• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 11 Сәуір, 2024

Алматыда өңірлік мерзімді басылымдар форумы өтіп жатыр

284 рет
көрсетілді

Алматыда Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің ұйымдастыруымен Өңірлік мерзімді баспасөз басылымдарының екінші республикалық форумы өтіп жатыр. Екі күнге жоспарланған ауқымды іс-шараға еліміздің аймақтарынан ақпарат саласын дамытуға үлес қосып жүрген медиа мамандар келді. «Мерзімді басылымдар – халық сауаттылығының қайнар көзі» атты тақырыпты қозғаған форумның алғашқы панельдік отырысына «Қазақ газеттері» ЖШС Бас директорының орынбасары Қамбар Ахмет модераторлық жасап, жиынның маңыздылығын атап өтті.

«Сапалы аудиторияны қамтитын баспасөзде, соның ішінде өңірлік басылымдарды дамыту – көкейкесті мәселе. Мемлекет тарапынан БАҚ саласын дамытуды қолдау бағытында бірқатар іс-шаралар атқарылып жатыр. Бүгінгі форум да Мәдениет және ақпарат министрлігі қолға алған кешенді шаралардың үлкен бір бөлігі. Былтыр елордада өткен алғашқы форум бүгін Алматыда жалғасын тауып отыр. Форумда мерзімді басылымдарды танымал ету, оқырман аудиториясын кеңейту, баспасөзді нығайтуда әлеуметтік желінің мүмкіндіктерін пайдалану, сонымен қатар, балалар басылымдары, басылымдарда сапалы контентті арттыру мәселелері талқыланады», деді Қамбар Жұмағалиұлы.

Форумның пленарлық отырысына Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақпарат комитетінің төрағасы Мейірлан Раханов, «Жас алаш» газетінің бас редакторы Алмас Нүсіп, «Мысль» журналының бас редакторы Асыл Сағымбаев, филология ғылымдарының докторы Орынай Жұбаева, «Дат» газетінің бас редакторы Құтмағанбет Қонысбаев, «Курсив» газетінің шеф редакторы Татьяна Николаева, «Казахстанская правда» газетінің фототілшісі Юрий Беккер қатысып, тілшілер кәсібінің маңызды қырлары туралы әңгімеледі.

«БАҚ – қоғам мен билік арасындағы алтын көпір, құлағы көзі. Сондықтан мемлекет ақпарат құралдарының еркін әрі сапалы жұмыс істеуі үшін әрқашан қолдауын көрсетеді. Өңірдегі халықтың көңіл күйі тілшілер жеткізетін ақпараттың сапасы мен сынына байланысты екені белгілі. Екі күндік форум алыс аймақтардан келген ақпарат өкілдері үшін жемісті әрі тиімді болады деп сенемін», деді Ақпарат комитетінің төрағасы М.Раханов.

Интернет русурстары мен әлеуметтік желідегі ақпараттар ағыны арасында басылымдарды бәсекеге қабілетті етіп, өз аудиториясын сауатты сараптама, зерделі зерттеулермен сусындатып, пайдалы ақпаратпен қамтамасыз ету – аймақтық медианың күн сайын қаузайтын мәселесі. Форумның алдағы отырыстарында спикерлер баспа басылымдарын танымал ету мен таратудың аймақтық қырларын, салалық журналистиканы дамытуды, баспа басылымдарын жетілдірудің жаңа тәсілдерін талқылайды.  Ашық пікірталаста мерзімді басылымдардың тыныс-тіршілігі туралы ойлар сарапқа салынады.

АЛМАТЫ