Астанада бокстан спаррингтік іріктеу бәсекесі аяқталды. Үш күнге созылған жекпе-жек лицензиялық турнирге қатысатын боксшыларды анықтап берді.
Бокс еліміздің басты спорты екені тағы бір рет дәлелденгендей. Ішкі спаррингтік іріктеу бәсекесінің өзі жанкүйерлер арасында үлкен қызығушылық туғызды. Ал лицензиялық турнирге қатысудан үміткерлер арасында спаррингтік бәсеке өткізу туралы бастама Қазақстан бокс федерациясының ашықтық ұстанымы болатын. Жекпе-жек үш күн бойы «qazsport» телеарнасында тікелей эфирде көрсетіліп, тіпті жеребе тарту рәсімінің өзі көпшілік назарына тікелей көрсетілім арқылы ұсынылды. Ұлттық құраманың бапкерлері де үміткер боксшыларды тағы бір бағалай алды.
Ерлер арасында спаррингтік кездесу 63,5 кг салмақ дәрежесінде өтті. Оған бес боксшы қатысты. Финалда түркістандық Мұхаммедсабыр Базарбайұлы мен жамбылдық Дулат Бекбауов кездесті. Алғашқысы осы салмақта өткен жылы ел чемпионы атанған. Ал бұған дейін 67 кило салмақта өнер көрсетіп жүрген Дулат үшін бұл жаңа салмақтағы бар болғаны екінші жұдырықтасу еді. Тартысты өткен жекпе-жектің бірінші раунды 3:2 есебімен Мұхаммедсабырдың пайдасына шешілді. Екінші раундта бес төреші де Базарбайұлының басымдығын байқады. Ал үшінші раундта 5:0 есебімен Бекбауов басым болды. Қорытындысында төрешілердің басым даусымен Мұхаммедсабыр Базарбайұлы жеңіске жетті.
Қыздар арасында спаррингтік бәсеке 4 салмақта өтті: 50 кг, 54 кг, 66 кг, 75 кг салмақ дәрежелерінде шаршы алаңға барлығы 18 боксшы шықты. Алдымен жеңіл салмақтағы боксшылар арасында жеңімпаз анықталды. 50 кг спаррингте Алуа Балқыбекова мен Назым Қызайбай сынға түсті. Төрешілер шешімімен Назым жеңіске жетті.
Сегіз боксшы қатысқан 54 кило салмақтағы бәсеке өте тартысты болды. Финалда Ұлжан Сәрсенбек пен Сымбат Әлиасқардың жолы түйісіп, түркістандық Ұлжан 5:0 есебімен басым болды.
66 кило салмақ дәрежесінде 5 боксшы сынға түскен еді. Финалда былтырғы спартакиаданың жеңімпазы, Солтүстік Қазақстан облысының өкілі Наталья Богданова қарағандылық Жасмин Қизатовамен кездесті. Төрешілердің хаттамасында 4:1 есебі тіркеліп, Богданова өзінің мықтылығын көрсетті.
Ал 75 килода үш боксшы бағын сынап, финалда астаналық Валентина Хальзова мен қызылордалық Гүлсая Ержан кездесті. Алғашқысы былтыр осы салмақта спартакиада жеңімпазы болған, екіншісі – 81 кило салмақ дәрежесінің үздігі. Алайда бір салмақ дәрежесіне төмен түскен Гүлжан ақтық айқаста Хальзоваға қарсылық көрсете алмады. Төрешілердің шешімімен Валентина жеңіске жетті.
Енді боксшылар Бангкокте өтетін әлемдік лицензиялық турнирге дайындалады. Спарринг жеңімпаздары бірінші нөмірлі ретінде тіркелмек. Дегенмен әйелдер арасында лицензиялық турнирде тағы бір салмақ дәрежесінде боксшымыз барады. Алайда 60 килодағы спарринг осы салмақтағы былтырғы чемпион Римма Волосенконың жарақатына байланысты кейінге қалдырылды. Спаррингтік кездесуді Волосенко оқу-жаттығу жиыны аясында тағы бір үміткер Виктория Графееваға қарсы өткізеді.
Бокстан Қазақстан ерлер құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжанов Астанадағы іріктеу турнирінің қорытындысы туралы өз пікірін білдірді.
«Іріктеу әділ өтті. Жанкүйерлер теледидардан қарап, кімнің қандай дайындықпен келгенін, қалай жұдырықтасқанын көрді. Ерлер арасында сынға түскен бес боксшы жақсы дайындықпен келді. Себебі әркім Олимпиадаға баруды армандайды. Барлығы қолдан келгеннің бәрін жасады.
Жеңімпазға келетін болсақ, Мұхаммедсабыр Базарбайұлы Италияда өткен іріктеуде сүрінді. Бұл жолы ол көшбасшылықты дәлелдеу арқылы тағы да өз мүмкіндігіне ие болып отыр. Біздің басты мақсатымыз – Олимпиадаға лицензия алу.
Дайындық жоспар бойынша өтіп жатыр. Куба және Өзбекстанмен бірлескен жиын өткіземіз. Содан кейін мамыр айында халықаралық турнирге қатысып, онда боксшылардың дайындығын тексереміз», деді М.Айтжанов.