Сәтбаев су арнасындағы бөгеттің жағдайы кәсіпорын өкілдерін алаңдатып отыр. Айтуынша, осыдан бес жыл бұрын №87 бөгетке жасалған жөндеу жұмыстары сапасыз жүргізіліп, бүгінде оның салдары айқын біліне түскен. Бөгеттің жиегі мүжіле-мүжіле, бүгінде қауіптің ең жоғары шегіне жетіп отыр.
Сәтбаев арнасының жағдайы кері кетіп тұрғанын бұдан жыл бұрын да мәселе етіп көтергенбіз. «Қазсушар» РМК оның жылдық табысынан 2 млрд теңгені жырып алып, еліміздің өзге аумақтарындағы инвестициялық жобаларға жұмсап жатқанын, салдарынан арнаның қаржылық ахуалы нашарлап кеткенін тілге тиек еткенбіз. Алайда мәселеге жоғары жақтағылар бас ауыртпай отыр.
Жығылғанның үстіне жұдырық, биыл арна бойында тағы бір мәселенің құлағы қылтиды. 2019 жылы төртінші су торабының 87-бөгетінде реконструкция жұмыстары жүргізілген. Алайда мердігер компания жөндеу жұмыстарын сапасыз әрі шала-шарпы жүргізіп, бүгінде су қоймасы апаттық жағдайда тұр. Соның салдарынан арнаның техникалық күйі нашар жағдайға түскен.
Сәтбаев арнасы Павлодар пайдалану басқармасының басшысы Владимир Егеревтің айтуынша, сапасыз жөндеу жұмыстарының салдарынан жақын маңдағы елді мекендерге қауіп төніп отыр. Су қоймасының ернеуі жырылып кетсе, мол су сыртқа лақ ете қалуы мүмкін. Бөгет тез арада қалпына келтірілмесе, көктемгі су жіберу шаралары кезінде жағдай қиындай түседі.
– Бізді жазғы уақытта су бетінде пайда болатын толқындар алаңдатады. Қыста проблема жоқ. Толқын бөгетке соғылған сайын ол мүжіле береді. Кез келген уақытта жарып шығуы мүмкін. Сол үшін алаңдаймыз. Қазір бөгеттің жағдайын үнемі қадағалап отырмыз, күйі нашарлап барады. Құрылысқа толық жөндеу жасалуы керек, – дейді ол.
Бұл мәселені «Amanat» партиясының партиялық бақылау комиссиясы бақылауға алған. Олар наурыз айының ортасында су арнасына барып, жағдаймен танысып та қайтты. Түйткілді шешу үшін сараптама жасап, қайтадан мердігерді таңдау керек деп есептейді. Бұған дейінгі мердігер жұмыстарды жеріне жеткізіп орындай алмағаны анық, себебі ол маманданған компания емес еді. Су арнасы оны сотқа беріп, жеңіп шыққан. Бірақ сот істерінің өзі екі жылға созылыпты. Сондықтан мамандар алдағы уақытта конкурстық жұмыстарда жеңіп шығатын мердігерді таңдауда сақ болу керек екенін ескертіп отыр.
«Арна – стратегиялық тұрғыдан өте маңызды нысан. Ондағы кемшіліктер Орталық Қазақстан үшін айтарлықтай апаттық жағдай туындатуы мүмкін. Республикалық бюджеттен аталған су арнасының жөндеу жұмысына қомақты қаржы бөлінді. Біз бұл қаражаттың дұрыс игерілуін қадағалаймыз. Бұған дейінгі жөндеу сапасыз болып шықты. Ендігіде ондай кемшілік орын алмауы керек», дейді «Amanat» партиясы өңірлік филиалы партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Олег Костенко.
