдардың базаларында және СҚ «Фармация» аймақтық қоймаларында жинау жоспарланған. Қазір Денсаулық сақтау министрлігі өңірлермен тығыз байланыста белсенді жұмыс жасап жатыр.

 

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 19 желтоқсандағы №1358 қаулысы

Шығынды өтеу қағидалары

Алгоритм

Материалдық залал келтірілген зардап шегушілер төтенше жағдай туындаған күннен бастап күнтізбелік 30 күн ішінде жергілікті атқарушы органға (әкімдік) материалдық залалды өтеу туралы өтініш береді.

Жәбірленушінің өзінің өтініш жазуға мүмкіндігі болмаған жағдайда, оның туыстары немесе сенімхат негізінде өзге де адамдар, сондай-ақ егер жәбірленуші кәмелеттік жасқа толмаған болса, заңды өкілдері келтірілген зиянды (залалды) өтеу туралы өтінішпен жүгіне алады.

Келтірілген залалды өтеу туралы өтінішке: зардап шегуші адамның жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі; табиғи сипаттағы ТЖ туындаған сәттен бастап немесе ТЖ жою кезеңінде зардап шеккен адамның жоғалған және/немесе бүлінген мүлкінің тізбесі қоса беріледі.

Өтініштер мен құжаттарды тіркеуді әкімдік зардап шегушіге құжаттардың қабылданғанын растайтын қолхат бере отырып, материалдық залалды өтеу туралы өтініштерді тіркеу журналында жүргізеді. Материалдық залалды өтеу туралы өтініш әкімдікке құжаттар келіп түскен күннен бастап 15 жұмыс күні ішінде қаралады. Әкімдік өтініш тіркелген күннен бастап 10 жұмыс күні ішінде бағалаушыны тарта отырып, келтірілген залалдың мөлшерін бағалауды (өтініш берушінің мүлкіне қолжетімділік болуға тиіс) ұйымдастырады. Жәбірленуші бағалау жүргізілетін уақыт пен орынды анықтайды, кейін жәбірленуші бағалау туралы есеппен танысуға тиіс. Әкімдік бағалаушы қорытынды шығарғаннан кейін 3 жұмыс күні ішінде облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның және облыстық маңызы бар қаланың бюджетін атқару жөніндегі уәкілетті органмен келісілген қаражат бөлу туралы шешім қабылдайды. Зардап шеккендерге төлем тиісті шешім қабылданғаннан кейін күнтізбелік 30 күн ішінде жүзеге асырылады.

Мүлікті толыққанды әрі сапалы бағалау үшін сарапшылардың жұмысы су тасқыны жағдайы тұрақталып, үйлер мен аула аумақтарынан су толығымен тартылғаннан кейін басталады.

Жергілікті атқарушы органдарға қажет болған жағдайда өтініштерді қабылдау мерзімін ұзарту тапсырылды.