Жалпы арна Павлодар облысының Май ауданындағы Белая өзенінен басталып, Қарағандыға дейін жалғасады. Жалпы ұзындығы 459 шақырым болса, соның 380-дей шақырымы Павлодар облысының аумағында орналасқан. Су торабының бірегейлігі сол, 22 сусорғы стансасы суды төменнен жоғарыға қарай айдап, жалпы биіктігі 418 метрге дейін көтереді. Мұндай су артериясы жер бетінде жоқ. Оның жоба-жоспарын кезінде академик Қаныш Сәтбаевтың өзі жасап кеткенін екінің бірі біле бермейтіні де анық. Сусорғы-қуат жабдықтары жылына шамамен 2 200 млн КВт/сағат электр энергиясын тұтынатындықтан арнаның екінші кезегі – «Қарағанды – Жезқазған» бағыты жүргізілмеді. Яғни сол тұстағы мамандар мұны тиімді емес деп есептеді. Соның әсерінен арна бүгінде өз әлеуетінің тек 40 пайызын ғана пайдаланады.
Ресми мәліметтерге сүйенсек, жылына тұтынушылар арнадан 450-460 млн текше метр су сатып алып отыр. Кәсіпорын азаттық жылдарында үш мәрте банкрот бола жаздаған. Бірнеше жағдайдан әупірімдеп шыққанымен, ақыр соңы 2000 жылы банкрот болып танылып, қайта құрылымдаудан өтеді. Сол тұста мекеме «Қаныш Сәтбаев атындағы су арнасы» республикалық мемлекеттік кәсіпорын болып аталды. Алайда 2011 жылы ұйым республикалық мәртебесінен айырылып, «Қазсушар» РМК-ның филиалы болып қана қалды. Су арнасына қызмет көрсетіп тұрған кәсіпорындардың құлдырауы осы уақыттан басталып кеткені кездейсоқтық емес. Себебі «Қазсушар» РМК оны дербестігінен ғана айырып қана қойған жоқ, жыл сайын арна арқылы түсетін миллиардтаған теңге табысты жырып әкетіп, республикамыздың өзге өңірлеріне құйды. Ал арна бойында жылдар бойы еңбектеніп келген қызметкерлердің үлесіне ештеңе тимеді. Еңбекақы өспеді, технологиялық жабдықтарға күрделі жөндеулер жеткілікті жүргізілмеді.
Бір кемшілігі, арнаның мәселесі жыл сайын көтеріледі де, аяғы сиырқұйымшақтанып «жабулы қазан жабулы күйінде» қалып қоя береді. Бұл тарапта Сәтбаев атындағы су арнасы стратегиялық тұрғыдан еліміздің бірқатар өңірі үшін аса маңызды екенін, оның жұмысында кінәрат шықса, зардабын отандық үлкен өнеркәсіптер, қалалардағы миллиондаған тұрғындар тартатынын ескеруіміз қажет. Бүгінде су арнасы Павлодар, Қарағанды, Ұлытау облыстары мен Астана қаласына тіршілік нәрін жеткізіп тұрған жалғыз су көзі екені, бұған қоса Теміртау металлургиялық комбинаты, Екібастұздағы қос МАЭС-тің бұған байлаулы тұрғаны назарға алынса игі. Оның үстіне арнадан Ақмола облысының Қорғалжын көліне, Павлодар облысының Шідерті алқабына жыл сайын су жіберіліп, көлтабандар мен суармалы алқаптарды қамтамасыз етіп тұрғанын неге ұмытамыз?
Болашақта Астана бағытында жаңадан салынатын Софиевка су қоймасына дейін Шідерті арнасынан су тармағы жүргізіледі. Бұл жұмыстар, атап айтқанда, жобалау, құрылыс және одан арғы қызмет көрсету Қ.Сәтбаев атындағы су арнасына тікелей жүктелгені жөн болар. Ендеше, су арнасының кәсіпорнын жеке құру, оның әбден ескірген жүйелерін жаңартып, ұйымды дамытудың жөн-жобасы қайта жасалса деген тілек бар.
Павлодар облысы